Хангелді батыр

«Үйіңде де, түзде де өз еліңнің тәңіріне құлшылық ет,

өз еліңнің батырларын құрметте».

Анарыс «Сақ Анахарсис»

        Қазақ елінің тарихында ел басына бұлт үйіріліп, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қиын- қыстау замандарда өмір сүріп, елі мен жерін жаудан қорғаған қол бастаған батырлар мен сөз бастаған би-шешендер аз болмаған. Солардың бірі, әрі бірегейі Ұлы жүз Үйсін тайпасынан тарайтын Албан елінің Алжан ( Мәмбет) руынан шыққан Албан қолының қолбасшысы Сырымбет ұлы Хангелді батыр дер едік. Ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жетіп, ел жадында жатталып қалған, әңгімелер мен қағаз бетіне түсіп, Ресей, Қытай сияқты іргелі елдердің мұрағаттарында сақталған тарихи деректер жоңғар шапқыншылығы кезінде тұлпар мініп, ту алған Хангелді батырдың жүректілігі мен көзсіз ерліктері жайлы сыр шертеді. Тарихта Хангелді батырдың есімі кезінде Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жырау, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай, Саурық, батыр Баян, жалайыр Орақты, албан Төлес, Дулат, Өтеғұл, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Қожаберген жырау, Ескелді би, Сүйіндік би, Әлмерек би, Қазыбек бек есімдерімен қатар аталған.

        Хангелді батырдың туған және қайтыс болған жылдары туралы әрқилы болжамдар бар. Қазіргі маман тарихшыларымыз нақты тарихи деректеге сүйене отырып солардың бәрін бір жүйеге келтірулері керек. Хангелді Сырымбетұлы 17 ші ғасырдың екінші жартысында дүниеге келіп, 18 ші ғасырда өмір сүрген тарихта болған батыр. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей ата- тектен таратып айтар болсақ, Хангелдінің атасы Мәмбет (Алжан) өз заманының білікті де, білімпаз адамы болған. Мәмбетті Шоған абыз бағып өсірген. Өз ісіне тиянақты Мәмбетке абыздың ерекше назары ауып, өз балаларынан да жақсы көрген. Не істесе де «Ал жаным, өзің біл» деп жүріп, «Алжан» атанып, тектіліктің, инабат-имандылықтың рәмізіне айналған. Алжаннан Сырымбет, Шағыр, Аламан, Қиғылық есімді төрт бала тарайды. Сырымбет Жәнібек, Жәңгір,Тәуке хандар заманында өмір сүрген батыр, әрі би болған адам. Бұл туралы «Қазақ мемлекеті» кітабында белгілі тарихшы- ғалым Талас Омарбеков: «Қазақтың басын қосуда осындай қилы кезеңдерде жалпыұлттық деңгейдегі Үйсін Төле би, Қаракесек Қазыбек би, Алшын Әйтеке би көсемдік қайраткерлік тұлғаларымен халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Оларды тайпалық деңгейдегі найман Ақылбай би, қарақалпақ Жәңгел би, шапырашты Қазыбек би, қырғыз Төлекей би, төртқара Тауқымет би, албан Сырымбет би тәрізді көптеген халықтық тұлғалардың қазақты қолдауы біріктіре түсті» деген дерек келтіреді.

       Талай қанды қырғын шайқастарға араласып, Албан тайпасының бас қолбасшысы болған бахадүр батыр әрі би Сырымбет үш әйел алған. Бәйбішесі Пернештен Әлі, Көшек, ортаншы әйелі Алтынбикеден Есенкелді, Есенқұл, Жанкел. Кіші әйелі Жалайыр Орақты батыр ұрпағы Күнбибі бегімнен Хангелді батыр жалғыз туады. Шежіре деректеріне көз салсақ Сырымбет батырдан тараған ұрпақтар арасынан Хангелді, Тілеуке, Райымбек, Бақай, Барақ, Дөңке(Соқыр), Күлембек, Ырыскелді сынды батырлар, Қожағұл би, Малғара би, Жанғабыл шешен, Егінбай күйші, Диқанбай болыс, Нөке болыс, албан Асан ақын, Тілеужан болыс, Раззақ болыс, Әлімбек ақын, Мұқағали ақын сияқты тарихта аты қалған атақты адамдар шыққан. Ақын Көдек Байшығанұлының «Албан тарихындағы»: Қалы бар жотасында нышаналы,

Мәмбетті Шоған Абыз бағып өткен.

Мәмбеттен бері қарай Алжан тарап,

Жайылып құйрығы мен жалы кеткен.

Алжаннан Райымбек батыр шығып,

Қақ бөліп қара суды жарып өткен.

Атаңның әруағынан айналайын,

Ұраны көңілімді жарық еткен.

Жаралған сол атадан талай мықты,

Санаулы күні бітіп, бәрі кеткен,-деген өлең жолдары бұл сөзіміздің дәлелі болса керек. Мәмбетұлы Сырымбет батырдың денесі Сырдың бойында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылының, Жөлек деген жеріне жерленген. Ел жадында сақталған ескі хикаятта: «Шешесі Ханкелдіге ауыраяқ болған тұста, қасқырдың жүрегіне жерік болып, күйеуі Сырымбет батыр бірнеше жігітімен қасқыр соғуға шығады. Кезіккен арланды қасындағы жігіттереге сойыл сілтетпей, садақ тартқызбай өзі шалма ұрып ұстайды. Қасқырдың аузына кергі салған бойда ауылға қуып келгенде жыртқыш мақұлықтың адам айласына бас игендігін көргендер түгел таң қалады». Ауылдың көкжалды қызықтау әуесі басыла Сырымбет әйелінің көзінше арланды сойғызып, қанын сорғалатқан бойда жүрегін қолына ұстатады. Жерік сілекейін жұтынған ана қолма-қол қуырып жеп, сел-селейім терлеп ұйқысынан сөткесінде оянған екен . Анасының жерік асына қасқырдың жүрегін жегізген ұрпағына әкесінің де назары ауып жүреді. Әйелінің толғағы үстінде Домалақ ананың жолын ұстанған Дулат еліндегі әйгілі тәуіпті қос ат жіберіп алдыртады. Ащы толғақ соңынан дүниеге келген нәрестенің қос қолымен қан уыстап туғанын көрген тәуіп кемпір кіндік аналарының бәріне көрсетіп шыққан соң, сыртта жүрген Сырымбетті шақырып: Е батыр, өзіңе тартқан ұл келді дүниеге. Сүйінші бер! Саған айтар тағы бір керемет іс бар, балаң қос қолымен қан уыстап туылды. Сенбесең міне, өзің көр. Атақ-даңқы өзіңнен асарына шүбә жоқ. Ұрпақтарыңнан қара су қақ жарылып, жол берер ел қорғаны – батыр ұл шығар. Атын Хангелді қой, бірақ кезінде Шыңғыс хан да осылай туып, ел басына қан кешкен ауыр күн туып еді. Алдымызда қандай күндер болар екен ,мына хикмет Алланың бізге сездірген нышаны ма, кім білсін?! Ләйім жоңғарға көрінгей ?!,- деп баланың атын Хангелді қойған екен. Сырымбет батыр тәуіпке ат мінгізіп, шапан жауып, бір түйеге артып мол дүние беріп, сүйінші жолын өтеген екен». (Әскер Тойғанбекұлы «Қайран елім» романы.1-том.) Хангелді есімінің орфографиялық тұрғыда дұрыс жазылуына келер болсақ баспасөз беттерінде, кітаптарда, энциклопедияда, тіпті Райымбек батыр кесенесі басында да (Ханкелдин Райымбек) Хангелдіұлы болып қате жазылып жүр. Оған негіз болған 1970 жылдары Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмухамет Ахметұлы Қонаевқа, Қазақ ССР Мәдениет Министріне, халық депутаттары Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы С.Д.Дүйсеновке Алматы қаласындағы Хангелді немересі Түкеұлы Райымбек батыр зираты басына ескерткіш белгі орнату туралы орысша жазылған өтініш хатта Райымбек Хангелдин болып көрсетілуі себеп болғандай. Ал оның дұрысы батырдың туған кезінде уысында қан болуына байланысты «Қан уыстаған бала келді» деген ұғымға сәйкес Хангелді қойылғаны, ол тіл заңдылығы бойынша Хангелді Сырымбетұлы болып жазылуы қажеттілігін мойындау әрі қалыптастыру бүгінгі ұрпаққа тиесілі міндет болса керек.

        Сырымбет батыр баласы Қангелдіні «қабырғасын бір – бірлеп сөксе де » қыңқ етпейтін қайсар етіп тәрбиелейді. Соған сай Хангелді де жасынан ширақ, самдағай, ойын-тойларда қалжың сөзге ұста шеберлігімен қатар жауырыны жерге тимеген балуан болып өседі.

       Хангелді өз заманының білімді де білікті батыр қолбасшысы, көреген көшбасшысы, қазіргі тілмен айтар болсақ беделді дипломаты болған адам. Сол кездің жағдайына орай, Ұлы жүз қазақтарының жоңғарларға қарсы соғысында Ресейге арқа сүйеуге тырысты. Оны батырдың көзі тірісінде хатқа түскен мына деректер дәлелдейді. «1733г- Письмо султанов и биев Большого жуза на имя имп Анны с просьбою о принятии их в российское подданство. Перевод с листа к.е.и.в в киргиз –кайсацкой Большой орды. Во имя всевышнего бога и всещадрого. От дальной стороны ближным сердцем киргиз – кайсацкой Большой орды князья и беки. Вам, великой государыня – имперторице и белой царице, в подданство пришли, а именно: Коадар -би, Тюляби, Сатай – батыр, Кангильди –батыр и Буляк – батыр, тако и всей орды беги в подданство пришли » (Казахско- русские отношения в 16- 18 веках Алма-Ата -1961 г.101-103 стр). Бұл құжат Қазақ Ғылым академиясында сақтаулы. Онда «Хангелді» деп анық жазылған, әрі тарихшы Кәдірбек Жүнісбаевтың түзетуімен «Коадар би» (Үйсіннің Қойайдар биі) деп өзгертілген. Бұл хатты Петерборға Аралбай мен Ырыскелді батыр жеткізген. Екінші рет 1734 жылы тағы патша атына жазылған хатты тікелей Петерборға Хангелді мен Төле бидің інісі Айтбай екеуі алып барған. Қытай жазба деректеріне сүйенсек, жоңғар қолына түсіп қалған Абылай сұлтанды босатып алып келуге Төле би бастап барған 90 адамның құрамында Хангелді батыр да болған. Хангелді батыр 1733 жылдан кейінгі кезде Ұлы ордадағы Төле бимен бірге болып, ел басқару ісіне араласқан. Тарих тереңінен сыр тартатындар Хангелдінің бітім болмысы балуан денелі,қалың қасты, сұлу мүсінді тұлғалы адам болған деп суреттейді.Батырдың нұрлы жүзі ұрыс үстінде қар қошқылданып қаңтарда жараған бурадай қарсыласының қимыл-қозғалысына сай әрекет ететін найзагер әрі сайыс өнерін жетік меңгерген мерген, аттың құлағында ойнайтын шабандоз, Қамбар атаны басқа ешбір жануарға теңемейтін батыр болған деп дәріптейді «Хангелдінің киесі атта білем» деген сөз де осы орайда айтылса керек. Сырымбет батыр, Сүйіндік би, Төлес батыр мен Әлмерек биден бата алған Хангелді батыр қазақ даласына баса көктеп кірген жауына аяусыз соққы берумен қатар Албан қолының басшысы (түмен басы) ретінде өзі де талай жекпе-жекке шығып, әртүрлі ұрыс-тәсілдерін шебер меңгерген қолбасы болған. Іле өзені мен Ұзынқара тауы арасындағы Қарадала жазығында Ойрат қолбасы Шонжыны Әлмерек батыр, оның бас батыры Доржыны Хангелді батыр жер құштырған. «Ақтабан шұбырындыға » дейін де, одан кейін де 1718 ші жылы Аягөз, 1728 ші жылғы Бұланты, 1730 шы жылы болған Аңырақай шайқасы сияқты тарихта болған ірі ұрыстарға Албан қолын бастап кірген және орта жүз, кіші жуз батырларымен тізе қоса отырып жоңғар басқыншыларынан Қаратау, Жетісу,Аягөз, Тесіктас, Зайсанға дейін тазартуға атсалысқан батыр. Хангелдімен бірге ұлдары Тілеуке мен Дөңке (Соқыр), немересі Райымбек батыр да жауға шауып, ерен ерлік үлгісін көрсеткен. Онымен бірге 1710 жылғы Қарақұм, 1726 жылғы Ордабасы, 1730 жылы Ұлытау сынды құрылтайларға және хан ордасында 1930 шы жылдардан кейін Төле биге кеңесші бола жүріп Түркістан маңындағы Күлтөбе жиындарына қатысқан. Аягөздік журналист Бақытөмір Шалғымбай бауырымыз өзінің «Қазақтың Хангелдісі- Тарбағатай етегінде» атты тарихи тағылымды мақаласында сол өңірдегі шежіреші көнекөз қариялар мен белгілі ақын Несіпбек Айтұлының сөзіне сілтеме жасай отырып: «Мына «Мыңбұлақ», «Партсъезд», «Нарын» деп аталатын бұрынғы совхоз жерлерінде Албанның атақты биі, батыр көсемі Хангелді өз руымен келіп қоныстаныпты. Олар тіпті бүгінгі «Үшбиік» деп аталатын өңірді де мекендеген екен. Кейбір деректерге қарағанда ұлы жүз балалары осы өңірдің біраз бөлігін 70-80 жылдай мекендеген. Оның бәрі әлі де ашылмай жатқан шежіре. Ал Хангелді тек албан емес, күллі қазаққа белгілі ақылман би- батыр, көсем. Оның сөзі тіпті жоңғар билеушілеріне де өткен. Сол Хангелдінің мәңгілік мекені – Ай өзенінің бойында» деп жазыпты. Албандардың сол өңірді мекендегені туралы Шоқан Уалиханов жазбаларында да деректер бар.

       2001 жылы Ахмет Кендірбекұлы, Сәкен Мұратұлы құрастырған «Армысың, ата тарих-Аңырақай» кітабында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері В.Г.Галиевтің «Аныракайская битва» атты зерттеу мақаласында; «Среди тех, кто проявил в Аныракайской битве лично мужество и организаторские способности были многие батры, бии, султаны,родоначальники- представили всех трёх жузов –Санрык Токтыбайулы, Барак Шорекулы, Тортул Олжабай, Отеген Отегулулы, Богенбай Бозкосулы, Акша Сартулы, Бопан бий, Хангельди Сырымбетулы, Алшин Тайлак, Есеркен Жаманкараулы и другие. Каждый из казахских батыров возглавляли кавалерийский отряд своего рода»,- деген дерек келтіреді. Хангелді екі рет Жоңғар тұтқынында болғанда басына тері шеңбер, қолына қыл бұрау салынып қинаса да шыдаған, елін, жерін сатпаған батыр. Ат жалын тартып мінгеннен ақсақалды қарт болғанша барлық саналы ғұмырын қазақ халқының бостандығы үшін күресіп, ат үстінде өткізген Хангелді батырдың ерлік істері ұрпақтар есінде мәңгі қалары анық.Хангелді батыр жалаң қылыш асынып жауға жалғыз шапқан жоқ. Берісі Албанның, арысы үш жүздің атақты би-батырларымен тізе қосып, өз дәуіріне тап келген жоңғар басқыншыларынан қазақ жерін азат етуге қатысқан қарт қолбасы, әрі батыр әрі би болған адам. Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымайды», «әруақты жерден ат үркеді» деген тәмсілдер бекер айтылмаса керек. Бабаларымыздың сан ғасырлар найзаның ұшы, білектің күшімен кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған ұлан байтақ жері үшін төккен қаны мен берген жанының өтеуін түсініп, қадір – қасиетіне жете алдық па?! Осы аманатты келешек ұрпаққа жеткізу бүгінгі біздердің азаматтық борышымыз болса керек. Осы орайда айтпағымыз, арысы Астананы айтпағанда, Жетісудағы оңтүстік астанамыз Алматы мен облыс орталығы Талдықорған қалаларындағы орталық үлкен көшелердің біріне халық батыры Хангелді Сырымбетұлының есімін беретін уақыт әлдеқашан жеткен сияқты. Мұндай құрметке жоңғар шапқыншылығы заманындағы аты шыққан жетісулық би-батырлардың қай- қайсысы да лайық. Бабаларымыздың жатқан жері жәйлі болсын. Тіптен өзі жер құштырған ойрат батыры Шонжының есімімен аталатын Ұйғыр ауданын «Әлмерек ауданы» деп атап, Жетісудағы және бір ауданға, Хангелді батыр есімін берсек нұр үстіне нұр болар еді…

       Зираты Алматы төріне жайғасқан бабамыз Райымбек батырдың атасы Сырымбетұлы Хангелді батыр туралы зерттеулер әлі де аз. 2018 ші жылы облыстық «Жетісу» және «Райымбек» газеттерінде менің «Хангелді халық батыры» атты мақалам жарық көрді. Сол жылы «Егемен Қазақстан», «Райымбек» газеттері мен «Мұқағали» журналында жазушы-журналист Жақыпжан Нұрқожа ағамыздың «Мұқағалидың бабалары қоныстанған Алжан тау» атты зерттеу мақаласы шықты. Осы тақырып төңірегінде Жақыпжан ағамызбен және «Мұқағали журналының редакторы, ақын Батық Мәжитұлымен де сұхбаттастық. «Хангелді батырдың Аягөз өңірінде жатқанын жақсы білемін» деген Астаналық белгілі ақын Несіпбек Айтұлымен және «Қазақтың Хангелдісі- Тарбағатай етегінде» атты көлемді зерттеу мақаласын жазған Аягөздік жазушы- журналист, сондағы «Мөлдір сана» газетінің редакторы Бақытөмір Шалғынбаймен де екі- үш мәрте телефон арқылы сөйлестік бірақ, биылғы пандемия жағдайына байланысты онда баруға мүмкіндік болмады. Сондықтан, амандық болса келер жазда (2021жылы) Хангелді батырдың бір ұрпағы Мұқағали ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында «Алжан тауға және Хангелді батыр жатқан жерді анықтау» мақсатында Аягөз- Жарма- Тарбағатай өңірлеріне арнайы зерттеу экспедициясын ұйымдастырсақ деген ойдамыз. Экспедицияға қатысам деген ұрпақтары және ел мен жер тарихына қызығушылық танытатын маман тарихшы, өлкетанушы, шежіреші, кәсіпкер азаматтардан пікір білдіріп, қолдау көрсетемін деушілер болса, мархабат!

Елеусіз Ахметкерімұлы,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

«Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік

медалінің иегері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password