ЕСКЕРТКІШТЕР ЕЛ ТАРИХЫ

       Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бастап жыл сайын 18 сәуір күні атап өтіледі. Мерекені 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы белгілеген. Мерекенің басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару.

        Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Осы бағыттағы халықаралық актілердің арасынан 1954 жылғы «Қарулы қақтығыс кезінде мәдени мұраларды қорғау туралы», 1972 жылы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы», 1979 жылғы «Мәдени мұраларды заңсыз тасымалдау және оларға деген меншік құқығын беруге тыйым салу шаралары туралы», 1988 жылғы Кеңес Одағының «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» конвенцияларын атауға болады.

        Тәуелсіздік жылдарынан бастап қоғам мен мемлекеттің тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасы өзгеріп, еліміздің өз заңнамасы қалыптасты, ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді халықаралық ұйымдармен ескерткіштерді қорғау саласында ынтымақтастық белсенді дамыды. Елімізде мұны қамтамасыз ету барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдардың адамгершілік борышы және Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңымен белгіленетін міндеті болып табылады. Заңнамада археология, ансамбль, қала құрылысы мен сәулет ескерткіштерімен қатар, ғимараттар мен құрылыстардың қасбетіне орналастырылатын, аса көрнекті тұлғалар және айрықша оқиғалар туралы ақпаратты қамтитын мемориалдық тақталар, сондай-ақ, аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументті өнер туындыларына (ескерткіштер, стеллалар, бюстер) да ұғым беріліп, заңнамадан туындайтын нормативтік актілермен қағидалары бекітілген.

        Аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату арқылы мәңгі есте қалдыру аса көрнекті тұлғаның қайтыс болған немесе тарихи оқиғаның болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң жүзеге асырылады. Одан әрі монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату тәртібіне сәйкес тиісті жұмыстар жүзеге асырылады.

        «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңға сәйкес аудандардың жергiлiктi атқарушы органдары өз аумағында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша, тарих және мәдениет ескерткiштерiне қауiп төндiретiн құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ оларға тыйым салу туралы мәселенi шешедi. Алайда, аудан аумақтарында жергілікті тұрғындар үшін жерлеу тәртібін ұйымдастыру, жаңа қойылымдарға арналған арнайы жер телімін бөлу, оны белгілі бір ұйымға заңдастырып рәсімдеу жұмыстары іс жүзінде орындалмай келеді. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтап қалудағы негізгі шаралардың бірі – аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс.

         Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар екенін де айта кеткеніміз жөн. Солардың бірі және бірегейі төмендегі ескерткіштер.

         Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші. 2011 жылы ескерткіш М.Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойының өткізілуіне байланысты музей жанынан музей алдына ауыстырылды.

         М.Мақатаевтың ескерткіші музей алдына қойылған. Ескерткіш қызыл-қоңыр гранит тастан қашалып жасалып, Мұқағали ақынның бейнесі мүсінмен берілген. Ақын бейнесінен кейін Мұқағали Мақатаев деген жазу жазылған.

          Мүсіннің биіктігі: 1,5 м. Мүсіннен кейін тіктөртбұрышты 2 м гранит тас қойылған.

          Іргетасы қызыл-қоңыр гранит тастардан төртбұрышты етіп жасалған.

          Гранит плиткалардың өлшемі: (20х30 см). Алдына бір қатар баспалдақ қойылған. Баспалдақтың өлшемі (3м ).

          Ескерткіштің авторлары: Кәкімов Қадыржан, Мүсірепова Алжар.

          Райымбек батыр ескерткіші. Батырға Оңтүстік шаһардан ескерткіш ашу мәселесі сонау 2005 жылы ел болып атап өткен 300 жылдық мерейтойда жоспарланған болатын. Сол уақыттар ішінде мүсін қандай сипатта қашалу керектігі жөнінде көптеген пікірталастар орын алды. Бұл жұмысқа батыр атындағы қордың мүшелері аттай жеті жыл уақыттарын сарп етті . Енді міне, сол зор еңбектің нәтижесінде асқақ ескерткіштің бой көтергенін көріп отырмыз .

           Ескерткіш мүсінінің авторы – Рахмадиев Едіге, дизайн авторы – Поляков Игорь, Сәулетші – Немчиков Владимирлер ескерткішті жасауға кіріспес бұрын батырдың тарихи тұлғасын жіті зерттеді . Ескерткішті әзірлеу жұмысы 2 айға созылды . Батыр монументінің негізгі орнына 200 шаршы метр бетон құйылды . Ескерткіш тұғыры Қордайдың қызыл гранитінен жасалып, мүсіні қолдан құйылған. Биіктігі 13 метрді құрайды. Соның арқасында ескерткіш ойдағыдай шыққан .

         Албан Асан Барманбекұлы ескерткіші жайлы мәліметтер.

         Албан Асан Барманбекұлы 1867 жылы қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақпақ өңірінде дүниеге келген де, 1916 жылғы көктемге қарай қайтыс болды. Жастайынан зерек, қатарының алды болып өскен Асан әуелдегі ауыл молдасынан хат таныған. Өзбек, тараншы саудагерлеріне еріп Ташкент, Бұқара, Самарқанд, Ашхабад шаһарларынан оралған соң Асан ірі қара молда атанып, Албан Бұғы руының арасында бала оқытумен айналысқан. Діни медреселерден білім алған. Араб, парсы тілдерінде оқып, жақсы білім алып, аздап орысша да білім алған. Албан Асан өлеңдері 1934 жылы тұңғыш рет «Қазақстан ескі әдебиет мұралары» сериясымен жарыққа шықты.

         1934 жылы Қызылорда қаласында кітап етіп шығаруға ұсынған І.Жансүгіров Халық жауы деп ұсталғаннан кейін бұл кітап етіп жарық көрмеді. «Ақырзаман» деген атпен Албан Асан сөздерін жинап, баспаға дайындаған ақын Ілияс Жансүгіров болды. Асан «ел тілегін айтып, зар мұңын сөзбен шығаратын» ақындар санатындағы ақын. Асан — патшалық жүйеге қарсы шыққан, сол жолда жанын да аямаймаған жан, қоғам қайраткері. Ендігі жердегі ел өзгерді. Тарихқа, өткен күндердің руханият мұраларына жаңаша көзқарастар қалыптасуда, ендеше Албан Асан Барманбекұлының мұралары жөнінде де тәуелсіздік тұғыры мүдделері биігінен ақиқат сөз айтудың мезгілі жетіп, уақыты енді келді. Қазақстан Республикасының Үкіметінің 1998 жыл 30 желтоқсан № 360 шешімі бойынша Райымбек ауданындағы Қарасаз орта мектебіне ақын, ағартушы Албан Асан Барманбекұлы есімі берілді.

         Мектептің алдында 1999 жылы 28 мамырда ескерткіш мүсіні орнатылды.

         Ескерткіштің авторы Құрақбай Егізбаев.

         Монументалды ескерткіштің негізгі бөлігі бетоннан құйылып, сырты бронзамен әрленген. Оның биіктгі 1.7 м х 1.7 м. Тұғыры темір бетон конструкциямен тұрғызылған. Биіктігі 1.9 м х 1.9 м. ескерткіштің айналасы биіктігі 20 см. Бардюрмен қоршалған. Оның ұзындығы 13.0 х 13.0м. Алдыңғы жағында мәрмәр тастан ойылып Албан Асан Барманбекұлының туған жылы мен қайтыс болған жылдары жазылған — 1867ж.-1918 жыл. Жазудың көлемі 50х30см.

        Біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – барша қоғам болып Ұлы дала халқының ұлттық құндылықтарын сақтау және болашақ ұрпаққа аманат ету болып табылады.

Алмагүл ЖҰМАҒҰЛОВА,

М.Мақатаевтың әдеби — мемориалды музейінің қор сақтаушысы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password