ГАЗЕТ ПЕН ГАДЖЕТ ТЕКЕТІРЕСІ

        Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: “Газет- халықтың көзі, құлағы һәм тілі”,-деген екен. Ойшылдың бұл даналығы қазіргі заманда да газет маңыздылығын айқындаушы негізгі ұран. Қазіргі таңда бар жанарды жаулаған ғаламтордың “сүйікті қолданушылары” газеттің қажеттілігі шамалы деген пікірмен, Ахмет бастаған бірегей тұлғалардың пікіріне қарсылық тудыруда.

       Қарсылығы жоқ, ғаламтордың ақпарат тарату жылдамдығы газеттен әлдеқайда тез. Қолжетімділігі де адамның өз уақыт жоспарлауымен жүзеге асады. Белгілі бір уақытта ғана шығатын газетке қарағанда, күнделікті қолжетімді ғаламторды пайдаланудың тиіміділігіне айтылар дау жоқ. Дегенмен, жылдамдық пен қолжетімділікке қарағанда, жауапкершілік пен сауаттылық ұғымдарын басшылыққа алған абзал. Осы тұста, газеттің- сауаттылық пен эстетика жаршысы, тіл ұстартып, тәрбие беруші құрал екенін ескерген жөн. Ғаламторға ақпарат жариялау кімнің де болса қолынан келеді. Сонда қоғамдағы рөлі салмақты саналатын “журналистер” қауымының қажеттілігі қанша? Бұл сауалға да сауалмен жауап беруге мәжбүрміз. “Үлкен қоқыс алаңы” саналатын ғаламтордағы ақпараттың шынайылығы мен жауапкершілігі кепілді ме?

        “Газеттің өзі-бір күндік, сөзі- мың жылдық”- демекші, ғаламтордағы ақпаратты өшіруге мүмкіндік бар, ал газеттегі сөз- тасқа қашап жазылған мәңгі жазба іспеттес. Газеттің ақпарат саласында ойып алар орны мен прагматикалық мәнін ескерсек, оның ақпарат кеңістігінен жойыла ығысуы мүмкін емес. Тәлім ала білген адамға газет — таптырмас тәрбие мен сауатты ақпарат құралы. Ең бастысы, жазылған ақпараттың сенімділігі және сол сенімділікке жауапкершілікпен жауап беретін сауатты журналистердің маңдай тер еңбегі. Сайып келгенде, газет керек. Технологияның қарыштап дамыған заманында жұмырбастылардың бір жапырақ қағаз болса да руханиятын сақтап қалғымыз келсе, газет оқуға мүдделіміз. Газет оқу дағдысын сақтап қалсақ, Мұхтар Шаханов атамыз айтқандай: «Компьютербасты жарты адамдар» болудан да арыламыз.

Ақерке БИЖАН.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password