ХАЛЫҚ ҮНІ- «ХАНТӘҢІРІ»

       Құйындай желіп, желден де жүйрік келетін ақпараттар легі әлемде көп-ақ. Минут демей, секундқа да ілескен толассыз жаңалықтарды қағаз бетіне түсіріп, шуақты таң атысынан кештің батысына дейінгі қайнаған тірлікпен халықты хабардар етуші баспасөз құралы- газет. «Газет-халықтың көзі, һәм құлағы». Жәһәннамда көгершін құстай жаршылық ететін газеттің орны айшықты. Райымбек ауданы тұрғындары үшін де дәл солай. Орталық Нарынқол ауылында жарыққа шыққан халықтың тұрмыс-тіршілігінің айнасы болып, сүйікті жұртшылықпен әр аптада сағыныстыра қауышатын «Хантәңірі» газеті биыл сеңгір 85 жастың белесіне де келіп қалыпты.

       Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштеріндегі тасқа қашалып жазылған таңбалардай газет бетіндегі жазулардың да құны мәңгілік. Сарғайған газет беттері тарих төрінен теуіп орын алады. Хантәңірінің де архив санатында қалған көлдей қазынасы күні бүгінге дейін әр редактордың есімімен сақтаулы. Таулы өлкенің тұтқасы талай соқпақ жылдарда сойыл соқса да берері таусылмай, редакция басынан шығармашылық бедеуліктің белең алуына мүмкіндік тудырмаған өз газетінде сараланатын жазушы-журналистердің алымды ойы мен қарымды қаламының арқасында осы уақыт шеңберіне дейін асу бермей ұзақ жасап келеді. Ғұмырлы жастық желінде газет 1936-1993 жылдар аралығында «Советтік шекара», 1993 жылдардан бастап «Хантәңірі» атауларына ие болып, затына сай қызмет етуде. Газет беті танымдық-ақпараттық материалдарға толы. Қоғамдық саяси газеттің көпшілік руханиятына берері мол. «Хантәңірін» аудан халқының арасында еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін сүйіп оқиды. Әр шаңырақ үстеліндегі, оқырман көзәйнегінің жанындағы бұл қолжетімді ақпарат көзіне сұраныс та жоғары десек қапыда айтпағандық болар. Бүгінде газет беттерін парақтасақ, «Бәрекелді», «Мұқағали-90», «Көктемгі егіс», «Маман кеңесі», «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл», «Қалдырған ізің мәңгілік», «Тілің-тұғырың!» және т.б. айдарларын байқаймыз. Тілге орамды, көкейге қонымды мақалалар тізбегі әр санында өз жалғасын табуда. Газет ауданның өзекті мәселелерінен, атқарылған іс-әрекеттерінен де халықты қараң қалдырмайды.

       Газеттің ғасырға жуық өмір сүруінің мәні журналистердің ұшқыр ойы мен жүйрік қаламының шеберлігінде жатыр. Шер ағаша айтқанда, «Жегені- жантақ, арқалағаны-алтын» қалам иелері «Хантәңірі» ұжымының елеулі еңбегіне алғыс білдіремін. Ал, Сіздерді, құрметті оқырман! Төл газетке біркісідей жазылады деп сенемін! 85 жылдық мерейің үстем болғай газетім.

Еңлік НҰРБОЛҚЫЗЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1курс студенті,

Сүмбе ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password