ІЗДЕНІСТІҢ ИГІЛІГІ КӨРІНУДЕ

  Кабинеттегі телефон шырылдағасын тұтқасын құлағымызға тостық. Хабарласып тұрған аудандық аурухананың директоры Жантас Әкімбаев екен. Ертең аудандық ауруханада өт-тас жолдарына ота жасау жұмысы атқарылатын болыпты. Бұл біздің таулы өңіріміздегі денсаулық сақтау саласы үшін тың бастама көрінеді. Реті келсе, осы бір игілікті іске куә болып, аудандық газет арқылы тұрғындарды құлағдар жасасаңыздар деген ұсынысын айтты. Ұсынысын жылы қабылдап, белгілі уақытта діттеген жерден табылуға уәде бердік.

        Аудандық аурухананың тарихында адам жанын арашалаудың қилы-қилы тәсілдері іске асып, нәтижесін беріп келе жатқанын білеміз. Науқастанып дәрігердің алдына барған адамдар дерт-дербезеден құлан-таза айығып, отбасына, ортасына қуанышпен оралып жатады. Небір жарық дүниемен қоштасамын-ау дегендердің өздері де осы жердегі білікті, тәжірибелі дәрігерлердің ем-домынан кейін, жарық дүниенің жүзін жаңа көргендей әсерге бөленетінін жоққа шығара алмаймыз. Осының бәрі де ауруханадағы ізденісті еңбектің нәтижесі арқылы жүзеге асып жататыны тағы рас. Бұл орайда білім-білігі мен қарым-қабілетін, тәжірибесін халыққа қызмет етуге, денсаулығының ақаусыз болуына арнап жүрген емдеу орталығының дәрігерлері мен орта буын қызметкерлеріне, жедел жәрдем қызметіне, тазалығын қамтамасыз ететін жандарға емделушілер тарапынан айтылатын алғыстың шет-шегі жоқ. Сондықтан, ақ желеңді абзал жандар қашанда зор құрметке ие.

       Уәде бойынша айтқан уақытта ауруханадан табылдық. Бүгін мұнда 6 адамның өт-тас жолдарына ота жасалады екен. Алғашқы ота да жасалып, Сүмбе ауылынан келген Майра Байлароваға осы қазір ғана палатаға жатқызылыпты. Жағдайы жақсы көрінеді. Тән жарасынан жаңа ғана айығып шыққан азаматшаны әңгімеге тартып, мазалағымыз келмеді. Денінің саулығын, аурудан құлан-таза айығып кетуін тілеп, ота жасалып жатқан жерге бас сұқтық. Мұнда адам жанына араша түсіп, апы кіріп, күпі шығып жүрген ақ желеңді жандардың айналасына қарауға мұршалары жоқ. Бәрі де ота үстелінде жатқан науқастың үстіне төне түсіп, қызу жұмысқа кіріскен. Мақсаттары ортақ. Жауапкершілік жүгі салмақты. Өт-тас жолына жасалатын күрделі отаның сәтті болуы. Біреулері қолындағы ота жасау құралымен бауыр тұсын тіліп, осы арада тұрған кеселді ағзадан алып тастау үшін бар тәжірибесін салып жатса, екінші біреулері берілген наркоздың нәтижесін қадағалауда. Келесілері отаға қажетті құралдарды дәрігердің қолына дер кезінде ұстатып, әр қимыл-қозғалысқа ұқыптылық танытуда. Ота жасауға Алматыдан арнайы шақырылған жоғары санатты хирург-дәрігер Нұрбол Абайұлы Нұржанов өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген жан екені көзге ұрып тұр. Күрделі отаның бел ортасынан табылып, өздерінің міндеттерінің мінсіз болуы үшін тағылымды тәжірибелерін ортақ іске жұмылдырып жүрген аурухана директорының орынбасары Айнабеков Төлебай Қанапияұлы, Бөгенбаева Гауһар Әбдікәрімқызы, хирург Айдарова Айжан Бейбітқызы мен Дүйсеннұр Шынжырбаев, Жангелді Қыдырбаев, Тұрар Амантайұлы сияқты наркоз беруші білікті дәрігерлер мен ота жасау медбикесі Сәуле Юсупақыновалар денсаулық сақтау саласының шынайы мамандары екендерін көрсетуде.

       Өт-тас отасы бұрын аудандық ауруханада жүзеге асырылмағаны белгілі. Бұл науқаспен ауырғандарға ота жасау аурухананың жолдамасымен Алматыдағы атағы дардай ауруханаларда немесе ғылыми институттарда орындалып келген еді. Енді міне, аурухана директоры Жантас Нұрланұлы Әкімбаевтың бастамасымен науқасты сонау 400 шақырымдағы Алматыға әурелемей-ақ, күрделі отаны жергілікті жердің өзінде жасаудағы бастамасы нәрлі нәтижесін беруде.

        — Өт-тас отасы осымен екінші рет жүзеге асырылып отыр. Осыдан бір ай шамасы бұрын үш адамға жасалған еді. Олардың бәрі сәтті болды. Мынау екіншісі. Күрделі отаны өзімізде жасау үшін ең алдымен науқас өзімізде жан-жақты тексеруден өткізіледі. Нәтиже беру бермеуі анықталады. Сосын, науқастың ота жасауға келісімі сұралады. Келіскенде ғана жұмыс қолға алынады, — дейді директордың орынбасары, травматолог-дәрігер Айнабеков Төлебай Қанапияұлы.

       Дәрігердің айтуынша аурухана мамандары ота жасауда осымен ғана шектелмек емес. Алдағы уақытта отаны кесу жолымен емес, тесу жолымен, медицина тілімен айтқанда эндоскопиялық жолмен жасаудың жолдарын қарастыруда екен. Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшы- ларымен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Сондай-ақ, сынған, мертіккен сүйектердің де жеңіл-желпісі болмаса, аса ауыр деп табылғандарына бұрындары Алматыда ғана ота жасалып келсе, екі жылдан бері бұл жұмыс аудандық аурухананың өзінде іске асырылатын болыпты. Бұл жұмысқа тәжірибесі жет- кілікті мамандар тартылған. Сонымен қатар медициналық құрал-жабдықтардың жаңартылған түрімен де аудандық аурухана молынан қамтылыпты. Былайша айтқанда, науқастарға да, дәрігерлерге де еш алаңдауға негіз жоқ.

       Иә, аудандық ауруханада адам жанына араша тұрып, өмір сыйлау жолында қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл сүйсінеді. Осының бәрі де ақ желеңді абзал жандардың ізденісті істерінің игілігі екені анық. Оны осы жерге келіп ем-дом алып, дәрігерлердің қолдарының шипасын көрген адамдардың алғыс-сезімге толы ықылас пейілінен де айқын аңғаруға болады. Біз аудандық ауруханаға барған сапарымыздан «еңбектерің жемісті, әр істерің жеңісті болсын, ақ желеңді абзал жандар!» деген ақ ниетпен редакцияға оралдық.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password