Фарида ЕРЕЖЕПОВА: «Вакцина салдыру – індеттің алдын алу ғана емес, жалпы ұжымдық иммунитет қалыптастырудың жалғыз жолы»

       Әлемді дүр сілкінткен тәжтажалы адамзат үшін үлкен кесапат болды. Жаңа өмір үрдісі қалыптасты. Денсаулықтың, тазалықтың құны артты. Жауапкершілік пен тәртіпті, уақыт пен еркіндікті ұғындық. Өзгенің қауіпсіздігі өзіңнің қауіпсіздігің екенін түсіндік. Жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікке адалдық танытқанның арқасында бұл қиындықты да еңсеріп келеміз. Осы тұрғыда эпид-ахуалды білмекке аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Фарида Сүлейменқызы ЕРЕЖЕПОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

   – Аудандағы коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал қалай?

        – Облыс бойынша коронавирустық инфекцияны жұқтыру деңгейі төмендемеді.Алматы облысы эпидемиялық жағдайға байланысты «қызыл аймақта» тұр. Қаншама науқастардың жағдайы ауыр болып, ИВЛ аппаратында жатыр. Тәулігіне індеттен көз жұмғандар қаншама? Бұл аурудың таралуына халықтың өзі тікелей кінәлі. Таралу жолын сараптағанда науқастардың басым бөлігі әр түрлі той-томалақтарға, өлім-жітім т.б. жерлерде жұқтырған. Ересектерден бөлек коронавирустық инфекция балалардың арасында 16 жағдайда анықталды. Бұл балалардың отбасындағы екпе алмаған ересектермен байланысты ауыра бастағанын айтқан жөн. Жылдың басынан коронавирустық инфекцияның 188 жағдайы анықталды,осы науқастардың 99 пайызы вакцина алмағандар. Соңғы екі аптада 17 жағдай тіркелді. Ау- дандық аурухананың провизор бөлімшесінде жылдың басынан 165 адам пневмониямен емделді, бүгінгі күні 25 науқас пневмониямен жатыр, 3 науқас ауыр жағдайда.

           – Екпе алу қандай деңгейде жүргізіліп жатыр?

        – Вакцина салдыру – індеттің алдын алудың ғана емес, жалпы ұжымдық иммунитет қалыптастырудың жалғыз жолы. Ауданда 15201 адам коронавирус індетіне қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды, жоспар бойынша 21000 адам, яғни 72 пайызы егілді. Вакцинациялауға ең төменгі көрсеткішті аудан орталығы беріп отыр, әсіресебизнес өкілдері (кәсіпкерлер), шаруашылық жүргізетін жекелеген адамдар, жұмыссыздар арасында вакцина алмағандар өте көп. Осындай адамдармен түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілсе, вакцинацияның қажеттілігін түсінетін еді.

       – Жалпы вакцинацияның маңыздылығы, қандай ауруларға қарсы қолданылады, соны айтып кетсеңіз?

        – Вакцинация балалар мен ересектерді полиомиелит, қызамық, қызылша, көкжөтел, гепатит, сіреспе, туберкулездің күрделі түрлері сияқты қауіпті аурулардан қорғауға көмектеседі. Вакциналау арқылы бүгінгі таңда 20-дан аса жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Оның барлығы Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және оларды тегін алуда. Мысалы, ТМД елдерінде 90-жылдары дифтерия сырқаты өршіген. Қазақстанда дифтерияның өршуі 1995 жылы тіркелді, онда республикада бір жылда дифтериямен 1105 адам сырқаттанып, оның 66-сы қайтыс болды. Өршу жағдайы халықты вакциналау арқылы ғана тоқтатылды.Қазіргі кезде алдын ала егудің нәтижесінде көптеген жұқпалы аурулар (мысалы шешек) жойылды. Қазір де ковидке қарсы ем-шаралар арасында вакциналау ісі алдыңғы орында тұр.

        – Вакциналау дегеніміз не?

         – Вакциналау–адам инфекция қоздырғыштарымен байланысқа түскенге дейін аурудан қорғанудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакци- налау ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін қолдана отырып, көптеген жұқпалы ауруларға төзімділікті арттырады және иммундық жүйеңізді күшейтеді. Вакциналау – инфекциялық аурудың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдісі. Жалпы алғанда, бұл вакциналар жыл сайын 3 миллиондай адамның өмірін әртүрлі дерттен қорғайды. Егер вакцина алсақ, біз өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да қорғаймыз. Кейбір адамдарға, мысалы ауыр науқастарға белгілі бір вакцина алуға болмайды, сондықтан олар ауру таратпау үшін басқа адамдардың вакциналауына тәуелді. Бұл күндері COVID-19 пандемиясы кезінде вакциналау өте маңызды болып отыр.

        – Вакцина адам мен қауымды қалай қорғайды?

        – Егер адам ауруға қарсы вакцина алған болса, жұқтыру қауіпі төмендейді, демек, ауруды басқаларға таратуы азаяды. Қоғамда неғұрлым көп адамға вакцина егілсе, соғұрлым ауру қоздырғыштың адамнан адамға беру мүмкіндігі төмендейді. Егер халықтың көп бөлігіне вакцина егілсе, ұжымдық иммунитетке қол жеткізіледі.

        – Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме?

       – Жоқ егілмейді. Коронавирусқа қарсы вакциналар 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Екпені тек ҚР 18 жастан 65 жасқа дейінгі азаматтар ғана ала алады.

        – Вакцина алмаған адамдарға қандай шаралар қолданылады? – Әрбір көзі ашық адамдар отбасы, бала-шаға, туған-туыс, ұжымдастарын, көршілерін індеттен қорғау үшін екпе алуы қажет. Бой бермей тұрған індетке қарсы бірден-бір тосқауыл вакцина салдыру екенін түсінетін уақыт келді. Аз күнде оқу жылы басталады, мектептердің барлығына «Ashyq» қосымшасы орнатылды, мұғалімдер, техникалық қызметкерлер, ата-аналар толық осы қосымша арқылы мектепке кіретін бо- лады. Яғни, вакцинацияланбаған адам кіре алмайды, бұл мектеп оқушыларының қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара. Сол сияқты кәсіпкерлік нысандарға, атап айтқанда қоғамдық тамақтану орындары, дүкендер, шаштараздарға «Ashyq» қосымшасы орнатылса, халықтың вакцинация алуына септігін тигізетін еді.

– Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан: Серікжан МУРАСИЛОВ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password