ХАНТӘҢІРІ  ЕТЕГІНДЕ  ТУҒАН  ҰЛ

      Өз тұсында Нарынқол, Кеген өңірінің жұртшылығына өнерімен де, суретшілік қырымен де жарқырай танылған Әбіш Мейірманұлымен сырттай таныс едім. Жақында қара шаңырағында болып, емен-жарқын әңгімелесіп, өмір жолына жап-жақсы қанық болдым. Ешкімді жатырқамайтын, жанына жақын тарта әңгімелесетін, қара торы жүзінен мейірім шуағы сезіліп тұратын ағамызды осы бір жүздесуден-ақ жақсы көріп кеттім.

       — Әбіш аға, қай жерде дүниеге келдіңіз?-дедім, алғашқы сауалымды ортаға салып.

       — 1947 жылы тұп-тура Хантәңірі шынының етегіндегі Жарқұлақ деп аталатын алтын кенішінде туылыппын. Мына жағын Асутөр дейді, екінші жағы Мейірманның сайы, Мейірманның жазығы деп аталады. Айналайын, әкемнің жүрген жерлері-ғой. Бес жасыма дейін сол жерде тұрдық. Әкем алтын кенішінде жұмыс істеді. Анамның аты Сейілман болатын. Ол өлкенің табиғатын тілмен айтып жеткізу қиын. Көк тіреген алып шыңның әсері айқын сезілетін. Шіліңгір шілдеде, аптапты тамыз айының өзінде денеңді тоңазытардай суық болып тұратын. Аңғардан есіп тұратын салқын самалын айтсаңызшы?! Көп жылдар болды Хантәңірі шыңы жаққа ат басын бұрмадым. Әлі де болса әке-шешемнің жүрген жерлерін бір көріп қайтсам деп армандап жүрмін. Сол алтын кенішінде әлі де алтын сүзіп, алтын жинап жатқан құрылымдар бар. Менің сабаққа баратын уақытым таянғаннан кейін әке-шешем Қаратоған ауылына қоныс аударды.

       — Мектепті қай ауылда бітірдіңіз?

       — Біз көшіп келген Қаратоған ауылында бастауыш мектеп болды. Әріп танып, білім жолына қадамым осы жерден басталды. Одан кейін Жамбыл ауылындағы қазіргі Сағат Әшімбаев атындағы орта мектепті бітіріп, үлкен өмірге жолдама алдым, — дейді ағамыз өткен күндеріне көз салғандай.

       Біз сөз етіп отырған Әбіш Мейірманұлы кішкентай кезінен өнерге ерекше ынтық болып өсіпті. Құлдыраңдаған құлын кезінен-ақ домбыраны меңгеріп алған. Қоңыр домбырасына қосылып ән айтатын дәрежеге жеткен. 1-сыныпқа «Кеңес», «Қосалқа», «Келіншек» секілді күйлерді тартып, домбыраны жақсы меңгеріп барған. Балғын домбырашы, нәзік те жағымды үнді әнші бала мектептің үміт күткен белсенді оқушыларының бірі болды. Болайын деп тұрған қара домалақ ауыл баласы сурет өнеріне деген таудай талабымен де танылды. Мектепте шығып тұратын қабырға газетінде Әбіштің талай-талай қолтаңбасы қалды.

        — Кішкентай кезімде кәдімгі жанған ағаштан қалған көмірді қолыма алып көзіме түскен дүниенің нобайын айнытпай келтіріп, үйдің сыртына сурет сала береді екенмін. Үйдің шаруасымен айналысып, бір уақытта далаға шыққан анам оны көріп, мені қуа жөнелетін. Ұрсатын. Енді жап-жақсы ақтап қойған үйдің сыртын қара күйе жасағанға кім ренжімейді дерсің. 6-сыныпта оқып жүрген кезімде Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың суретін салғаным ойымнан кетпейді. Сондай күндер басымыздан өтті,-дейді Әбіш аға жылы жымиып қойып.

        Өнерге ерекше құштар көңілді Әбіш аға қазіргі Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесін халық аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бойында күш-жігері тасқындаған, ақылды, ойлы, өнері де толысқан азаматты туған ауданы жылы қарсы алды. Өзінің балалық, жастық шағы өткен Қаратоған ауылындағы клубтың меңгерушісі болып бекітіліп, өнердегі жолын бастап кетті. Әлі есінен кетпейді. Өз тұсындағы мәдениеті дамып, өнері өркендеп келе жатқан Нарынқол ауданы Қазақстан Республикасының атынан Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық жетістіктер көрмесіне қатысқан екен. Бұл 1970 жыл болатын. Сонда Нарынқол ауданының мәдениеті мен өнеріне елеулі еңбегін сіңірген әйгілі музыкант Қойшыбай Тиязовтың басқаруындағы 80 адамдық оркестр өнерін көрсетті. Хоры бар, биі бар бұл концерттік бағдарламаға Қойшыбайдың жұбайы Зайда Тайшабарова да үлкен үлесін қосқан. Әбіш аға сол оркестрде контрабас аспабында ойнады әрі ән айтып, халық шығармашылығының Бүкілодақтық І фестивалінен лауреат атанып қайтты.

        — Әбіш ағаның жас кезінде дауысы тым ерекше болды. Тау өзеніндей екпінді, әуезді үні көрермен қауымды жалт қарататын. Әсіресе, Біржансалдың «Жоныпалды» атты әнін айтқан кезде жұрт өзгеше ықыласпен ұйып тыңдап қалушы еді. Қазір де саптан түскен жоқ. Ағамыздың арқасы бір қызса, отырған жерін желпінтіп тастайды,- дейді әңгімеге араласқан белгілі өнер иесі, Бөлексаз ауылдық мәдениет үйінің директоры, Әбіш ағаның шәкірттерінің бірі Қызай Бейсенов.

        — Сол Нарынқол өңірінде жүрген кезіңізде ерекше есте қалған жайттар бар ма?- деп тағы бір сұрақты көлденең тастадым.

        — Бар. Неге болмасын. Мәскеуден келгеннен кейін көп ұзамай армия қатарына шақырылып, Семей қаласының маңындағы Үшарал қаласына орналасқан арнаулы полктің құрамында азаматтық борышымды өтедім. Одан келе салғаннан соң, Жамбыл ауылындағы мәдениет үйінің меңгерушісі болып жұмыс істедім. Сол шақта жастардың гитараға деген, вокалды аспаптар ансамбліне деген ықылас-пейілдері ерекше болды-ғой. Соның әсері болар, Жамбыл ауылындағы мәдениет үйінің жанынан «Эдельвейс» атты вокалды эстрадалық аспаптар ансамблін құрдым. Жетекшілік жасадым. Сол кезде Ескен Әбдірахманов, Нұрлан Мәлібеков, Нұрқияс Тұңғышбаев, әнші Хасен Ордабаев, жүргізуші Бауыржан Қаптағаев, әнші, домбырашы Биғайша Медеуова, Бақытгүл Ноғайбаева, биші Айсұлу, Нестай секілді өнерлі жастар ансамблдің құрамында болды. Айта кетпесек болмайды. Тура сол кезде Нарынқол аудандық мәдениет үйінің жанында «Көңіл ашар» атты эстрадалық ансамбль жұмыс істеді. Ансамблге арнайы оқу орнын бітірген білікті маман Бақытжан Текесбаев жетекшілік жасады. Қасымда отырған Қызай Бейсенов, одан бөлек Бақытжан Базарбаев, Ерлан Сәбитов, Ерлан Мәметалиев, Құралбек Бекмұханбетов, Бақберген Базарбаев тағы басқалар ансамбль құрамында өнерлерін көрсетті. Қайсы бір азаматтарымыз қазір арамызда жоқ. Көптеген саңлақ таланттарымыздан айырылып қалдық,-дейді Әбіш аға терең күрсініп қойып.

       Әбіш аға сол бір еңбекке, өнер әлеміне бағытталған тынымсыз іс-әрекетпен жүрген кезінде Қақпақ ауылынан «Қызғалдақ» атты қыздардан құралған эстрадалық ансмбль құрыпты. Кейінгі толқын інілерінен шәкірттері ретінде Әбдіғани Бековтың, Әбділда Аташовтың есімдерін құрметпен атайды. Олар оқушы кезінен өнерге ынтық болған екен. Мектеп қабырғасында жүрген кездерінен-ақ ансамбль құрып, жұрттың көзіне түскен. Қазіргі таңда «Хантәңірі» болып аталған сол кездегі Нарынқол халық театрында режиссер болып еңбек еткен кезі Әбіш ағаның жүрегіне ұмытылмастай жазылып қалды десек, артық айтпағандық.

        — Театрды алғаш құрған режиссері Мақай Нұрқасов, айтулы ақын Еркін Ібітанов, жұбайы Алтынкүл жеңгеміз, Төлеген Мұратбеков, Екен Әбділдаев, Сұлушаш Аршабаева, Нұрлыбек Нұрқайдаров, Тұрсынбек Тілемісов секілді өнерлі жандардың еңбектері мен есімдері ешқашан ұмытылмақ емес. Алдаберген Нұрбековтың тұсында театр жоғары кәсіби жолға түсті. Халық атағын алды. Одан кейін Жанұзақ Қырманшиев, Әбдіқалым Наймантаев режиссер болып елеулі еңбек етті. Сол халық театрының «Хантәңірі» деген атпен қайтадан ашылғанына шын жүрегіммен қуанып жүрмін. Бұл да болса Елбасымыз Н. Назарбаевтың Жарлығымен қайта қалпына келген Райымбек ауданының арқасы, жақсылығы деп білемін,-дейді Әбіш аға шын көңілімен.

    Біз сөз етіп отырған Әбіш Мейірманұлы 1986 жылы Тасашы ауылына қоныс аударды. Мұнда келгеннен кейін де қызу жұмысқа кірісіп кетті. Кеген ауданының, өңірдегі шаруашылықтардың түрлі-түрлі қажетті суреттері, безендіру жұмыстары Әбіш ағаның арқасына түсті. Бір сөзбен айтқанда, суретшілік өнері іске жарады. Ағаның қыл қаламынан шыққан табиғаттың төрт мезгілі туралы пейзажы жұрт назарын аударған екен. Оның екеуі Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрынан орын алыпты. Қазіргі тағдырынан хабарсыз. Әбіш аға зейнет демалысына шыққанға дейін Тасашы ауылдық мәдениет үйінің директоры болып жемісті еңбек етті. Өнер саласындағы көп жылғы еңбегі еленіп «Қазақ мәдениетінің қайраткері» атанды.

        — Бірінен кейін бірі ауысқан аудан әкімдеріне арнайы кіріп жүрдім. Сондағы бар бұйымтайым Тасашы ауылындағы мәдениет үйінің жайы еді. Қайта қалпына келген Кеген ауданына әкім болып жемісті, абыройлы еңбек етіп келе жатқан Талғат Байедилов ініме алғыстан басқа айтарым жоқ. Шын көңіліммен қуанып жүрмін. Көңілім де орнына түскендей. Ауылымыздағы мәдениет үйі заманға лайық күрделі жөндеуден өтіп, адам танымастай дәрежеге жетті. Жылы да жайлы, жаңғырған өнер ордасына ауылдық әкімдік, кітапхана орналасты. Ондағы мәдениет қызметкерлері жаңаша, жақсы көңілмен еңбек етеді деген ойдамын,-дейді Әбіш аға қуанышын жасырмай. Ағаларымыз шын мәнінде әлі де қатардан қалған жоқ. Былтырдан бері Қызай Бейсенов, Бақытжан Заманбеков, Әбділда Аташов секілді бірнеше шәкірттерімен ардагерлер ансамблін құрып, дайындықтарын жүргізіп жатыр. Амандық болса, ауданның басшылығы қолдау көрсетіп жатса, Бөлексаздағы әжелер ансамблімен бірге ардагерлерден құрылған эстрадалық апсаптар ансамблінің өнерін, кең бағдарламалы концертін аудан жұртшылығының назарына ұсынбақ. Бәрекелді! Бұл шын көңілмен қолдайтын, қуанатын дүние.

        Әбіш ағаның қара шаңырағындағы Майгүл Бөлекбаевадай асыл жарына да дән риза көңілде болдық. Ашық-жарқын, кең пейіл, қонақжай қалпы, адамды жақын тартып алар бауырмал мінезі жанымызды жылыта, жадырата түсті. Өнерлі, өмірі өнегесіне ғана толы Әбіш аға мен Майгүл жеңгеміздің Ақботадай қыздары Тасашы орта мектебінің жанындағы инернаттың меңгерушісі болып еңбек етіп жүр. Жеңгеміз аймағына танымал белді кәсіпкер ана. Қос бәйтерек шаңырақтарындағы Нұрай, Димаш, Айару секілді немерелерінің әр аттаған қадамын, қуаныштарын қызықтап жүріп жатқан жайлары бар. Біз Әбіш ағамен болған бірнеше сағат уақытымызға өкінгеміз жоқ. Әңгімешіл ағамыздан қос ауданның өнері мен мәдениеті жайында талай-талай сырларға қанықтық. Шежірелі тарихи дүниелерге сусындадық. Хантәңірі шыңы, туған табиғатымыз туралы естен кетпес әңгімелерге қанықтық. Амандық болса, алдағы жаз айында ағамыз дүниеге келген Хантәңірі шыңының етегіне, Жарқұлақ алтын кенінің өңіріне арнайы ат басын бұруға уәделестік. Осының бәрі жанымызды жадыратып жолға шықтық. Асыл ағамыз бен алтын жеңгеміздің қара шаңырақтары жақсылықтың күмбір де күмбір күйіне тола берсін!

                                                                                           Қанат БІРЖАНСАЛ,

                                                                                                  Тасашы ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password