ІЗІҢ ҚАЛДЫ АРТЫҢДА

        Азаматым, жан бауырым, Бағланым,

        Орындалмай қалды талай арманың.

        Иманды бол! Жаның болсын жәннатты!

        Батырханың орындасын арманыңның қалғанын!– дейді жүректен шыққан азалы үн. Көлдей көңілі, таудай тұлғасы, мінсіз мінезі келісті арда азаматтың арамызда жоғына төрт жыл. Төрт жол өлеңнің өрнегі қысқа ғұмыр кешкен Бағлан Бақытжанұлының өмірін шерлі шиырлап бергендей. Әпкесі Тұрсынханның жан бауырға жолдаған жыр жолдарынан осыны ұққандаймыз. Алланың өлместі жаратпайтынын, ұстаның тозбасты соқпайтынын тағы бір мәрте мойындағандаймыз. Бағлан марқұмның әкесі Бақытжан Бәйділдаұлы мен анасы Тұрсынхан Қуанышова бауыр ет баласы туралы барынша толғанса, марқұмның жары Жадыра Қайратқызы мен ұлы Батырхан Бағланұлының көзінен әкеге деген сағынышты сездік.

        Небары 28 жас қана ғұмыр кешкен азаматтың артында қалған ұлына, ет жақындарына, сауапты іс жасаған құрбы-құрдастарына, сыныптастарына, өзі еңбек еткен Қызылұш 97617 «В» әскери бөліміне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды». Осы мақсатта, марқұмды еске алуға арналған кіші футболдан турнир болды.

       Нарынқолдағы жаңадан ашылған дене шынықтыру сауықтыру орталығында ұйымдастырылған турнирге Кеген ауданынан, әр ауылдық округтерден 16 команда қатысты. Барлық қатысушы өрендерге Кенжебек Оңалбаев, Амангелді Солтанқұлов, Ерніс Тұңғатаров сынды спортшы ағалары сәт-сапар тіледі.

        Жасанды алаңда жасындай жарқылдаған жігіттерден сен тұр, мен атайын деген мінез көрдік. Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтау оңайға соқпады. Итіс-тартыс ойынның қызығы жүлделі үш орынға таласта туды. Доп додасында асығы алшысынан түсетін сарыбастаулықтардың, сарыжаздықтардың жолы болмады. Өрнекті ойын көрсететін сүмбеліктер мен қаратоғандықтар да қалыс қалды. Доп домалақ демекші, баптары мен бақтары келіскен үш команда ғана қарсыластарынан қара үзіп, финалға шықты.

       Таразы басын тең басқан ойын кеш батқанша созылды. Намыс додаға түскенде аянып қалмаған аяқдопшылар барын салды. Құйысқан тістескен үш команда жанкүйер қауымның назарын аударды. Ойын тағдырын тағатсыздана күткен көрермен, жігіттерге бәрекелді десті. Сөйтіп, көптің қошеметінен күш алған сүмбелік сайыпқырандар төртінші, «Кеген» футбол командасы үшінші орынға ие болды. Орта жастағы жігіттерден құралған «Нарынқол-2» мен жастардан жасақталған «Нарынқол-1» командалары жүлделі бір мен екіні өзара бөлісті.

        Жеңімпаз командаларға арнайы кубок пен қаржылай сыйлықтар, диплом, медальдар табысталды. Оның ішінде, Ерніс Тұңғатаров, Талғат Мұқашев, Амангелді Солтанқұлов, Абылай Төлебеков, Әкімбек Мұқашев үздік шабуылшы атанса, Ертай Талғатұлы үздік қақпашы деп танылды. Ал үздік қорғаушы мен үздік ойыншыға Жәніби Марат пен Мадияр Бақытбек лайық болды.

        «Парасат қайда болса, ұлылық сонда, білім қайда болса, биіктік сонда» дейді. Парасат пен білімді тең тізгіндеген жастардың жақсылы ісі жан жылытты. Алдағы уақытта да ауызбіршілікті ту еткен жігіттер абырой биігінен аласармайды деп сенеміз.

Серікжан МУРАСИЛОВ,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password