«ХАЛҚЫМНЫҢ БАҒЫ ~ ӨЗ БАҒЫМ!» ҚАЙТАЛАНБАЙТЫН ҚОЛТАҢБАСЫ ҚАЛДЫ

       Күні кеше ғана ортамызда жайраңдап жүрген, кездескен сайын еменжарқын амандасып, қолға алған әрбір жұмысы мен шешімін таппаған мәселелері туралы бүкпесіз сырын бөлісетін Жолан Ыбырайақынұлы туралы естелік жазу қандай ауыр!.. Жолан екеуміздің арамызда аға мен інінің арасында болатын ерекше бір сыйласымдық бар еді. Кездескенде таудай тұлғасы өн бойына жараса күлімдеп, алдымнан шығатын.

       2017-2019 жылдары алдымен ірілендірілген, кейіннен қайта қалпына келтірілген Райымбек ауданын басқарған Жолан Ыбырайақынұлы аз уақытта екі ауданның халқы үшін көп жұмыстар атқарды. Райымбек ауданы араға жиырма бір жыл салып, шаңырағын қайта тіктегенде облыс әкімі Амандық Баталовтың тарапынан ауданның басшылығына таңдау Жоланға бұйырғаны да тегіннен емес. Қайта еңсе көтерген ауданның тізгінін қолына алған Жолан жастығын, тәжірибесі аздығын көлденең тартып, қиындықтан қашқан жоқ.Керісінше, дауыл тұрса, одан әрі қайсарлана қалықтайтын қыран секілді көлденең кездескен кедергілерді бұзып өтуге тырысты.

       Райымбек ауданындағы жұмысын Жолан ауданның қайта түлеуіне арнады. Ауданда бүгінде пайдалануға берілген әсем ғимараттар мен тұрғын үйлерде қайталанбайтын қолтаңбасы қалды.

       Ұзақ жылдардан кейін жаңа шаңырақ көтерген ауданның қайта түлеуі үшін алдымен кадр мәселесін шешу керек. Жоланның жастарды ынталандыратын, шабыттандыратын көшбасшылық қасиетінің арқасында жаңа аудандағы мекемелерге іскер, жігерлі жастар көптеп тартылды. Жолан әлі де тәжірибесі аз жас мамандардың сенімін қалыптастырып, тәлімгер ұстазы, көшбасшысы болды. Бұл жастардың барлығы бүгінде өз саласын біліктілікпен басқарып отыр.

       Жолан Ыбырайақынұлы ауданның негізгі табыс көзі- ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға, өндірілген өнімнің сапасын жақсартуға және жұмсалған шығыннан толық қайтарым болуына баса назар аударды. Бұл мәселеде де Жолан тың бастамалар көтеріп, жүзеге асырды. Ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында, Қарасазда, Шалкөдеде екі рет облыстық кеңес өткізді. Кезінде бүкіл одаққа, Қазақстанға танымал болған Нарынқолдың картобын жандандыруды қайта қолға алды. Голландиядан жоғары өнімді “Агрия”, “Сантэ” тұқымдарын алып, шаруа қожалықтарын, жеке қожалықтарды тұқыммен қамтамасыз етті. Қазір аудан тұрғындары оның игілігін көруде.

       Жолан ұлтымыздың тарихы, салт-дәстүрі, өнері мен тұлпар мініп ту ұстаған батырлық рухын қатты қастерлейтін. Облыс бойынша 4 рет “Жетісу жүйрігі” бәйгесі ұйымдастырылса, сол бәйгенің екеуін ауданда өткізіп, Шалкөде жайлауында текті тұлпарлардың тұяқтарын дүбірлетті.

Нұржан Құдайбергенов,

Райымбек ауданының әкімі.

материал «Жолан жұлдызы» кітабынан алынды.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password