ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ, ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ АУЫЛ ӘКІМДЕРІ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

   Қазақстан Республикасы Президентінің “Орталық  атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы” 2016 жылғы 5 ақпандағы  № 190 Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар арасында есеп беру кездесулері жылдағы дәстүр бойынша биыл да Жаңа келген жылмен бірге басталды.  Уақыт шіркінде тоқтау жоқ-ау! Күні кеше ғана сияқты еді, аудан, ауыл әкімдері тұрғындардың басын қосып,жыл ішіндегі жеткен жетістік, кеткен кемшілік, толайым табыс туралы есеп беріп, көпшілікті желпінтіп, өздері де серпіліп қалғаны. Содан бері де көзді ашып-жұмғанша зымырандай зулап бір жыл өте шығыпты. Міне, енді ел тізгінін ұстап жүрген азаматтар әдеттегісінше ел алдында өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар жайлы есеп беріп, ауылдың тыныс-тіршілігі, тұрғындардың хал-ахуалы, әр сала бойынша межелі жоспардың орындалуын баяндау үстінде. Бір айта кетерлігі, биылғы есепті жиналыстың жылдағыдан өзгерек сипат алуында. Жылда ауыл әкімі осы жиында ауылдың жай-жапсарынан хабардар ететін.  Науқанға айналған шара ауыл әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беруімен биылғы жылы да жалғасын тапқан. Аудан әкімі қорытынды есебін, ауыл әкімдерінің есебін таразылап, салмақтап барып қана беретінге ұқсайды. Қош делік. Сонымен, ақпан айы туысымен ауыл әкімдерінің есепті жиналысы өздері басшылық жасайтын округтер аясында басталып, ортан беліне жетіп те қалды.

                                                                                        ҚЫЗЫЛШЕКАРА

    Өткен жылды қорытындылауға арналған алғашқы есепті жиын Сүмбе ауылдық округіне қарасты Қызылшекара ауылының тұрғындарымен өткізілді. Жиналысқа аудан  әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, аудан әкімінің аппарат басшысы Гуля Кенебаева, аудандық мәслихаттың депутаты Ербол Жұмақанов, мекеме, ұйым, құқық қорғау орындарының өкілдері, құзырлы орындардың басшылары қатысты. Есепті жиынды аудандық мәслихаттың депутаты Е. Жұмақанов ашып, жүргізіп отырды.

    Алғашқы болып мінбеге көтерілген Сүмбе ауылдық округінің әкімі Елжан Бестібаев ауылдық округте өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар жайлы мәнді де нәрлі баяндама жасады. Округке  қатысты бюджеттің, ауыл шаруашылығы саласындағы межелі жоспардың орындалуы, білім мен денсаулық, жұмыспен қамту және әлеуметтік ахуал, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыз су, ауылды көгалдандыру, абаттандыру, тазалық, ел мен жер, ауыл өміріне қатысты басқа да мәселелер әкімнің баяндамасына арқау болды. Жеткен жетістік, толайым табыс, кеткен кемшілік көпшіліктің алдына жайылып  салынды. Межелі жоспардың орындалуына кері әсерін тигізген түйткілді дүниелер де әкім сөзінің тасасында қалмай, себеп-салдары келтіріле отырып баяндалды. Әкімнің сөзін ықыласпен тыңдаған ауыл тұрғындары өздеріне сөз кезегі келгенде жеке бастың мәселесін емес, ауылдың жайын, болашағын, шешілуін қажет етіп отырған өзекті мәселелерді тілдеріне тиек жасады. Оның ішінде, суармалы жерлердегі су тапшылығы мен жайлау мәселесі ұзақ талқыланды. Халықтың көкейіндегі тағы бір мәселе-күнделікті тұрмыста  пайдаланылатын ауыз-судың берілу тұрақсыздығы мен беймезгіл тоқтай беруі. Жауапты адамдардан тиісінше уәделер алған тұрғындардың көңілі жайланғандай болды. Жиналыстың мәнін арттырған бір жәйт, ауыл жастарының туған жерді көркейтуге деген ерекше құлшыныстары.  Сөз тізгінін алған жалынды жастардың ұсыныс-тілектері олардың ауылға деген ерекше сүйіспеншілігінен хабар береді. Ертеңгі ел тізгінін ұстар жастардың бұл белсенділігі-Қызылшекара ауылының келешегінің  кепілі!

СҮМБЕ

Жуырда Сүмбе ауылдық округінің әкімі Елжан Бестібаев 2021 жылғы ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша және алда тұрған мақсаттар жайлы тұрғындар алдында есеп берді. Есепті кездесуге ауылдық округтің тұрғындары, аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов және бөлім, мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Аталған ауылдық округтің жалпы жер көлемі 41025 га. жерді құрайды. Ауылдың басты тіршілік көзі ауыл шаруашылығы саласы болып табылады.

 Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауыл әкімі Е. Бестібаев округ аймағында бір жыл ішінде атқарылған жұмыстары мен үстіміздегі жылда істелетін жұмыстар жайлы есепті баяндамасын оқыды. Келесі кезекте арнайы сөзге жазылған Сүмбе ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Бүркітжан Әбітаев сөз кезегін алды. Б. Әбітаев ауыл тұрғындарының атынан аудан және ауыл басшыларына алғысын білдіріп, шешімін таппай жүрген бірқатар мәселелердің жай-жапсарын жеткізді. Жайылымдық жерлердің жеке меншік иелігіне өтпеуін т.б. түйткілді мәселелерді қадағалауын өтінді. Туған жеріне қарайласып, ауылдың көркеюіне көмек қолдарын созып жүрген жастарға алғысын айтып, ауыл әкімінің баяндамасына қанағаттанарлық деген баға берді. Өз кезектерімен сөзге жазылып ел алдына шыққан ауыл азаматтары бүгінгі күнде өзекті болып тұрған мәселелерді бүкпесіз баяндап берді. Суармалы жерлерге уақытылы әрі жеткілікті судың келмейтіндігін тағы сол сияқты мәселелер тілге тиек болды. Жиын аяқталғаннан кейін ауыл әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап біршама ұсыныс-пікірлер айтылды.

           ҰЗАҚ

         Ел алдындағы есеп беру жиындары Ұзақ батыр ауылдық округінде жалғасын тапты. Ұзақ батыр ауылдық округінің орталығы Сарыбастау ауылы да бір кездері экономикасы өрге домалап, архар-меринос аталатын ақтылы қойымен атағы республикаға мәшһүр болғанын ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Сол қойдың жүні мен етінің өзі-ақ ауыл мәдениетін көтерудің қайнар көзіне айналған. Нәтижесінде басқа ауылдарда жоқ Мәдениет үйі, жаңа жобалы орта мектеп, монша, емхана, балабақша, колхоз кеңесі, кірпіш зауыты, 1000 адамдық стадион, избест шығаратын орын осы жерде бой көтеріп, ауыл ғана емес ауданның да қажетін өтегені белгілі. Осылардың бәрін жоғары дәрежеде ұйымдастыра білген колхоз басшысы Нүсіпбек Әшімбаевтың еңбегі бүгінде ұрпақтарына үлгі болып отыр. Ауыл тұрғындары келешекті кемелінен ойлаған Нүсіпбектей ардагер ағаларын әрдайым құрмет тұтады.

         Бас қосуға жиналған ауылдық округтің халқы мен аудан атқамінерлерінің алдында ауыл әкімі Шалқар Әлдибеков 2021 жылғы атқарылған жұмыстар және ауылдың өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен алда тұрған мақсаттарын баяндады. Жиынға қатысушылар ауыл әкімінің жылдық баяндамасына бірауыздан қанағаттанарлық деген баға беріп, көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Мінбеге көтерілген ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мақсат Әшімбаев ауыл тұрғындары атынан ауылда негізгі күнкөріс көзі малшаруашылығы мен егіншаруашылығы болғандықтан осы салаларға көптеп көңіл бөлу керек еекендігін баса айтты. Соның ішінде бір кездері алтынға бағаланған жібек жүн мен терінің бүгінде ешқайда өтпей, қадірі кетіп тұрғанын айтты. Жүн мен теріні пайдаға жаратудың жолдарын іздестіру, мүмкіндік болса жүн өңдейтін тері өңдейтін кәсіпорын ашылса деген ойымен бөлісті. Биылғы құрғақшылыққа байланысты шаруалардың қиын күндерді бастан кешіріп отырғанын жеткізді. Суармалы және жайылымдық жерлердің мәселесін ортаға салды. Жайлау мәселесі талқыланды. Жерді игеру үшін үлкен техникалардың керек екендігі сөз болды. Айтылған мәселелер алдағы уақытта оң шешімін табатын болса ауыл халқының жағдайы жақсарып, тұрмыстары түзеле түсетіндігі белгілі. Жиын соңында әдеттегідей ауыл әкімі Ш. Әлдибеков ауылдық округ тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

                                                ТЕКЕС

   Ақпан айының 15-ші жұлдызында Текес ауылық округінде ауыл әкімінің 2021 жылғы атқарылған жұмыстары негізінде халыққа есеп беру жиналысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселе: Текес ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы. Аталған мәселеге байланысты атқарылған жұмыстар легімен таныстыру мақсатында алғашқы сөз тізгіні ауыл әкімі Таубалдиев Нұрболат Құрашұлының баяндамасына берілді. Баяндама мәресіне жете сала, халық  тарапынан басшылыққа сан түрлі сауалдар қойылып, баяндама қызу талқылауға түсті. Ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға ризашылығымен қатар, ұсыныс-талаптары мен қарсылықтарын да сөз етті. Халық тарапынан қойылған сұрақтарға жиналысқа қатысушы мекеме мамандары арнайы жауап беріп, біршама ұсыныстарды қабылдады. Жастар тарапынан айрықша ұсыныстар айтылды. Ауыл тұрғындары егістік пен шөп суару мәселесіндегі Байынқол каналына тәуелділік мәселесі мен су тапшылығы әсерінен жұрт өнімінің аздығын айтып шағымданды. Күрмеуі қиын су мәселесі тұрғындармен басшылықтың бірлескен әрекеттері нәтижесінде шешімін табатын болды. Сонымен қатар, Ауыл партиясынан сайланған аудандық маслихат депутаты Руслан Ретаев  Текес ауылының Б.Дембаев атындағы орталық көшесіндегі қолайсыздықты шешуді кезек күттірмейтін мәселе етіп қарастыруды талап етті. Орталықта мектептің орналасуына қарамастан, жылдамдықты асыра жүретін көлік иелеріне қарсылығын жолдап, жолдарға жасанды кедергілер қою жайын ақылдасты. Жаяу жүргіншілерге арналған жол мәселесі де назардан тыс қалмады. Халықтың әкім баяндамасына берген бағасы қанағаттанарлықтай дәрежеде деп тұжырымдалып көтерілген мәселелер келісімді түрде шешімін табуға қарастырылатыны нақтыланды.

«ХАНТӘҢІРІ».

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password