Хирургия бөлімінің бір күні

 Аудандық аурухананың үшінші қабатындағы хирургия бөлімінің әр бөлмесі қашандағысындай бүгінде қарбаласқа толы. Емделіп жатқан түрлі дәрежедегі сырқаттардың денсаулығын түні бойы кірпік қақпай күзетіп шыққан білікті дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің де, тіпті тазалықшылардың да бет әлпеттерінен шаршағандық пен қажығандық нышаны байқалмайды. Қайта, өмір мен өлім арасындағы итжығыс айқастың бел ортасынан табылып, ауыр науқастың жарық күннің дидарын қайта көруіне жол ашқанын, асантынан келген ажалға араша тұра білгендерін үлкен ерлікке балайтындарын жайдары жүздері мен күлім қаққан жанарлары арқылы аңғартып, көңілдері гүл-гүл жайнайды. Мейірбикелер мен мейірағалардың  қимыл-қозғалыстарында іркіліс жоқ.  Ақ желеңді абзал жандардың шипалы қолдарынан сырқаттарының беті бері қарағалы түні бойы тәтті ұйқының құшағына бөленген адамдарды аялай оятып,ертеңгілік ем-домын жасауда.  Дене қызулары мен қан қысымдарын тексеріп,әрқайсысының денсаулық барысын арнайы қағазға түсіруде. Тазалықшылар да өз міндеттерін мінсіз атқарып, жұмыстарынан ақау шықпауын барынша қадағалауда. Сөйтіп, келесі күнгі кезекке келетін әріптестеріне жұмыстарын кемшіліксіз өткізіп берудің қамына кіріскен.

    Сағат — ертеңгі — 9. Күнделікті тынымсыз тіршілік жүрісінен жаңылмай бүгін де жалғасын тауыпты. Хирургия бөлімінің меңгерушісі, өз ісінің бесаспап маманы саналып келе жатқан білікті хирург Иманәлі Таласбаев қарамағындағы дәрігерлер мен орта буын қызметкерлерін ілестіріп, әр бөлмедегі  емделіп жатқандардың денсаулығын тексеруге кіріскен. Әрқайсымен емен-жарқын амандасып, көңілін сұрайды. Кеше ғана өз қолымен ота жасағандардың бүгінгі ахуалын байқап көреді. Дидарынан дәрігерге тән жылылықтың лебі есіп,ем көмегімен қоса сөз көмегімен де көңілдерін демдейді. Науқастарынан күні ертең-ақ, құлан таза айығатындарын, орталарына аман-есен оралып, бақуатты тіршілік кешетіндеріне сендіре ыстық ықыласын арнайды. Жанында жүрген әріптестеріне сырқат жандардың бүгін қандай ем қабылдайтынын, не ішіп, не қоятыны туралы нақты тапсырмалар береді.

    -Қазір хирургия мен гинекология бөлімінің жұмысын қатар алып жүрудеміз. Біз үшін аурудың ауыр-жеңілі, үлкен-кішісі жоқ. Ең басты мақсатымыз – алдымызға ауруына араша іздеп келген сырқатқа дер кезінде қол ұшын беріп, дертінен құлан-таза айығуына жол ашу,- дейді Иманәлі Қатубекұлы. Дәрігердің айтуынша осы мезгілде хирургия бөлімінде әртүрлі дәрежеде 25 адам ем алып жатыр екен. Олардың арасынан іш құрылысы ауырып келгендерін де, сүйектері мертіккендері мен күйікке шалынғандарын да кездестіруге болады. Біреулеріне дер мезгілінде ота жасалса, енді біреулері іші-сыртынан түрлі дәрі-дәрмектер қабылдап, дертіне шипа іздейді. Жалпы хирургия бөлімінде жыл сайын 1000-ға жуық адам емделіп, сырқатынан айығып шығады екен. Биыл осы уақытқа дейін 270-тен аса адам түрлі дәрежеде ем алыпты. Әрине, дәрігер үшін керегі аурудың саны емес, ауруына шипа тауып, құлан-таза айыққаны. Сондықтан мұндағы жоғары, орта буынды болсын, дәрігерлердің әрқайсысы-ақ,       Гиппократ антын берік ұстануға белді бекем буған жандар. Хирургия саласының жілігін шағып, майын ішкен марқұм Болат Әлдибеков, аудандық емхана екінші үйіндей болып кеткен жоғары санатты хирург Әнуар Оспанов, Серікбай Монтаев, Бейқұт Исенбаев сияқты білікті дәрігерлердің ісін жалғастырып келе жатқан Иманәлі Таласбаев осынау өзі басшылық жасап жүрген бөлімнің жетістігін жеке өзінің білім-білігі, тәжірибесімен ғана өлшеуден аулақ. Мына бір жағымды жаңалықты  айтпай кетуге болмас. Ауданымыздың тумасы, травматолог маман Жантас Әкімбаев аудандық ауруханаға басшылыққа келгелі бері сыныққа ота жасау жұмысы бұрынғыдай Алматыға шапқыламай, осы бөлімнің өзінде жүзеге асырылатын болыпты. Бәрін де хирургия бөлімінде бұрын-соңды еңбек етіп келе жатқан ақ желеңді абзал жандардың ізденісті еңбектерінің нәтижесі деп санайды. Реаниматолог Дүйсеннұр Шынжырбаев, гинекологтар Ботбаева Назгүл, Руслан Сайлаубайұлы, Жанкелді Қыдырбаев, емдеу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Тұрлыбай сияқты дәрігерлердің осынау жан алысып, жан беретін бөлімге көрсетер көмектері де айтуға тұрарлық. Тағы бір айтар жайт,хирургия бөлімі өткен жылы жаңа оқу бітірген Руслан Мырзакелдиев, Бекполат Умаров сияқты хирургтармен толыға түсіпті. Бұл да болса, айрықша бөлімнің жұмысына қосылған тың күш екені анық. Қазір хирургия бөлімінде жоғары буынды дәрігерлермен қатар, 12 орта буынды , 7 кіші буынды қызметкерлер жұмыс істейді. Бәрі де өз істерінде тәжірибелері мол, жауапкершілікті жете сезінетін жандар. Аға мейірбике Назгүл Мержанова, мейірбикелер Лена Мешетова, Нұрима Күреңкеева, мейірағалар Серікбол Әбіш, Дарын Нысанбай, Бағдат Ерланұлы,тазалықшылар Ләззат Жандеуова, Әсия Үмбетәлиева, Зәмзәгүл Әбіқасоваларға емделуге келгендердің айтар алғыстары мол.

     Иә, аудандық аурухананың хирургия бөліміндегі жұмыс әр күні осылайша қарбаласпен өтеді. Өйткені, мұнда өмір мен өлім таразы басында тұрып, арпалысқа түседі. Көп ретте, өмір атты өрнекті ұғым жеңіске жетеді. Ал, бұл жеңіс бөлімдегі ақ желеңді абзал жандардың адам жанына араша түсе білер білім-біліктері мен тәжірибелерінің, ақ ниеттерінің нәтижесі екені талас тудырмайтыны тағы да анық.

                                                           Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                            Елдос  АХМЕТЖАН,

                                                                  «Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password