Індетті көп болып жеңейік!
Коронавирус індеті жер жаһанды құрсаулап, ахуалды күннен-күнге қиындатып бара жатқаны бәрімізге белгілі. Пандемияның қыспағында тұрған еліміз де індетке қарсы күресті күшейтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына наурыз айында індетпен күресуге қарсы үндеу тастады. Жер –жаһанда коронавирус пандемиясы «үстемдік құрған», ел басына күн туған осынау шырғалаң шақ бірлігіміз бен елдігіміз сыналған кезең болды. Адамзатқа зор зардабын тигізген бұл ортақ жаумен бүкіл әлем бірігіп күресіп жатқанымызға бір жыл толды. Пандемия басталғалы бері Қазақстан әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткергенін, мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдағанын мәлімдеді. Өршіген індетті береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында еңсердік. Қазір дүниеде геосаяси дүрбелең алып, халықаралық тартыстар шиеленісе түсуде. Коронавирус індеті өршіп, әлем экономикасындағы дағдарыс күшеюде. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан халқы барлық сын-қатерлерге төтеп беру үшін бірлігін бекемдеп, қайсарлық танытуы қажет.
Дегенмен, дауасыз дерттің қатері әлі де сейіле қойған жоқ. Ал бұл дерттен құтылудың бірден -бір жолы вакцинациялау. Сондықтан, бұл індетке бірлесіп қарсы тұру-ортақ міндетіміз болып табылады. Осындай қиын-қыстау сәтте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір ниет, бір тілекпен қолға алған істі атқаруға құлшынуымыз керек.
Вакцина –індетке қарсы ең тиімді тәсіл. Осы орайда Райымбек ауданы Көксай орта мектебі індетке қарсы күреске белсене атсалысып, ұжым бойынша отыз бес мұғалім, он жеті техникалық қызметкерлері мен мектеп жанындағы балабақша тәрбиешілері белсенділік көрсетіп «СпутникV» вакцинасын алды. Оның ішінде төрт мұғалімге денсаулығына байланысты шектеу берілді. Бұл шарада вакцинаның адам денсаулығына пайдасы болмаса ешқандай кері әсері жоқ екендігіне көз жеткіздік. Бұл ұжымдық жұмыста үгіт-насихат жұмысының маңыздылығы айқындалды.
Біз ел-жұртты дүрліктіретін әрекеттерге қарсы тұрып, әлеуметтік желіден келген кері үгіт-насихаттарға сенбеуге шақырамыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылуға тиіс. Райымбек ауданы мұғалімдері мен басқа мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындарын вакцина алуға шақырамыз. Індетпен күресу үшін қиындықты бәріміз бір халық,бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз.Бұл –уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек.
Алма Байтөлекова,
Көксай орта мектебінің директоры.
0 Пікір