КӨҢІЛ КӨРКЕЙДІ, СЕНІМ СЕРПІЛДІ

     Хантәңірі  етегі, Райымбек  баба  мекені  бүгінгі  таңда  қайта түлеп,түрлене  түскен. Өткен  жылдың  көктемінде  Елбасымыз  Н.Ә. Назарбаевтың  Жарлығымен  өз  алдына  аудан  болып  мәртебесін  қайтарып  алған   таулы  өңірде өркендеуге  лайық өзгеше  өмір, тынысы  бөлек  тіршілік  басталған. Күн  өткен  сайын  жаңғырып, жасара  түскен   аудандағы  жарқын  жаңалықтар  кімнің  де  болсын  жанын  жадыратып, көңілдерін  көркейте  түседі.Әркімнің-ақ, шаттықтан   жүректері  жарылардай. Күлімдеген  нұрлы  көздер, күн  шуағы  ұялаған  жарқын  жүздер  көкейдегі  қуаныштың  түп  төркінін  айтқызбай-ақ  аңғартады. Олай  болатын  жөні  де  бар. Бір  кездері  уақыттың  ыңғайымен  көрші  ауданға  біріктіріліп,оның  қилы  кезең, сүреу  соқпақтары  елдің  шеті,  желдің өтіндегі  қарапайым  ел-жұрттың  апшысын  қуырғаны  өтірік  емес. Салқыны  аудан  халқының  жанбағыс қамымен  басқа  жақтарға  ауа  көшуіне, жастардың  туған  жерден  кіндігін  үзуіне, ауылдың  азып-тозуына  соқтырғаны  айна-қатесіз  шындық. Міне, араға  жиырма  бір  жыл  салып  барып, мұндағы  ел-жұрттың  арманы  орындалды. Сөнуге  айналған  үміт  оты  қайта  тұтанды. Бұл  үшін  Райымбек  ауданы  тұрғындарының  ең  бірінші  Аллаға, екінші  халықтың  мұңын  мұңдап,  жоғын  жоқтаған, берген  уәдесін  орындау  үшін  жар  құлағы  жастыққа  тимей,бар мәселені  Елбасының  алдына  нақты  дәлелдер  арқылы  жеткізе,сөзін  өткізе отырып, орындалуына  мүмкіндік  тудырудың  жолын  таба  білген  Амандық  Баталовтай  азаматқа  айтар  алғыстары  шексіз.

      Ағымдағы  аптаның  сәрсенбісі  Нарынқол  ауылының  тұрғындары  үшін естерінде  ұзақ  сақталатын, жандарында  жаңғырып тұратын  сәтті  күн  болғаны  анық. Ауданды  бөліп, алдағы  жұмыс  жоспарын  айқындап  берген  Алматы  облысының  әкімі  Амандық  Баталов  араға  тоғыз  ай  салып  барып, Нарынқолға  атбасын  тағы  да  бұрды. Қыдырымпаздықпен  қызық  қуып, еріккеннен  ермек  іздеп емес. О  баста  өзі  белгілеп  берген  жоспарлы  жұмыстардың  қаншалықты  жүзеге  асқанын, тапсырманың  орындалуы  барысын  алыстан  бақылап, хабаршылардан  естіп  қана  отырмай,  өз  көзімен  көруге, мән-жайға   куә  болу  арқылы  қанығуға. Атқарылған  жұмысқа  тиісті  бағасын  беріп, олқы  тұстарды  тағы  бір  ширатып  алуға, жаңа  тапсырмалар  жүктеуге  келді.Қажетінше  көмек  қолын  тағы  да  созуға  келді. Өзі  ғана  келмей, облыс  орталығындағы  сан-салалы  басқарма  басшыларын, он  жеті  аудан  мен  Талдықорған, Текелі, Қапшағай  сияқты  қалалардың әкімдерін ерте келіп, жаңа  аудан  орталығындағы  жаңалықтарға  ортақтастырды. Жұмысының  «біссімілләсін»  Нарынқолдың  батыс  жағында  құрылысы  мамыр  айында  басталып, желтоқсанның  1-жұлдызында  Президент  күнінің  құрметіне  пайдалануға  берілген, өз  алдына  бір  көше  болып  бой  түзеген  20  үйден  бастады. Амандықтай  ардақты  азаматты  жандары  сүйе  жақсы  көретін  ауыл  тұрғындары  да  тайлы-тұяғымен  осы  жерден  төбе  көрсетіп, риясыз  пейіл, жүрек  жарды  ыстық  ықыластарын  арнады. Көптен  жерге  қонбаған  ақ  қардың  да  осы  сәт  сапалақтап  беруін  ақ  пейіл  жұртшылық   өңір  басшысы  ала  келген  аппақ  нұрға  балады.

      -Ауылдың  шетінде  бұрын  жалғыз  үй  отырып, өзімді  айдалада  отырғандай  сезінуші  едім. Міне, енді  іргемнен  бүтіндей  бір  ауыл  түсіп, бір  тайпа  ел  көшіп  келгеніне  жүрегім  елжірей  қуанып  жүрмін. Осынау  жақсылықты  жасаған  Елбасына,  Амандық  Ғаббасұлы  өзіңізге  айтар  алғысым  шексіз,-деген  ұстаз  Дәулет  Шәкенов  өңір  басшысына  ризашылығын  осылайша  білдірді. Сондай-ақ, Меймахан  Зординова, Балжан  Омарова  сияқты  ақ  жаулықты  аналар  ақжарма  тілектерін, Барақан  Қорабаев  сияқты  ақсақалдар   ақ  баталы  сөздерін  жүректері  жарыла  жеткізді. Ауыл  көшелерінің  негізгі  дені  асфальттелгені, жарықпен  қамтылғаны  да риза  көңілмен тұрғындар  тіліне  тиек болды. Ауыл  тұрғындарымен  емен-жарқын  әңгімелескен  Амандық  Ғаббасұлы:

      -Ықыластарыңызға  рахмет. Қуаныштарыңыз  көп  болсын,-дей  келе   аудандағы  атқарылуға  тиіс  жұмыстың  бұл  бастамасы  екенін, биыл  тағы  да  80  үй  салынатынынан  көпшілікті  хабардар  етті.

     -Аудан  құрылғалы  700  адам  көшіп  келіпті. Бұл  өте  қуанышты  жайт. Әлі  де  келем  деушілер  болса  жол  ашық. Жұмысшы-мамандарды  осында  шоғырландыру  ең  өзекті  мәселе. Ал,оларды  тұрақтандыру  үшін  бірінші кезекте  баспана  мәселесін  шешудің  маңызы  зор,-деп  сөзін  жалғаған  өңір  басшысы  биыл  аудан  орталығынан  жаңа  жобалы  спорт  кешені  салынатынын, «Жастар  жылының» құрметіне  Жастарға   қызмет  көрсету  орталығы,сондай-ақ, жаңа жобалы  аурухана  салынатынын айтты. Аталған  нысандардың  қадасы  ақпанның  20-нан  қағылып, құрылысы  наурыздың  20-да  басталатынын, тұрғын  үйлердің  қыркүйек  айының  аяғына  дейін,  яғни  суық  түспей  тұрып  пайдалануға  берілетінін, қазір  бұған  қажетті  жобалар  жасалып, жоспарлар  бекітілгенін, қажетінше  қаражаттың  бөлінгенін, әлі  де  бөлінетінін  айтып, көпшіліктің  қуанышын  бұрынғыдан  да  үстемелеп  берді.

      Облыс  басшысы  соңғы  үлгімен  салынған  жаңа  үйлерге  кіріп, тұрғындардың  қуанышына  ортақтастығын  білдірді. Жаңа  үйлердің  байғазысы  ретінде  ала  келген  теледидарларды  сыйлады. Жаңа  үйге  ие  болғандардың  бірі-аудандық  қаржы  бөлімінің  бастығы Ерлан Әлдибековтың  дастарханынан  дәм  татты. Тұрғын  үйлердің  салыну  сапасына  ризашылығын  білдіріп, осы  жұмыспен  айналысқан  адамдарға  алғысын  айтты. Келесі  кезекте учаскелік  полицияға  арналып жаңа  салынған  тірек  пунктіне  табан  тіреп,  жаңа  кеңсенің  құрылысына  қанағаттанғандығын  білдірді. Учаскелік  полиция  қызметкерінің  жұмысына  сәттілік  тілеп, қоғамдық  тәртіпті  сақтауда  мейлінше  қырағы  болуды  тапсырды. Әкім  сапары  бұдан  кейін  Шонжы  шекара  бекетіне  қарасты  Нарынқол  заставасына  да  ат  шалдырып, шекарашылардың  тыныс-тіршілігіне  назар  аударды. Шекарашыларды  ел  шетіндегі  тыныштықты  көздің  қарашығындай  сақтауға, сол  арқылы  жаңа  ауданның  дамуына  лайықты  үлес  қосуға  шақырды. Облыс  әкіміне  жолбасшы  болып  жүрген  аудан  әкімі  Жолан  Омаров  осы  жолы  аудан  орталығын  абаттандыру  барысында  осы  уақытқа  дейін  атқарылған, әлі  де  жалғасып  жатқан  жұмыстармен  жан-жақты  таныстырып  отырды. Жеткен  жетістік, орын  алған  кемшілік,шешімін  күткен  мәселелер  тасада  қалған  жоқ. Бәрі  саралаланды, салмақталды. Жоспарлы  шаралар  белгіленді, уақыт  мөлшері  межеленді.

      Тағы  бір  айтатын  жайт,облыс  әкімінің  тапсыруымен  облыстың  әр  ауданы тозығы  жетіп, пайдаларнудан  қалған  екі  қабатты  тұрғын  үйлердің  шатырларын  жаңалап, есік-терезелерін  бүтіндеуді, іші-сыртына  жөндеу  жұмыстарын  жүргізіп  беруді  жауапкершіліігіне  алған  болатын. Осы  уақытқа  дейін  екі  қабатты  төрт  тұрғын  үй  жөндеуден  өткізіліп, көрген  жанның  көзін  тойдыратын  дәрежеге  жеткізілгені  белгілі. Бұл  үшін  аудан  басшыларына, құрылысшыларға  алғыстан  басқа  айтар  жоқ. Амандық  Ғаббасұлы  жөндеуден  өткен  үйлердің  тұрғындарымен  де  жүздесті. Ой-пікірлеріне  құлақ  асты. Ақ  тілекке  толы  ризашылықтарын  шынайы  ықыласымен  қабылдады. Өздеріне  жүктелген  жұмыстарға  әлі  кірісе  қоймай  жайбарақаттыққа  салынып  жүрген  кебір  аудан  мен  қала  басшыларына  деген  ренішін  де  жасырып  қалған  жоқ. Алдағы  уақытқа  жоспарланып  отырған  аудандық  мұрағат, халыққа  қызмет  көрсету  орталығы, аудандық  аурухана, прокуратура  кеңсесінің  салынатын  орындары, жасалыннған  жобасы, белгіленген  жобасымен  танысып, жүзеге  асыруға  қатысты  жауапты  адамдарға  тапсырмалар  берді.

  Облыс  әкімі  Амандық  Баталов  аудан  орталығына  сапарын  аудандық  мәдениет  үйінде  әр  ауылдан  келген  тұрғындармен  бас  қоса  отырып  жалғастырды. Өзінің  тапсырмасын мүлтіксіз орындауға  барынша  мүдделілік  танытқан, соның  нәтижесінде  белгіленген  жоспарлы  жұмыстардың  көздеген  межеден  табылғанын  айта  келіп, ұтымды  ұйымдастырушылығы, талапшылдығы  мен  қажыр-қайраты  үшін  аудан  әкімі  Жолан  Омаровқа  шын  жүректен  алғыс  білдірді. Жиын  үстінде  аудан  орталығын  көркейту-көріктендіруге  қатысты  жұмыстар  көпшілік  алдында  тағы  да  пысықталды. Тұрғын  үй, республикалық  жолдардың, көпірлердің  аудан  аумағындағы  жөнделуі,ауылшаруашылығы  саласындағы  жұмыстар  әкім  сөзіне  өзек  болды. Аталған  салаларға  қатысты  жауапты  адамдарға  жаңаша  міндеттер  жүктелді. Таулы  өңірде  суық  ерте  түсетіні ескеріліп, тұрғын  үй  құрылыстарын  қыркүйек  айында  аяқтау  қажеттігін  сала  басшылары  мен  мамандарына  қатаң  тапсырды. Сөз  арасында  ауданның  аграрлы  аудан  екені, бір  кездері  ақтылы  қойы  өріске  сыймаса,қамбасы  астыққа, қоймасы  картопқа  аузы-мұрнынан  толатыны  әңгімеге  өзек  етілді. Сол  көрсеткішті  қайта  жандандырудың  жайы  да  сөз  болмай  қалған  жоқ. Өткен  жыл  аудан  диқандары  картоп  түсімін  гектарынан  300  центнерге  жеткізіп, бұрын  соңды  болмаған  рекорд  жасағаны  белгілі. Астық  өндіруде  де  нәрлі  нәтижеге  қол  жеткізді. Ал, мал  басын  көбейтуде  қиыр  жайлап,шет  қонған  төрт  түлік  иелерінің  қажырлы  еңбектерін  ештеңемен  теңгеруге  болмайды. Олай  болса, ауданның  қайта  түлеуі, көгеріп-көктеуі, мәдениетінің  көтерілуі, экономикалық  дамуы  осы  өңірде  ғұмыр  кешіп  жатқан  адамдардың  бәріне  ортақ. Сондықтан  басымызға  қайта  қонған  бақ құсымызды  аялай  білу, қадіріне  жетуді  әрқайсымыз  ортақ  міндет  санауымыз  керек. Ойын  осылайша  түйіндеген  Амандық  Ғаббасұлы  тәңіртаудың етегін  мекендеген  көпшілікті   алға  қойған  мақсаттың  орындалуы  жолында  жұдырықтай  жұмыла  еңбек  етуге  шақырды.  Дендеріне  саулық, отбастарына  жақсылық  тіледі. Жиын  барысында  сөз  алған  аудандық  ақсақалдар  алқасының  төрағасы, облыстық  мәслихат  депутаты  Бекболат  Бірбаев  пен аудандық  аналар  кеңесінің  төрайымы  Дина  Молдағожаева  ауданға  арнайы  атбасын  бұрып, қамқор  көңіл  білдіріп  отырған  облыс  басшысына  аудан  тұрғындары  атынан  алғыс айтып, келген  қадамына  құттылық, сапарына  сәттілік  тіледі.

      Иә, облыс  басшысы  Амандық  Баталов  ауданымызға  бұл  жолы  жасаған  жұмыс  сапарында  да  шешімін  күткен  бірталай  түйінді  мәселелердің  оң тайлы  жүзеге  асырылуының  нақты  бағыт-бағдарын  айқындап  берді. Жақсы  сөзді  жарым  ырысқа  балаған  қалың  қауымның  әкімнің  сөзі  мен  ісінде  алшақтық  болмайтынына  көңілдері  көркейді, сенімдері  серпілді.

                        Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,  Елдос  АХМЕТЖАН(фото)

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password