ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН ҚАРАҒЫМ-АЙ!!!

       Қожахмет атамыз, одан кейін менің әкем, Омар да жүйрік ат ұстаған. Аталарының сол қасиеті Жоланға дарыды. Жолан жастайынан малсақ болатын. Мен үйдің кенжесі болғандықтан әке-шешемізбен бірге тұрдық. Балалар көбіне сол үлкен кісілердің тәрбиесінде болды. Ұлан да, Жолан да Омар атасының қасынан бір елі қалмайтын. Жолан атасының атына мініп алып, үйдегі малды өзі қарайтын. Мектепте сабағын өте жақсы оқыды. Кейін жоғары оқу орындарында оқып, дипломын алған соң, алғашқы жұмысын кірпіш зауытынан бастады. Кішкентай кезінен қандай жұмыс істесе де тыңғылықты болатын. Жолан өзі жұмыс басты болды да 30-ға жақындап барып үйленді. «Жүре бермей, үйленсеңші», — десек, «сіздерге ауырлық салмай, өз жағдайымды жасап алып барып бірақ үйленемін»,- дейтін. Сол уәдесінде тұрды. Келініміз Тоғжан екеуі бір-бірін жақсы көріп қосылды. Отбасында сыйласып, өте тату өмір сүрді. Екеуі бізге төрт немере сүйгізді.

       Араға көп уақыт салмай, Нарынқолға ауысты. Қайтадан аудан мәртебесін алып, орталығы Нарынқол болған шекаралы өңірдің әл-ауқаты шын мәнінде төмендеп кеткен екен. Сол ауданды түлетіп, барлық жағынан дамыту үшін облыс әкімі Амандық Баталов үлкен сенім артып, Райымбек ауданына әкім етіп Жоланды тағайындады. Жолан сол сенім мен үдеуден шығу жолында талмай, шаршамай еңбек етті. 2019 жылдың жазында Шалкөде жайлауында Жолан өзі ұйымдастырып, малшылар слетін өткізді. Сол жиынға бізде барып қатыстық. Асыл тұқымды мал көрмесінің, малшыларға арналған сахналық қойылым мен ұлттық ат спорты жарыстарының көрермені болдық. Жоланның бір жыл ішінде атқарған жұмыстары жайында жасаған есеп беру баяндамасын тыңдадық. Біз сол жолы басқа Жоланды көргендей болдық. Оның үстіне 43 шақырымдық аламан бәйгеде «Сүмбе қасқа» деген Жоланның жүйрігінің бірінші келгендігі одан сайын абыройымызды асқақтатты. Жеткен жетістігін көріп, көңіліміз марқайып: «Әлі де ел үшін еңбек ет, абыройыңа дақ түсіріп алма, әрдайым таза жүр, жұмысыңды адал атқар!» — деп ақыл-кеңесімізді айтып, барымызды беріп, көңіліміз тасып қайтып еді.

       Жолан қайда жүрсе де екі күн сайын хабарласып, қал-жағдайымызды сұрап, не керектің барлығын біліп тұратын. «Денсаулықтарыңызды күтіңіздер» — деп, ылғи да алаңдап жүруші еді, жарығым. Осы күні ойлап кетсем, соның бәрі көрген түстей ғайыпқа айналды.

       Елім деп атқа қонған Жоланымның жаны Жәннатта болсын!

Әкесі

Ыбырайақын ОМАРҰЛЫ.

                                                                    материал «Жолан жұлдызы» кітабынан алынды.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password