ХАЛЫҚ САНАҒЫН ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?

    Халық санағы 2018 жылғы 5 қарашада бекітілген, енгізілген өзгерістермен “Мемлекеттік статистика туралы” 2010 жылғы 19 наурыздағы №257-IV Қазақстан Республикасының Заңына және “Ұлттық санақтарды өткізу қағидасы және мерзімдерін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы                          11 қазандағы №1049 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының барлық аумағында өткізіледі.

Санақ мақсаты демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша өңірлік, ұлттық және халықаралық деңгейлерде статистикалық деректерге пайдаланушылардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағыттылған жиынтық және анық ақпараттың толық жинағын алу болып табылады.

Алынған ақпараттар жиынтық түрде тек статистикалық мақсаттарда қолданылады және мемлекеттік статистика органдары  құпиялығына кепілдік береді.

Халық санағы барысында санақ сәтіндегі тіркелу немесе орналасқан орнына қарамастан Қазақстанда тұратын барлық респонденттер есепке алынатын болады.

 Жаппай халық санағы 2021 жылғы 1 қазаннан бастап 30 қазан аралығында планшеттерді пайдаланумен өткізіледі. Жаппай халық санағы басталуымен бір уақытта алғашқы 15 күнтізбелік күнде                 1 қазаннан бастап 15 қазан аралығында халық санағы www.sanaq.gov.kz сайтында интернет желісі арқылы онлайн-режимде өткізіледі.

Санақ өткізу кезінде арнайы дайындалып бекітілген төмендегі санақ парақтары электронды түрде толтырылады:

  • 1-ПП “Тұратындар және келушілер тізімі”
  • 2-Ж “Тұрғын үй жағдайлары”
  • 3-И “Жеке”
  • 4-В “Қазақстан Республикасының аумағында уақытша, 12 айдан аз болғандар” (шетел азаматтары; азаматтығы жоқ адамдар; тұрақты негізде шет елдерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары).

Жаппай халық санағын санақ интервьюерлер есеп учаскелерінің аумағында орналасқан барлық мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар немесе тұрғын үй етіп жабдықталған тұрғын емес үй-жайларды қосқанда, халық тұратын немесе тұруы мүмкін тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларды аралау тәртібімен өткізеді. Осындай үйлерді аралау кезінде  әрбір үй-жайларда уақытша жоқ (12 айдан аз) және уақытша (12 айдан аз) тұратын және келетіндерді қосқанда, есепке алу сәтінде тұрақты тұрып жатқан халық санаққа алынады. Сауал салынатын адам әдетте 12 ай және одан көп тұратын, сондай-ақ респондент (сауалға жауап беретін жеке тұлға) түнгі демалысының көп бөлігін өткізетін жері тұрақты тұратын жері деп есепке алынады және саналады. Бұл орын оның заңды тұрақты тұратын орнымен (ол тіркелген) сәйкес келуі немесе келмеуі мүмкін.

Қазақстан Республикасында 12 ай және одан көп тұрақты тұратын, шетелдің азаматтығы бар респонденттер және азаматтығы жоқ респонденттер жалпы тәртіппен олардың тұратын жері бойынша санаққа алынады, яғни  тұрақты тұратындар сияқты               1-ПП  санақ парағының тұратындар тізіміне енгізіледі және оларға 2-Ж мен 3-И санақ парақтары толтырылады. Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға шет елдерден келген, бірақ әлі тұруға рұқсат  алмаған респонденттер Қазақстан Республикасының тұрақты тұрғындары ретінде санақ уақытында болған жерінде санаққа алынады. Сондай-ақ белгілі бір тұратын жері жоқ халық санақ уақытында болған жерінде санаққа алынады.

Егер халықты есепке алу сәтінде іс-әрекетке қабілетсіз респондент үйде болса, онда ол үшін санақ парағын қорғаншысы, егер мамандандырылған мекемеде болса қамқоршысы толтырады.

Мекеменің контингентінен жеке тұратын қызмет көрсетуші персоналды қосқанда, ұжымдық тұру мекемелерінде тұратын немесе уақытша тұратын (мысалы, балалар үйі, жетім балалар үшін мектеп интернаттар, әскери бөлімшелер, қарттар немесе мүгедектер үшін интернат үйлер және т.с.с.) респонденттерге санақ парақтарын осы мекеменің әкімшілігі тағайындаған интервьюерлер толтырады.

Қазіргі онлайн санақтан өту кезінде кімдер санаққа алынады немесе алынбайды деген сұрақтар туындауда. Атап айтсақ, 2021 жылғы халық санағы кезінде Қазақстан Республикасында санаққа алынатындар төменде көрсетілді:

  1. Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты (әдетте) тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, оларға:

1.1 Қазақстан Республикасының азаматтары, елде тұрақты тұратын жерінде халықты есепке алу сәтінде болған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

1.2 Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдарының желісі (дипломатиялық корпус) бойынша қызметтік міндеттерін атқарумен немесе ұзақ қызметтік іссапармен байланысты (олармен бірге олардың отбасы мүшелерін қосқанда)      12 ай және одан көп мерзімде шекарадан тыс жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары;

1.3 Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, алайда 12 айдан аз мерзімге шетелге шыққан, келісімшарт бойынша жұмысқа, оқуға («Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитындарды қосқанда – олардың елде болмау мерзіміне қарамастан) кеткендер;

1.4  Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын және шетелге демалысқа, емделуге, туыстарына немесе таныстарына қонаққа (олардың болмау мерзіміне қарамастан) уақытша кеткендер;

1.5 Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын халықты есепке алу сәтінде жүзуде жүрген отандық балық аулау және сауда кемелерінің теңізшілері;

1.6  Шетелден Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға немесе тіркеу құжаттарын ресімдеп үлгермегендер немесе тұруға ықтиярхат алмағандарды қосқанда, пана іздеп келген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының азаматтары;

1.7  Қазақстан Республикасына жұмысқа немесе оқуға 12 айдан көп мерзімге (олар қанша уақыт тұрып жатқандығына, және Қазақстан Республикасында тағы қанша уақыт болатындығына қарамастан) келген Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар жатады.

  1. Тұрақты тұратын жері басқа елде, бірақ халықты есепке алу сәтінде Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жүрген (12 айдан аз) шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және Қазақстан Республикасының азаматтары.

Сондай-ақ, 2021 жылғы халық санағы кезінде Қазақстан Республикасында санаққа жатпайтындар олар:

— шетелде тұрақты тұратын (2-тармақта көрсетілгендерден басқа) Қазақстан Республикасының азаматтары;

— 12 ай және одан көп мерзімге (12 айдан асатын болмау ұзақтығына қарамастан) шетелге жұмысқа немесе «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерден (магистранттардан) басқа оқуға кеткен Қазақстан Республикасының азаматтары;

— өз мемлекетінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетелдіктер, шетелдік әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері;

— халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін шетелдік азаматтар;

  • өз мемлекеттерінің өкілдік немесе өзге де делегацияларында және заңнамалық органдарының мүшелері болып табылатын шетелдік азаматтар.

Санақ аяқталған соң күнтізбелік 7 күн ішінде санақ жүргізілген халықтың толық және сапалы есепке алынғанын тексеру үшін тұрғын үй-жайлардың 10% бақылап аралап шығу жүргізіледі.

Халық санағының сапасы сауал берушілердің шынайы жауап беріп, толық қатысуына байланысты. Қазақстан үшін әркім маңызды! Сондықтан еліміздің болашағы үшін ел болып халық санағына атсалысайық.

Ә.Дәулетбақова,

Райымбек АСБ басшысы.

 

                            

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password