Өңір спортшыларының қоржынында 2085 жүлде бар

        Бүгінде облысымызда спортпен жүйелі түрде 667 428 адам шұғылданады. Жыл басынан бері 12 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 99 спорт шебері, 271 спорт шеберлігіне үміткер және 119 бірінші дәрежелі спортшы дайындалды. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында мәлім болды.
Алматы облысының спортшылары жыл басынан Халықаралық және Республикалық жарыстарда 677 алтын, 600 күміс, 778 қола медальға қол жеткізіп, барлығы 2085 жүлдені қоржынға салды.
Алматы облысында дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін 3718 бірлік спорттық құрылымдар бар. Естеріңізге саламыз, Жетісу өлкесінде 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ел игілігіне берілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Талдықорған қаласында орталық Азияда теңдесі жоқ жабық жүзу бассейнінің құрылысы аяқталып, салтанатты түрде ашылу салтанаты өтті.
Ендігіде, аймақта шайбылы хоккеймен айналысуға кеңінен мүмкіндік берілмек, 2022 жылға қарай Қаратал шағын ауданында шайбалы хоккейге арналған жабық жаттығу залы қолданысқа беріледі. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, аталған нысан «ICEPRO» ЖШС жеке компаниясының қаражаты есебінен салынуда. Сондай-ақ, 4 ДШСК-нің құрылысы жүргізілуде.
«Ағымдағы жылы облыстың кәсіби спорт клубтарының бюджетін қысқарту бойынша шаралар қабылданды. Үнемделген қаржы бұқаралық спортты дамытуға бағытталмақ. Бұл мақсатта 1124,6 млн. теңге қаржы бөлінді. 118 ауылдық елді мекенінде «StreetWorkout» спорт алаңдарын орнатуға 361,5 млн. теңге, 35 ауылдық елді мекенде шағын футбол алаңдарын және спорт алаңдарын орнатуға 374,9 млн. теңге көзделген, сондай-ақ Алакөл ауданының Лепсинск ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу бойынша жұмыстарды бастауға 388,2 млн. теңге бөлу қарастырылған»,-деп атап өтті Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының орынбасары Алмат Үшкемпіров.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password