8.6 C
Нарынкол
Пятница, 19 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІК

       Мұқағалидың рухын асқақтатып, оның мәңгілік ұмытылмайтын тұлға екендігін жан жақты насихаттайтын Райымбек аудандық «Хантәңірі» газетінің оқырмандарына мына бір естелік жазбаны ұсынып отырмын.

       Кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен бірге серіктес жолдастарының бірі (немесе «інісі» десем де болады), Мырқан Жомарбеков ағамыздың бір шағын жазбаларын, ескірмейтін естелік болып қала берер деген үмітпен, назарларыңызға ұсынып отырмын.

       Мен, Мырқан ағаның туған ағасы Жомарбеков Әлімғазының ұлы – Әлімғазиев Өмірхан. Осы бір таяу уақыт ішінде, Мырқан ағаның жазбаларын қарап отырып, біраз мақала және өлеңдерін жинақтадым.

       Кеңес одағы уақытында Еңбекшіқазақ ауданында «Еңбек жалыны» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов ағамыздың басшылығымен осы мақала газет бетіне жарияланған болатын. Сол уақыттағы «Еңбек жалыны», қазіргі – «Еңбекшіқазақ» қоғамдық-саяси апталық газетінің бас редакторы қызметін жоғарыда аталған Хайролла ағамыз осы уақытқа дейін абыроймен атқарып келеді.

       Жинақтаған дүниелердің арасынан шамамен 1991 жылдың басында «Еңбек жалыны» газетінде біртуар ақын М.Мақатаевпен танысқандығы туралы жарияланған мақаласын (қолымда газетте жарияланған осы мақаланың қиындысы ғана бар) жолдап отырмын.

Құрметпен, Өмірхан Жомартбекұлы Әлімғазиев

Мұқағали – қазақтың домбырасы

Алыстаған сайын асқақтап,

Көрінеді екен алып тау.

Ақиық менің ақыным,

Алпысқа келіп қалыпты-ау…

       Мен 1957 жылы Кеген ауданындағы Қызыл-Арасанда МТС-тың зоотехник – инспекторы едім. Мамыр айының аяғында Алматы қаласында ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференция болып, соған делегат болып қатыстым.

       Конференция делегаттарының құрметіне бұрынғы драма театрының үйінде өнер шеберлерінің қатысуымен үлкен концерт болды. Үзіліс кезінде екінші қабаттағы буфетке сусын ішейін деп кірсем, ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов ағамыз тұр екен, маңында бір жігіт, амандасқан соң ол маған қарап:

       — Әй, зоотехник, танысып қой радионың «құдайы» ақын Мұқағали Мақатаев ағаң, — деді. Қолымды ұсынып, атымды айтып таныстым. Шашы екі жағына қайырылған, екі иығына екі кісі мінгендей сұлу жігіт екен. «Е, оқыған Мұқағали Мақатаев» деген диктор ағамыз осы екен ғой…»

       Сол таныстықтан кейін мен қалаға келген сайын ақын ағама жолығып, әңгімелесіп кететін едім.

        Алпыс үшінші жылдары Мұқағали астанаға біржола көшіп келіп, қазіргі Жароков көшесі мен Комсомол көшесінің қиылысқан жерінде пәтерде тұрды. Бір күні көшеде кездесіп қалдым. Амандық сұрасқан соң ол:

       -Үйге жүр, есік-төрді көргін, деді. Содан үйіне келдік. Үй дейтіндей үй емес, тарлау екі бөлме, көз тартатын дүние болмаса да, кітапты Мұқаң жинаған-ақ екен. Шешесі де, інісі де қолында көрінеді. Ақын анасын Нақа дейді екен (шын аты Нағима) әңгіменің тақырыбы қалжағдай, үйдің шаруасы төңірегінде болды. «Ильич» поэмасының жалғасын жазып бітірген екен. Машинкаға басылған екінші данасын оқы деп маған ұсынды. Оқып шықтым, поэма маған қатты ұнады.

       Ертеңінде екеуіміз газет киоскісіне келіп газет алдық. Көрмеге барып оңашалау ағаш арасына жайғасып отырып газеттерді ақтара бастадық. «Лениншіл жасқа» Мұқаңның поэмасы басылыпты. Мұқаң маған газеттерді ұсынып:

        – Ал, мына поэманы дауыстап оқы, мен тыңдаушың болайын, — деді. Мен тартыншақтап едім болмады. «Оқығаным ұнамай қалса ренжиме» деген қауіп қой.

        – Оқы, оқы – деген соң газетті қолыма алып поэманы дауыстап оқи бастадым. Терлеп – тепшіп оқып бітігенімде ол:

        – Жақсы оқисың, әттең дикторлыққа алмайды ғой. Сенің айғыз айғыз бетіңді көріп шошып кетер, — деп біраз күліп алды ол.

        – Кеше поэманың түпнұсқасын оқыдың. Ал енді басылымда қандай өзгеріс бар?

        Поэманың эпилогы Сіздің қолжазбада кіріспеде беріліпті, ал мұнда оны соңына эпилог деп беріпті, менің көзіме шалынғаны осы дедім.

        – Дұрыс, — деді ол. Байқампаздығың ұнайды. Содан басқа ештеңе деген жоқ.

        Менің қолымнан газетті алып өзі тағы да бір қарап шықты да:

         – Бердібек те менің жерлесім, екеуімізге бір бетін беріпті. Сол нөмірде Бердібек Соқпақбаевтың бір әңгімесі поэманың үстіне жарияланған екен. Мұқағали сол күні көтеріліп, ашылып сөйлеп, әртүрлі күлдіргі әңгімелер айтып үйге көңілді оралды. Шәйдан соң өлең туралы әңгіме қозғады. «Өлең деген қолыңдағы ойыншық емес. Сен өзің бір қызға ғашық болып көріп пе ең? Егер қызға ес-түссіз беріліп ғашық болған адам жынданып та кетеді, өлеңге де солай ғашық болу керек. Дарын деген бар, оны тәрбиелеу керек. Тәрбие дегенім – оқу, іздену деген сөз».

       Мұқаң сол күні маған бір лекция оқыған академиктей көрінді. Ең соңында мұңды жазғанда мұңдана біл, қуанышты жазғанда асып-тасып дүниеге сыймай кет. «Жолаушылар жолмен жүреді, адаспайды. Өлеңде даңғырлаған жол жоқ, өз жолың болсын, бауырым». Мұның бәрін Мұқаң маған емес, өлеңге ұмтылған өзіне тетелес інілеріне айтатын. Ал, Мұқаң болса өлеңге жастайынан-ақ үлкен дайындықпен келген болатын.

х х х

        1973 жылы наурыз айында мен Түрксиб санаторийінде демалып жатқан едім. Бір күні Мұқаңның үйіне телефон шалдым. Трубканы жеңгеміз алды. Жеңгем: – Мұқаң жұмыс істеп отыр еді, — деді.

        – Онда мазаламай кешкісін телефон шалармын, — дедім. Кешкісін телефон шалып едім, трубканы ағамыздың өзі алды.

         – Жағдайың қалай? Арақ ішпейтіндер де ауырады екен ғой, — деп күліп алды. Айтқандай, саған бір адам сәлем айтты.

        – Ол кім?

         – Меңдекеш Сатыбалдиев, танисың ба? – Танимын. Ол қайда жүр екен?

        – Е, сен естімеген екенсің ғой, ол осында «Мәдениет және тұрмыс» журналының жауапты хатшысы боп орналасты. Не айтасың? Ертең барып қайтам, — деп әңгімесін үзді.

       Мұқаң ертесіне айтқан уақытында келді. Мен жатқан бөлменің терезесінен түнге қарай Алматы жақсы көрінетін.

        – Жақсы бөлмеге орналасыпсың. Ал, енді жағдайың қалай? Мен де бір үлкен жұмысты бітіріп, тағы бір үлкен жұмысты бастап жатырмын. Жағдай жаман емес. Дантенің «Құдіретті комедиясы» дүкенге түсті. Бауырым мазалап жүр. Санаторийден шыққан соң, үйге кел. Мен қайтайын – деді.

        Мен автобус аялдамасына барып шығарып салдым.

х х х

        Санаторийден шыққан күні ақын ағамның үйіне бардым. Сол күні тым көңілді екен. Екеуіміз шәйдан кейін көшеге шықтық. Панфилов көшесінің бойымен төмен қарай әңгімелесіп түсіп келеміз. Қайда барамыз деп сұрғаным да жоқ. Ағамның өзі бастап келеді. Әңгімелесе – әңгімелесе ат басын кітап дүкеніне тіредік. Өзінің жақында ғана дүкенге түскен Дантенің «Құдіретті комедия» деген кітабын қолына алды да:

        – Мына кітапты ал, автограф жазып берем, — деді. Айтқанын орындадым. Үйге келген соң кітаптың бірінші бетіне «Жанашыр жақсы інім Мырқанға! Осылай болған болады да, бола бермек. М. Мақатаев» деп қой қойыпты.

х х х

       Тағы бір жолым түсіп қалаға келгенімде Мұқаңның үйіне бардым. Жеңешем Лашын үйде екен, ағамыз бір жұмыстармен баспа жаққа кетіпті. Жеңгеміз де ақын жанды кісі ғой.

        – Әнекүні сенің «Бұлттар» деген өлеңіңді ағаң сен кеткен соң мақтады, — деді. Қысылып қалдым.

х х х

       Мұқаң қайтыс болғанда мен Ақтөбе облысында командировкада жүр едім. Бір күні автобусқа келе қалсам қолында ұстаған газеті бар, қазақтың бір сұлу қызы еңіреп жылап отыр. Жанына тақауырақ отырған соң:

        – Айнам, неге жылайсың? – дедім. Қыз маған бұрылып: «Аға, өте жақсы көріп оқитын ақын ағайым қайтыс болыпты, соған жылап отырмын…»

       Қолындағы газетін сұрап алып қарасам Мұқағалидің некрологы екен, жүрегім зырқ ете түсті. Қызға риза болған мен іштей «Аға бақыттысың» — дедім. Танымайтын, өмірінде бір рет көрмеген, шалғай облыстағы қазақтың бір сұлу қызы өліміңе қайғырып ағыл-тегіл еңіреп жылап отырса, ақынға бұдан артық бақыт болама? Халықтың ақыны деген осы емес пе.

       Астаналық облыстың шалғайдағы бір ауданындағы кітап дүкеніне кіргенім бар. Мұқағалидің «Шолпан» деген жыр жинағын алайын десем, сатушы қыз: – Жеке дара сатпаймыз, мына астындағы екі кітапты қосып сатамыз, — деді. Әлгі кітапты алып қарасам мұқабасы өгіздің мойын терісімен қапталғандай қалың екі көк кітап. Екі автор да атағы шыққан ақындар «күріш арқасында, күрмек су ішеді» деген мақал ойыма оралды.

       Мен ақын Қанапия Дәрібаевпен әңгімелесіп отырып, осы оқиғаны айтқанымда, ол күліп: – Пәлі, сен соны айтасың Қызылорда облысының кейбір аудандарында Мұқағалидің екі томдығына қосып өтпейтін өндіріс товарларын сатқанын да көзіміз көрді, — дейді.

        Мұқаң туралы айтатын сөз көп, оның бәрін айту шағын естелікте мүмкін емес. Ақынның ғажайып көркем мұрасына қайта-қайта үңілген сайын көңілің бір тоқтамға ұялай түседі. Ол адам жүрегі мен жанында сақталып, бұлақ жыр болып төгіле алмай келген аяулы да, абзал сезімдерге тіл бітіреді. Мұқағали ғасырлар көшінің керуенінде кете беретін қазақтың домбырасы… Менде естелігімді:

Құрандай өлеңіңді жастанамын,

Атыңды аузымнан бір тастамаймын.

Жырыңды алай-дүлей боранымен,

Жарысып қиядағы тасқа бардым деп аяқтағым келеді.

Мырқан ЖОМАРТБЕКОВ,

Еңбекшіқазақ ауданы,

«Еңбек жалыны» газеті, 1991 жыл.

Соңғы жаңалықтар

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ БІРГЕ ҚОРҒАЙЫҚ!

Табиғатты қорғау - адамзаттың басты міндеттерінің бірі. Табиғатты қорғау дегеніміз - табиғаттың әр бөлшегіне жанашырлықпен қарау, оның ресурстарын тиімді...

Осыған ұқсас мақалалар