ГАЗЕТТІҢ БІР КҮНІ
Осынау бейбіт күннің құсқанат хабарын елден-елге, жерден-жерге жеткізіп, алғыс арқалап жүрген журналистер қатарында аудандық «Хантәңірі» газетінің ұжымы да бар. Алдыңғы буын ағалардың көргені мен тергенін баспасөздің өркендеуіне барынша жұмсап, бағалай білгенін – жастардың жауапкершілікті жанымен ұққаны деп сеземіз. Талай таланттың томағасын сыпырған ұстахананың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жас буын артылған міндетті абыроймен арқалап келеді.
2841 данамен жарық көретін бүгінгі «Хантәңірінің» «асханасында» жеті адамнан құралған шығармашылық топ жұмыс жасайды. Олар: бас редактор, жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі, тілші, дизайнер, фототілші, корректор және жарнама менеджері. Міне, осы команда аудан айнасының нөмірден нөмірге дейінгі шаруасын бас қосып, тізе түйістіріп тындырады.
Алдымен жылдық, айлық, апталық жоспар пысықталып, редактордың талқылауында бекітіледі. Сосын, журналистер, фототілшілер өздеріне міндеттелген тапсырмаларды орындайды. Тапсырмалардан тыс, он бір ауылдық округ пен елдімекендердегі оқырмандардан келіп түсетін хат-хабарлар, жаңалықтар, шаралар журналист назарында болады. «Қасқырды да, журналистті де екі аяғы асырайды». Қатқан қағидадан жазбайтын тілшілер бал тасыған арадай материалды редакцияда өңдеп-түстеп, таспаға әзірлейді. Осы аралықта, жауапты хатшы апталықтың сегіз бетін макеттеп, қай мақала қай бетке орналасатынын белгілейді. Оны редактор алдында қорғап, дизайнерге ұсынады. Дизайнер компьютер көмегімен арнайы газет беттейтін бағдарламаға салып, кескіндейді. Индизайын арқылы жасалған газет қағазға көшіріліп, корректор мен кезекшінің қолына өтеді. Олар үш процесс арқылы: корректура, қатесін түзеп басуға, жарыққа оқып, газет сауаттылығын алдын ала тексереді. Көздің майын тауысқан үш қайтара сүзгіден кейін редактор қол қойып, нөмірді баспаға әзірлейді.
Газетті бастан-аяқ қатеден тазартып, үтір-нүктесін түгендеп, бояқ пайызы мен қанықтығын, фотолардың орналасу тәртібін және қарап шыққан соң электронды пошта арқылы баспаға жолдайды. Міне, апта ішінде шығармашылық топ дүйсенбіден-бейсенбіге дейін қарбалас қарекетпен газетті сүйікті оқырманына осылай жеткізеді.
С. МУРАСИЛОВ.
0 Пікір