КӨГАЛДАНДЫРУ, ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ САРАЛАНДЫ

      Райымбек аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары мен ауыл әкімдері,құқық қорғау, денсаулық сақтау, басқа да құзырлы орын өкілдері қатысқан шарада екі мәселе назарға алынып, жетістік, кемшіліктер сарапталды. Жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Әділжан Нөкеев ашып, бастан-аяқ жүргізіп отырды.

    Күн тәртібінде «Аудан елді мекендерін көркейту-көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалығын жақсарту жұмыстарының орындалу барысы туралы» және 2021 жылғы шілде айында өткен қоғамдық кеңестің отырысында қабылданған қаулының орындалуы туралы «Аудандағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жағдайы туралы» қаралған екі мәселе бойынша Райымбек ауданының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй инспекциясы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінің басшысы Жалғас Сүлейменов хабарлама жасады.

     Ауданның елді мекендерін көркейту-көгалдандыру, абаттандыру, санитарлық тазалығы бойынша әр жылы көктем, күз айларында екі мәрте тазалық айлығы өткізіледі. Осы мерзім ішінде сенбіліктер ұйымдастырылады. Ағаш отырғызылады. Қоқыс тастайтын орындар күретіліп, жинақталады.

      Биыл аудан бойынша елді мекендерді абаттандыруға 34,258 млн. теңге бөлінген. Одан бөлек ауылдар жанындағы ретсіз төгілген тұрмыстық қатты қалдықтарды күретуге 11 млн. теңге, аудан орталығындағы көше шамдарының электр қуатын тиімді пайдалануға 8 млн. көгалдандыруға 3 млн. теңге қарастырылған. Дегенмен, аталған жұмыстардың талап деңгейінде жүзеге асырылуында жетістіктермен қатар кемшіліктер де аз кездесіп отырған жоқ. Мұның өзі мақсатты істің орындалуына кедергілер тудырып, кері әсерін тигізуде. Мәселен, қоқыс шығаруды міндетіне алған кәсіпкерлер материалдық базаның жеткіліксіздігінен жұмыстарын өз деңгейінде жүргізе алмай келеді. Нәтижесінде ауыл ішіндегі қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтардың уақытында сыртқа шықпай қалу жағдайлары жиі кездесіп отырған жайы бар. Мұндай жайт аудан орталығын былай қойғанда елді мекендердің бәріне де тән. Сондықтан алдағы уақытта әр елді мекенде қоқыс шығарумен айналысатын мекеме құрылуы қажет. Бірақ ауылдық округтерде осы бағытта жұмыс жүргізілмей келеді. Осынау кемшіліктерді жою мақсатында аудан аумағынан орталықтандырылған тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап, сұрыптайтын орталық ашу жоспарлануда.

      Хабарламашы бұдан кейін көгалдандыру жұмыстарының барысын да сөзіне арқау жасады. Аудан орталығынан бастап елді мекендерде көктемде отырғызылған жеміс ағаштары мен тал-теректер, қайың, шыршалардың өсіп-өну барысына көпшіліктің назарын аударды. Отырғызылған ағаштардың өсіп-өнуі төмен екендігі туралы нақты дәлелдер келтірді. Барлық ауылдарда отырғызылған ағаштардың көгеріп-көктеуі 60-80 пайызды ғана құрайды. Бұдан шығатын қорытынды-мақсатты жұмыстардың орындалу деңгейінің төмендігі екенін көрсетеді. Кейбір ауылдық округтерде мал өлекселерін тастайтын арнайы орын жоқ. Кейбіреулерінде арнайы жасақталған орын толып кеткен. Соның салдарынан мал өлекселері сыртқа тасталатын жайттар жиі кездеседі. Сондай-ақ, қоқыс тастайтын орындарда бақылаудың жоқтығынан жөнсіздіктерге жол беріліп келеді.  Нәтижесінде қалдықтар мен қоқыстар сыртқа шашылып, ауаның, өзен-көлдердің, орман-тоғайдың ластануына жол берілуде.

   Жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді қатар баяндаған Ж. Сүлейменов қаралған мәселелер бойынша алдағы кезеңге белгіленген міндетті жұмыстарға да тоқталды.

     Хабарламадан кейін сөз алған аудандық аурухана директоры Жантас Әкімбаев, қоғамдық кеңес мүшелері Серік Садыбаев, Мұрат Малдыбаев, Ұлықпан Әбек, Бекболат Бірбаев, Айыпжан Қаптағаев, аудандық мәслихат хатшысы Гүлнара Арипова, аудан прокуроры Әлібек Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары Ғалым Жусанбаев, Самат Сатылғанов, басқа да адамдар қаралған мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Тазалық – денсаулық кепілі. Ауру-сырқау, түрлі дерт-дербезенің көпшілігі осы тазалықтың тиісті дәрежеде сақталмауынан орын алатыны айтпаса да түсінікті. Ауылдың іші-сырты, айналасы таза болса, өкінішті жағдайлардың орын алмайтыны да анық. Сондықтан тазалық мәселесі әрдайым басты назарда болғаны, құзырлы орындардан бастап, қарапайым тұрғындардың осынау өзекті мәселені назардан шығармай, мүдделілік танытқаны абзал екендігін еске салды.

      Райымбек аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті қарар қабылданды.

                                                                          Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                             арнаулы тілшіміз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password