Халықпен бірге бір ғасыр

      1921 жылы 5 наурызда Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің шешімімен АХАТ органы құрылып биыл осы мекемеге 100 жыл толып отыр. 1921 жылдың 5 наурызына дейін азаматтар үшін маңызды ақпараттар діни институттар деңгейінде ғана жүргізіліп келген. Ал 2007 жылға дейін барлық ақпарат тек қолмен жазылып келді. Бүгінде азаматтардың хал актілері электронды форматқа ауысқан.

       Бұл саланың ерекшелігі – жан-тәніңмен жұмыс істеуді талап етеді. Бұл әсіресе карантин кезінде байқалды. 100 жыл аз уақыт емес. Бұл мекеме ғасырдан бері еліміздің игілігі үшін қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде қызметкерлердің бес ұрпағы ауысты. Бірақ мақсат біреу, яғни әр адамның өміріндегі маңызды оқиғаларды нақты, уақытылы тіркеу. АХАТ органдарының көмегімен ғана кез келген адам елдің азаматы бола алатыны да белгілі. Әр адамның өміріндегі ең маңызды оқиғалар, туғаннан бастап, өмірден өткенге дейінгі аралықтың бәрі осы мекеменің қолынан өтеді. Жұрт бұл орынды кеңсе деп қана ойлайды. Шын мәнінде, әр адамның алғашқы құжаты баланың туу туралы куәлігін бекітіп, осы құжатқа қол қояды. Бұл – өте маңызды. 2020 жылы аудандық АХАТ органы 165 неке мен 639 бала тууды тіркеген.

        Жылдар жылжып, тарих беті сарғайғанмен адамдардың өмір деректері мен шежірелері осында сақталады. Қазіргі таңда осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты жұмысты Райымбек ауданы әкімі аппаратының заң және мемлекеттік құқық бөлімінің бас маманы Ахмет Сабиғат Сұлтанғазыұлы мен АХАТ саласының қызметкері Баянбай Заңғар Қалиұлы атқарып отыр. АХАТ органдарының 100 жылдығына орай аталған қызметкерлерді аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов арнайы қабылдады. Сала мамандарының еңбегіне табыс, отбасыларына береке тілей отырып Алғыс хат табыс етті.

        АХАТ қызметі тек тууды, некені немесе қайтыс болғанын тіркеумен шектелмейді. Мекеме жеке деректердің өзгеруін тіркеп, әке болу, бала асырап алу фактісін анықтайды. Ұйым қызметкерлері құжаттардың түпнұсқаларын береді, жоғалған немесе ұрланған жағдайда көшірмелерін жасайды, белгілі бір акт жазбаларын қалпына келтіреді. Барлық құжаттар АХАТ мұрағатында 75 жыл сақталады, содан кейін мемлекеттік мұрағатқа тапсырылады.

Елдос АХМЕТЖАН.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password