ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ, ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ! АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІНЕН

     «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деген осы бір тәмсілді осыдан 100 жыл шамасы бұрын таңғажайып талант иесі, халқымыздың маңдайына симай кеткен үш бәйтеректің бірі Бейімбет Майлин айтқан екен. Шамасы сол тұстарда да жаңа өкіметтің жаңадан бой көтеріп келе жатқан ауылдарының басшылары халық алдында дәл бүгінгіше болмағанмен, осыған ұқсастыра берген есебінің қорытындысы нәтижесінен шыққан сөз болса керек. Айтылғанына бір ғасыр уақыт өтіп, заман да, заң да, ой-сана да өзгергенімен ауыл әлеуетінің көтерілуі  мен тұрғындардың тұрмыстарының жақсаруына байланысты айтылған бұл тәмсіл әлі күнге дейін мән-маңызын жоя қойған жоқ. Оны бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігі, сол жерде жасап жатқан тұрғындардың күнкөріс деңгейі арқылы байқауға болады. Ауыл әкімдерінің дәстүрге айналған жыл толтырып барып беретін есебінің мақсат-мүддесі де осыған саяды.

                                                          Тегістік

      Тегістік ауылы осыдан 30-40 жыл бұрын қой шаруашылығымен айналысатын совхоз ретінде құрылып, мемлекетке ет пен жібек жүн өткізуде нәрлі нәтижелерге қол жеткізген-ді. Өнім өндіруде оза шауып алдыға түспесе де, қоғамның дамуына лайықты үлес қосқанын сол жерде жасап жатқан тұрғындардың көпшілігі ұмыта қойған жоқ. Уақыт талабымен жекешелендіру саясаты салтанат құрғанда созхозды өз қолдарымен құрған еңбеккерлер шаруашылықтан өздеріне тиесілі үлестерін алып, жеке бастың қамын күйттеуге кіріскен. Қазіргі таңда да ауыл тұрғындары осы бағыттан таймай, бірді екі етіп, тұрмыстарын жақсартудың қамымен тіршіліктерін өз икемдеріне ыңғайластыра жүргізуде. Осы ойымыз ауыл тұрғындарымен болған кездесу жиынында андағайлап алдымыздан шықты.

    Есепті жиынға ауыл тұрғындарымен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, ұйым басшылары, құқық қорғау орындарының өкілдері қатысып, ауыл көлемінде бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарды таразы талқысына салды. Жетістік-кемшіліктеріне жіті назар аударып,өз тараптарынан тиісті бағаларын берді. Ой-пікір, ұсыныстарын көпшілік назарына ұсынды. Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Гуля Кенебаева ашып, жүргізіп отырды.

   Алғашқы сөз тізгінін ұстаған ауыл әкімі Бауыржан Себдайыров ауылдық округте әр сала бойынша өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндап берді. Әкімнің есебі бойынша, өткен жылы жеке  тұлғалардың мүлік салығы 85,0 мың теңге болып, жоспар 110 пайызға, жер салығы 206,0 мың теңгемен 101 пайыз, көлік салығы 111 пайызды құрапты. Ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарында 2723 бас ірі қара, 10308 бас қой-ешкі, 1575 бас жылқы, 1585 үй құсы бар. «Қымбат», «Кенже», «Мирас» шаруа қожалықтары картоптың әр гектарынан 200-250 центнерге дейін өнім алуға қол жеткізген. «Ынтымақ», «Жанат», «Олжас», «Жансерік» сияқты шаруа қожалықтары 2-6 басқа дейін асыл тұқымды бұқалар сатып алып, мал тұқымын асылдандыруды қолға алған. Округте мал басының артуына байланысты аудандық жер қорынан 1000 га жайылымдық жердің құжаттары заңдастырылған. 52 га суармалы жер конкурс арқылы ауыл тұрғындарына үлестіріліп, оның да құжаттары заң жолымен жасалуда.

    Ауыл әкімі баяндамасына бұдан басқа жұмыспен қамтудың жай-жапсары, білім беру, денсаулық саласы, шағын және орта бизнес, ауыз су, көгалдандыру мен абаттандыруға қатысты жұмыстардың да атқарылу барысын арқау етті. Көпшілік орындалуын күтіп тұрған өзекті мәселелер мен алда атқарылатын жұмыстар да мәлім болды. Ауыл тұрғындары үшін ең қажеттілердің бірі, тіршілік нәрі – ауыз су. Бұл мәселе биыл шешімін табады деп күтілуде. Ауыз су жүйесі 2021 жылы сараптамадан өтіп, республикалық бюджетке өтінім берілді. Жоба құны 623 млн. 586 мың теңге. Дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарына жобалық-сметалық құжат жасалынуда. Осы орайда ауыл жастарының ұйымдасуымен атқарылған жұмыстарды айтпай кетуге болмайды. Жастардың көмегімен 2 га саябақтың сырты қоршалды. Қосымша шағын сахна құрылысы қолға алынуда. Жастардың көмегімен қара жамылған 9 отбасына 1 млн. 800 мың теңге көлемінде азық-түлік пакеттері, күрес залына құны 200 мың теңге болатын матрац, көп балалы, жалғызбасты, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 15 отбасына 150,0 мың теңгеден үлестіріліп, жалпылай алғанда 5 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліпті. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Ауыл әкімінің баяндамасынан кейін сөз алған тұрғындар ауылдың тыныс-тіршілігі,кейбір алаңдаушылық тудырып тұрған түйткілді мәселелерді тілдеріне тиек жасады. Мәселен, Гүлбақыт Дайырбекова сияқты ақжаулықты ана әкім сөзінде келтірілген қамқорлықты қажет ететін отбасыларына жасалынған көмектің нақты кімдерге берілгенін атап айту жөнінде, жұмыспен қамтудағы, тәртіп мәселесі төңірегіндегі кейбір көңілге қонымсыз дүниелерді айтса, «Тәуекел» шаруа қожалығының мүшесі Дулат Құлмамыров, «Олжас» шаруа қожалығының жетекшісі Олжас Қанапияев, Жандос Кәдірқұлұлы сияқты ауыл жастары жер мәселесі, мал жайылымының тарылуы,алқаптарға қажетті судың кешіктіліп келетінін сөздеріне тұздық жасады. Өздерін құрғақ цифрдың қызықтырмайтынын, жастарға қолдаудың ауадай қажеттігін, ел тізгінін ұстап жүрген азаматтардың халықпен етене араласуын, рухани құндылыққа арқау болатын, жастарды қанаттандыратын дүниелердің қажеттігін айтты. Жастар тарапынан айтылған бұл мәселелерге ауыл әкімі тиісті жауабын берді. Ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Мұрат Талдыбаев сөз алып, ауылдың тағдырына қатысты айтылған мәселелердің орынды екенін, кемшіліксіз нәрсе болмайтынын, ал оны болдырмаудың ең басты құралы ауызбіршілік екенін айта келіп, көпшілікті ұйымшылдыққа, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етуге шақырды. Ауыл әкімінің жыл ішінде атқарған жұмысы туралы есебіне қанағаттанарлық баға берді. Жиынды аудан әкімінің аппарат басшысы Гуля Кенебаева қорытындылады.

                                                        Қақпақ

        Қақпақ ауылының тұрғындары ауыл аумағында атқарылған жұмыстардың жыл ішіндегі барысы туралы есепті жиынға шынайы ықылас-пейілдерімен бастарын біріктірді.Жиынды аудандық мәслихаттың депутаты Марат Себдайыров жүргізді. Ауылдық округте 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жылға белгіленген мақсат-міндеттер туралы ауыл әкімі Жұмаш Әлімғожаев тұрғындар алдында есеп берді.

    Қақпақ ауылдық округіне қарасты екі елді мекенде 2669 адам бақуатты тұрмыс кешуде. Оларға 2 орта мектеп, 2 пошта бөлімшесі, 2 дәрігерлік емхана, 1 трек пункті, 1 ветпункт, 1 мәдениет үйі, 1 кафе, 2 тойхана, 10 дүкен, 1 шаштараз,1 ұстахана, 2 мешіт қызмет көрсетеді. Округ бойынша 185 шаруа қожалығы тіркелген. Өткен жылғы жауын-шашынның аз болуы дәнді егіс пен картоптан, мал азығынан жоспардағыдай өнім алуға айтарлықтай кері әсерін тигізгені анық. Солай десек те, 702 га картоптың әр гектарынан 217ц, 537 га  жаздық арпаның гектарына 28 ц, 1705 га көпжылдық шөптен 85250 тонна мал азығы жиналған. Дала жұмыстарына 37 әртүрлі маркадағы трактор, 42 агрегат, 2 комбайн жұмылдырылды. Шаруа қожалықтарының да ауыз толтырып айтар жетістіктері жоқ емес. «Бастау» шаруа қожалығы ірі қара малын өсіру үшін 2,5 млн. несие алып, кәсібін дамыту үстінде. «Әлем Агро» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 9 млн. теңгеге жаңбырлатқыш машина, 9 млн. 230 мың теңгеге «Беларусь-892» тракторын «Бірлік» шаруа қожалығы 9млн, 670 мың теңгеге «Беларусь-82» тракторы мен 250 мың теңгеге шым ұсатқыш техника сатып алып, ауыл шаруашылығы саласын 9,6 млн. теңге инвестиция құйған. Қақпақ, Көкбел ауылдарындағы жеке тұрғындардың малдарының жайылымы үшін 1400 га жердің құжаттары жасалынды. Округте төрт түлік саны жылдан-жылға арта түсуде.  Нақтысын айтқанда ірі қара 5864 басқа, жылқы 3786 басқа, қой-ешкі 14201 басқа өскен. Мұның өзі тағдырын төрт түлікпен тоғыстырып келе жатқан ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайларына айтарлықтай септігін тигізіп отырған жайы бар. Ауыл мәдениетін көтерудің маңызы зор. Сол мақсатта екі елді мекенді абаттандыру, көгалдандыру мақсатында 20 000 теңгеге тал-терек пен жеміс ағаштарының көшеттері сатып алынып, отырғызылды.

  Есепті баяндамасын осылай бастаған ауыл әкімі бұдан әрі бюджеттің орындалуы, салық түсімдерінің барысы, білім, денсаулық, мәдениет, бизнесті өркендетуге қатысты мәселелерге жұртшылық назарын аударды. Әкімнің айтуынша, туған жерінің өркендеуіне елеулі үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созып, ауылды көркейтуге атсалысып, өзге де қайырымдылық шараларына демеушілік жасап жүрген атымтай жомарт азаматтар аз емес көрінеді. Солардың көмегімен жыл бойы 193 мың теңге қаражатқа азық-түлік, 6 куб отын, 405 мың теңгеге 27 тонна көмір түсіріліп берілген. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында әкімшілік ғимаратының 1-қабатынан балалар мен жасөспірімдерге арналған күрес залына 3,5 млн, теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи үлгідегі күрес залы бүгінде спорт сүйер жастардың игілігіне айналып отыр. Қазір күрес залында 80 бала грек-рим күресінен жаттығуға қатысуда. Баяндамада, сонымен қатар жыл ішінде тіркелген қылмыстар, құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты атқарылған жұмыстар да атап көрсетілді. Шешімін күткен өзекті мәселелер де ескерусіз қалғанжоқ. Соның бірі – мал өлексесін тастайтын арнайы орынның әлі де қолданысқа енбей отырғандығы. Бұдан басқа да ел өміріне қатысты толғақты мәселелер баяндаманың  өн  бойынан табылды.

    Баяндамадан кейін сөз тізгінін ұстаған ауыл ақсақалы Абай Садыров шаруа қожалықтарына көрсетілер көмектің жоқтығын, мұның қожалық жұмысының алға жылжуына кері әсерін тигізіп келе жатқанын айтты. Ауыз су мәселесі өзекті күйде қалып отырғанын да жасырған жоқ. Тағы бір мәселе, өткен жылы елімізде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы зор мереймен аталып өтті. Осы 30 жыл ішінде Тәуелсіздіктің баянды болуына біздің өңірімізден де бірегей азаматтар лайықты үлестерін қосты. Бір өкініштісі, сол азаматтардың еңбегі  айтулы мерекеде еленбей, ұмыт қалды. Алдағы уақытта мұндай мәселелерге сонымен айналысатын орындар айрықша мән бергендері дұрыс. Көзі ашық, көкірегі ояу ақсақал ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне деген ойын жеткізе отырып, ауыл әкімінің баяндамасына қанағаттанатынын білдірді. Бұдан кейін мінберге көтерілген ақсақалдар алқасының төрағасы Әбіш Мәретбаев мәдениет үйіне қатысты мәселені, әкімшілік үйін күрделі жөндеуден өткізудің жайын, көктемгі егіс науқаны кезінде шаруаларға мемлекет тарапынан жанар-жағар майдан көрсетілер көмектің биыл қалай шешілетінін білгісі келетінін айтты.

   Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныс,пікірлерге аудан әкімінің бірінші орынбасары Ғалым Жусанбаев, аудан әкімінің аппарат басшысы Гуля Кенебаева, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Оралқұлов тиісті жауаптар берді.Есепті жиыннан кейін ауыл әкімі Жұмаш Әлімғожаев ауданның құзырлы  орындар өкілдері мен мамандарын қатыстыра отырып,ауыл тұрғындарын жеке өтініштері бойынша қабылдады.

                                                         Шәлкөде

      Есеп беру жиыны Шәлкөде ауылында да тұрғындар тарапынан лайықты бағасын алды. Жиналысты аудандық мәслихаттың депутаты Бақыт Раева жүргізіп отырды. Бірінші болып мінберге көтерілген Шәлкөде ауылдық округінің әкімі Құман Қуанышұлы «Шәлкөде ауылдық округінің 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық жағдайы және даму барысы туралы» баяндамасын жұртшылық назарына ұсынды.

     — Құрметті ауылдастар! Бүгінгі таңда біз үшін басты міндет – ауылымыздың ішкі тұрмыс-тіршілігін түгендеп, оның әлеуетін асыру және қалыпты өмірін қамтамасыз ету болып табылады,-деп бастады әкім сөзін. Баяндама бұдан әрі Шәлкөде ауылдық округі бойынша 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға белгіленген жұмыс жоспары төңірегінде өрбіді. Елдің әл-ауқатының артуы, экономикасының қарыштай өсуі – салық саясатына байланысты екені дау тудырмайды. Бұл мәселеде Шәлкөде ауылдық округінде де ауыз толтыра айтатын жайт баршылық. Дәлелге жүгінер болсақ, өткен жылы көлік салығы 8 642 000 теңгеге орындалды. Жеке тұлғаларға қаратылған жер салығы 502 000 теңге, мүлік салығы 233 000 теңге болып, болжам толығымен орын тапқан.Округ бойынша тіркелген 106 шаруа қожалығы өз жұмыстарын тоқтаусыз жүргізуде.Ауыл тұрғындарының малдары үшін 2282 гектар жайылымдық , 600 га жайлаулық жердің құжаттары рәсімделген. Округке тиесілі 4933 га егіс алқабының 1964-і суармалы егістік. Өткен жылы 490 га жерге дәнді дақыл себіліп, 317 га жерге отырғызылған картоп ысырапсыз жинап алынды. Ағымдағы жылға 650 га жерге дәнді дақыл, 250 га жерге картоп егу жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылы 1838 га көпжылдық шөптен 20967 тонна мал азығы дайындалып, қыстаулар мен ауыл тұрғындарының ауласына жеткізілді. Дала жұмыстарына 29 әртүрлі ауылшаруашылығы техникалары мен түрлі маркадағы тракторлар, автокөліктер жұмылдырылды. Округте барлығы 33146 қой-ешкі, 5175 бас ірі қара, 4071 бас жылқы бар. Мал өсірумен 78 шаруа қожалығы айналысады.

   Баяндамашы бұдан кейін білім саласы,әлеуметтік сала, денсаулық, тазалық, көркейту, көгалдандыру, мәдениет, тәртіп мәселесіне де жан-жақты тоқталды. Аталған салалардағы жетістіктер мен кемшіл тұстар, шешімін күткен өзекті мәселелер де әкімнің есебінің шырайын кіргізді. Баяндамадан кейін сөз алған ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұқатәлі Есімсартов ауыз су мәселесін сөз етті. Ауылдағы ауыз судың 70 пайызы толығымен біткен. Ендігі қалғаны ауданның құзырлы орындары қадағалап, жүйелі түрде аяқталуын басшылыққа алса деген ұсыныс айтты. Сонымен қатар, шибұт су қоймасы мен Шолақ көліне тоспа жасау арқылы екі ауылдың егістік, шабындық алқаптарының сумен қамтылуына жағдай жасау қажеттігін жеткізді. Ауылдық емхана меңгерушісі екі ауылдағы дәрігерлік орындардың бүгінгі заман талабына сай еместігін, алдағы уақытта екі ауылға да заманауи үлгідегі емхана керектігі туралы ойын ортаға салса,ауылдық мәдениет үйінің директоры  Нұрбақыт Мамытханов мәдениет үйінің қазіргі хал-ахуалын тілге тиек жасады. Ауыл ақсақалы Баудынбай Айтақынов ет бағасының қымбаттығын, бұған мал алушылардың сырттан келіп, бағаның көтерілуіне себепші болып отырғандығын, сондықтан мал мен оның етін сататын орынды ауылдың өзінен ашса деген ойын айтты. Сөйлеушілер ауыл әкімінің есепті баяндамасына қанағаттанарлық деген баға берді.

     Жұртшылық тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлерге аудан әкімінің бірінші орынбасары Ғалым Жусанбаев түсініктемелер берді. Ауыз су түсіру жұмыстарын Жезқазған қаласынан «Дәнекер» атты ЖШС 360 млн. теңгеге ұтып  алған еді. Қазір олар бұл жұмыстың 75 пайызын бітірді. Қалғанын алдағы көктем шығысымен қолға алатын болады. Демек, бұл жұмыс сәтімен  аяқталатынына сенім мол. Көшелердің ішін ретке келтіру үшін 9,5 шақырымға жоба жасалынды. Қарасаз бен Талас ауылы арасындағы жолдың құрылысы да көктем шығысымен қолға алынатын болады. «Шолақ» көлі мен «Шибұт» тоспасының жобасы жасалынып, тиісті орындарға жолданды. Енді тиісті қаражат бөлінуі күтілуде. Мәдениет үйінің де жобалық-сметалық жұмыстары қолға алынды. Ғалым Сәлімұлы тұрғындар тарапынан түскен басқа да сұрақтарға, өзекті мәселелерге тиісті жауаптар қайтарды. Жиналыста қаралған мәселелер бойынша қаулы алынды. Бұдан кейін ауыл әкімі Құман Қуанышұлы ауыл тұрғындарына жеке өтініштері бойынша қабылдау жасады.

                                                            Қарасаз

    Есепті кездесу жиынын Тұзкөл ауылының тұрғындарынан бастаған Қарасаз ауылдық округінің әкімі Дидар Мұхаметжанов бұдан кейін Е. Ібітанов атындағы мәдениет үйінде Қарасаз ауылы тұрғындарының басын қосып, өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстарға талдау жасады. Есеп беру жиынына аудан әкімінің орынбасары Ғ. Жусанбаев, аппарат басшысы Г.Кенебаева, аудандық ауылшаруашылығы, жер қатынастары бөлімінің басшылары,құқық қорғау орындарының өкілдері мен мекеме, ұйымдардың  жауапты қызметкерлері қатысты. Есеп беру жиынын аудандық мәслихаттың депутаты Бақыт Раева ашып, жүргізіп отырды.

    Баяндамасын ауылдық округке белгіленген салық мөлшерінің орындалуынан бастаған  ауыл әкімі бұдан кейін ауылшаруашылығы, жұмыспен қамту, және әлеуметтік бағдарламалар,шағын және орта бизнестің дамуы, денсаулық сақтау, білім, мәдениет салаларының жай-жапсары, құрылыс, көркейту, көгалдандыру мәселелеріне жеке-жеке тоқталды. Қылмысқа қарсы күрес нәтижесінен де хабардар етті.

    Ауылдық округ бойынша әкімшілік салық түрлері толық орындалған. Көлік салығы 4 562 000 теңгенің орнына 6 443 745 теңге болып, жоспар 141,2 пайызға, мүлік пен жер салығы 468 000 теңгенің орнына 547 703 теңгені  құрап, жоспар 117,0 пайызға, табыс салығы 100 000 теңгенің орнына 403 572 теңге болып, артығымен орындалған. Округте 5906 ірі қара, 21562 бас қой-ешкі, 3026 бас жылқы түлігі бар. Аталған төрт түліктің тең жартысынан көбі 62 қыстауда қыстатылуда. Өткен жылы 18232 тонна шөп дайындалды. 297 га. Жерге арпа, 60 га. жерге жаздық бидай, 235 гектарға картоп, 21 гектар көкөніс, 1100 га. көпжылдық шөп себіліп, бәрінен межедегідей өнім алынды. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша қоғамдық жұмысқа 30 адам  тартылса, 27 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Шағын кәсіпкерлікпен  айналысуға 138 субъект тіркелген. Оның 112-і шаруа қожалықтары, 221- і жеке кәсіпкер, 2 ағаш өңдейтін цех, 1жүн түтетін шағын қондырғы, 2 диірмен, 1 техниканың дөңгелегін желімдейтін орын жұмыс істейді. Округ бойынша 949 адам қамтылған.

    Ауыл әкімінің есепті баяндамасын зейін қоя тыңдаған тұрғындар сөз реті келгенде ойларында жүрген көкейтесті мәселелерді қозғады. Мәселен, ардагер ұстаз Әділжан Нөкеев:

   — Ауылға Дидар әкім болғалы ауыл мәдениетінде біршама жаңалықтар, жанды дүниелер жасалып, тұрғындар көзайымына айналды. Спорт кешені, жастар саябағы, ауылдың мәдениетін көтеруге арқау болуда. Гүлдер отырғызылып, жасыл желекке айналуы да көңілімізді қуантады. Қарасаз қазір өз еліміз ғана емес, республикамыздан тыс жерлерге де мәлім болып үлгерді. Ақынның талантына табынған адамдар, оның туған жерін көруді армандап тұратыны жасырын емес. Сондықтан ауылымыз көрікті болса, сырт көзге ұялмай көрсететініміз анық. Солай болып та жүр,- деген Ә. Нөкеев ауылшаруашылығына қатысты мәселелерге көпшілік назарын аударды. Қазір ауылда 100-ден  аса шаруа қожалығы бар. Жермен айналысуды ниет еткендер әлі де көбейе түсуде. Бірақ, бір мәселе көңілді күпті етіп отырғанын айтпасқа болмайды. Ол – егістік, шабындық алқаптарын суландыру жайы. Қазір бізде су тапшылығы анық байқалып отыр. Шәлкөдеден келетін су арнайы арнаның жоқтығынан алқапқа жетпей құмға сіңіп кетеді. Сондықтан бұрынғы каналдарды қайта қалпына келтіру керек екендігін басшылардың назарына ұсынды. Сонымен қатар «Өнер» мектебінің бүгінгі ахуалы, интернаттың мәселесін де тілге тиек етті. Бақытжан Айтақынов Тұзкөл орта мектебінің жайы мен осы ауылдағы ауыз судың мәселесін көтеріп, дәрігерлік пунктің ескіріп кеткендігін де ойға салды.Серік Садыбаев жер мәселесін, ауылдың ауыз суының әлі де кемшіл тұстарын, басқа да өзекті мәселерді айтты. Ауыл әкімінің есебіне қанағаттанарлық баға берді.

    Есеп  беру жиынын қорытындылаған аудан әкімінің бірінші орынбасары Ғалым  Сәлімұлы тұрғындар тарапынан айтылған ой-пікір, ұсыныстарға өз тарапынан түсіндірулер жасады. Есепті жиында қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.

Сарыжаз

Келесі ел алдындағы есеп күре жолдың бойында орналасқан, ауданымыздың кіреберісіндегі Сарыжаз ауылдық округінде жалғасты. Аталған ауылдың әкімі Медет Азанбаев ауыл тұрғындарын жылдық баяндамасымен таныстырды. Ауыл әкімінің 2021 жылғы атқарылған жұмыстары мен алда тұрған мақсаттары туралы есебі ел көңілінен шықты. Арнайы сөзге жазылып мінбеге ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы  Тұрсынбай Исанбеков көтерілді. Ауыл ақсақалы бірлік бар жерде тірлік бар болатынын әңгімесіне өзек жасады. Ауылдың әкіміне қолдан келгенше көмектесетінін айтты. Сонымен қатар, ауылдағы аз қамтылған отбасылардың баспаналы болуына көмектескен демеушілерге алғысын айтты. Ауыл маңындағы күл-қоқыс төгетін орынды ретке келтіруді ұсыныс ретінде жазып алуларын сұрады. Төгілген күл-қоқыстардың шамадан тыс шашылып кеткенін жеткізді. Өз сөзін қорытындылай келе ауыл әкімінің жылдық баяндамасына қанағаттанарлық деген баға берді. Келесі сөз кезегі ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Сарыбаева Зина анамызға берілді. Жерлестеріне бар жақсылықтарды тілеген аналар кеңесінің төрайымы ауыл әкімінің 2021 жылғы атқарған жұмыстарына қанағаттанғанын білдірді. Жиынның соңы ауыл әкімінің халықты жеке мәселелері бойынша қабылдауына ұласты.

Қайнар

      Қайнар ауылдық округінің жалпы жағдайын айтар болсақ ауылдық округтің жер көлемі 74 мың 341 га.  жерді құрайды. Ауылдық округте 619 отбасы, 512 түтін бар, жалпы тұрғындар саны 3204 адамды құрайды. Округте 1 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, 73 шаруа қожалығы, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 11 сауда  орны, 1 мектеп,  2 балабақша, 1 дәрігерлік емхана, 1 мал дәрігерлік бөлімшесі, 1 байланыс бөлімшесі, 1 мәдениет үйі, 10185 кітап қоры бар 1 кітапхана, 1 мешіт, 1 қатымхана, 2 тойхана, 2 асхана, 1 тігін цехы ауыл халқына қызмет етіп тұр.

Ауылдық округтің әкімі Нұрқасен Сәдуәқасовтың ауыл халқына бір жылдық есеп беру кездесуі өтті. Округ әкімі жиынға қатысуға келген көпшіліктің алдында 2021 жылы атқарған жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарларымен таныстырды. Баяндама аяқталғаннан соң ауылдың қазыналы қариясы Әшімбеков Әкімхан ақсақал орнынан тұрып ауданнан келген басшыларға және ауыл әкіміне бұрынғы жайылымдық жерлер мен жайлаулар халыққа қайтарылса деген ұсынысын айтты.

Сөз кезегін алған ауылдық округтің ақсақалдар алқасының төрағасы Бейсебаев Дабылбек біраз мәселелерді ортаға салды. Биылғы жылғы құрғақшылыққа байланысты ауылшаруашылығымен айналысатын халық қысылып отырғанын бүкпесіз баяндады. Бұған жаздың күні ауылдың төрт түлігі бірдей жайлауға шықпағанының кесірі де тиіп отырғанын айтты. Ауыл маңындағы қыста мал жаятын жерлердің шөбін күн жылыда тауысып тастап қыста мал толықтай қолға қарап қалған. Бұл мәселені шешу үшін жайлауларды халыққа қайтарып, жайлауға ерте көшіп жәй түсу керек, сондай-ақ ауыл маңындағы жайылымдарды қорғау керек деді. Ақсақалдың келесі көтерген мәселесі ет, картоп, жүн, тері деген сияқты заттар арзан бағада өтіп жатыр. Ауылдан немесе ауданнан осы заттарды өңдейтін өнеркәсіп орны ашылса дұрыс болары сөзсіз екенін баса айтты. Сөзін аяқтай келе ауыл әкімінің баяндамасына толықтай қанағаттанарлық деген баға берді.

Мектеп директоры Утапова Рая мінбеге көтеріліп балабақша мәселесі бойынша ойын айтты. Ауылда жалпы мектеп жасына дейінгі балалардың саны 347 бала. Оның ішіндегі шағын орталыққа келетін балаларды алып тастағанда ауыл бойынша 240 бала үйде отыр. Ауылдағы ескі балабақшаның ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп бүлдіршіндердің қуанышын көрсек деген ұсынысын жеткізді. Округ әкімінің баяндамасына қанағаттанғанын айтты.

 Ауыл тұрғыны С. Искаков суармалы жерлерді пайдалану үшін каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, канал жасалса жер ананың ауыл тұрғындарына берері көп деді. Кездесудің соңы тұрғындарды жеке қабылдауға ұласты.

     Жамбыл

   Ақпан айының 21-ші жұлдызында Жамбыл ауылдық округі әкімі Қойлыбаев Роман Бекзадаұлы ауыл тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Кездесу шымылдығы Роман Бекзадаұлының баяндамасымен ашылып, 2021 жылы атқарылған жұмыстар легімен таныстырылды. Қаратоған және Жамбыл ауылдарында атқарылуы тиіс деп жоспарланған біршама жұмыстар оң нәтижесін көрсеткен. Роман Бекзадаұлы атқарған жұмыстарға халық дән риза. Баяндама соңынан сөз алған ауыл тұрғындарының сөздерінен осыны ұқтық. Дегенмен, мәселе тіптен жоқ емес, ауыл көшелерін мал нәжісінен таза ұстау, Қаратоған ауылының ортаңғы көшесін сумен қамту сынды қажеттілік ұсыныстары айтылды. Сонымен қатар, Қаратоған ауылында медициналық пунк құрылысын бастауға күллі халық болып ықпал етуге шақырды. Ауылда біршама жаңа үйлер бой көтеріп, жас буын өкілдері ауылға қоныс аударуда, оларды жұмыспен қамтып, мүмкіндігінше қолайлы жағдайлар жасалып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

   Қаратоған мен Жамбыл ауылындағы мәселелер де өзге ауылдық округтердегі мәселелерден алыс болмай шықты. Мал шаруашылығымен айналысатын халық  жайылым мәселесінің  шешімін тапқанын қалайды.

   Жиналыс барысы осындай мәселелерді айту және мәселе шешімін талқылаумен өтті.

Нарынқол

   Ауыл тұрғындарына есеп берудің  жауапты сәті Нарынқол ауылдық округі әкімі Шенебеков Амангелді мырзаға да келіп жетті. Бәрімізге белгілі, Нарынқол ауылы- ауданымыздағы көлемі мен халық саны жағынан алдыңғы орынды иеленетін ауылдық округтердің бірегейі. Аудан орталығы болғандықтан, Нарынқол ауылындағы атқарылып жатқан жұмыстар барша аудан жұртының назарында.

   Жиналыстың алғашқы сөз тізгіні әдеттен жаңылмай, ауыл әкімі баяндамасына берілді. 2021 жылы атқарылған жұмыстар жайын баян еткен ауыл әкімі атқарылуға тиіс жұмыстардың барлығы дерлік күткен нәтижеге сай болғанын айтты. Баяндама мәтіні мен істелген жұмыстар халықты толықтай қанағаттандырып, қосымша сауалдар қойылмады. Жиналыс жүргізушісі баяндама оқушыны орнына жайғастырып, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Абиров Медетхан мырзаға сөз кезегін ұсынды. Ұсынылған сөзде ұсынысын айтып қалуды жөн санаған Медетхан мырза Нарынқол ауылындағы аурухана құрылысының  басталуын тездету жайын қозғады. Еске салар болсақ, қазіргі сәтте бүкіл аудан халқы ағылатын аудандық аурухана екі ғимаратқа бөлінген. Ақсақалдың айтуынша, ем іздеп келген тұрғындарға екі ғимарат  арасында сабылу оңай шаруа емес. Аурухана әне-міне салынады деген әңгімеге қарағанда, нақты іс-әрекет болғанын қалайтын тұрғындардың бұл қажеттілігі басшылық назарында.  Өткен істен сабақ алуды дәріптеген кеңес мүшесі Қаңтар оқиғасындағы жастар әрекетінің қайталанбауы үшін, тұрғындарды рухани тәрбие мәселесіне салғырт қарамауға шақырды. Сонымен қатар, Амангелді Шенебеков мырзаға ерекше алғысын жолдап, атқарған жұмыстарына толықтай қанағаттанатынын айтты.

    Ауылдық ақсақалдар алқасы төрағасы Қанат Ахметов ауылдағы көгалдандыру жұмыстарын жүйелеу керектігін ұсынды. Көгалдандыруды жүзеге асыру үшін судың қажеттілігін тілге тиек етіп, су тапшылығын шешуді өтінді. Көше мен аула тазалығының бірден бір кепілі- үйде көп мал басын ұстамау болса, бұл мәселені, төрт-түлікті жайлауға шығару арқылы шешуге болатынын алға тартты. Әдеттегідей, шешімі жоқ мәселе жоқ.

    Кездесу барысында,  жиналған халықтың ауыл әкіміне деген ризашылық ықыластары ерекше сезілді. Әрине, сайланған лауазымды қызметін абыроймен атқарумен қатар, халық қамы үшін күн-түн демей еңбек ететін тұлғаны сыйламасқа болмас. Көреген ақсақалдардың батасын алған Амангелді Шенебеков шынымен де, адал қызметкер, абыройлы азамат атағына толықтай лайықты.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Ақерке БИЖАН,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password