ЕСІМДЕГІ ЕСТЕЛІК

    1956 жылы соғыстың біткеніне он бір жыл өткен кез еді. Совет өкіметінің дәуірлеп тұрған заманы бұл. Сол өкіметтің көсемі сонда Никита Сергеевич Хрущев болатұғын. Ол сол жылы барлық колхоздарды бір-біріне қосып ірілендіру саясатын жүргізді. Тың және тыңайған жерлерді игеріп, барлық жерлерге кукуруза өсіруді бұйырды. Осы жарлық біздің аймаққа келіп іске аса бастады. Біздің Шалкөде аңғарындағы Қошқар-Шибут, Қарасаз ауылдары қосылып Сергей Миронович Киров атындағы колхоз болып құрылды. Бірнеше жүз гектар жерлерге кукуруза, шемішке және қызылша егілді.  Олар жақсы өнімін бергенімен піспеді. Ал енді малды бір-біріне қосып реттеді. Менің әкем жылқы бағады. Ол кісіге аналық басты бөліп беріп, жеті жүз бас жылқыны менің  әкем Әкімбай, Ахмет Сүгірбекұлы және Сәлімбайұлы Темірбек, Мақатайұлы Көрпеш бағатын болды. Сонымен жылқы жайлауға шыққанша екі-үш күн ерулеп Абайылда деген жерде жатты. Көрпеш біздің үйде жатып кезегіне кештетіп кетіп жүрді. Бір күні Мұқағали аға бажасы Ахметжан аға екеуі біздің үйге кіріп келіп әкеме сәлем беріп дастарханға жайғасты. Дастархан басында сөзді өзі бастап,  аға мен сізге Нақаңның сәлемін жеткізгелі келдім. Мына Нақаң  жеңгеңіздің жетілмек Көрпеш Сіздің жаныңызға келіп көмекші болған екен, сізге осы баласына көз қырын сала жүрсін деді. Айыл-тұрманын Нақаң төркіні жақтан түгендеп берген. Төзімі мықты жігіт өзіңіз тәрбиелейсіз ғой–деді. Мен мына Ахметжан ағамен бірге Алматыға барамын. Ахметжан ағаның Мұхаметжан деген ағасы табылды. Ол бұрын бұл кісілер жетім қалғанында жетімдер үйіне түсіпті. Кейін ержеткенсоң орыстан әйел алып балалы-шағалы болып, сол қала жақта тұрады екен. Енді  содан хат келіпті. Соған бармақшымыз аға –деді. Содан біраз күн өткенде көшеде ойнап жүріп Ахметжан ағаның үйі жаққа барсам көк майса жерде балалар шоғырланып бір нәрсені қызықтап тұр. Барып қарасам Мұқағали аға, өзім кішкене кезімнен танитын май жинаушы агент болған Сұлтанбаев Қайранбай аға Болымбек атамнан «тоғызқұмалақ» үйреніп жатыр екен. Жақындап барып салам бердім. «Әликсалам» — деді, ең бірінші Болымбек атам сонда ғана шұңқырдан екі саусағымен тас ала алмай жатқан. Өте алып денелі Қайранбай аға «Өй, Нұрланбысың ағамның қалы қалай ержеттіңба?» — деді. Ал, Мұқағали «Ей Нұрлан Көрпеш келдіма, олар қымыз байлаппа» — деді. Әкем кеше кетті Көрпеш аға бүгін қымыз әкеледі – дедім мен. «Бәрекелді, шұбарым» бүгін бұйырса жаңа қымызғада ернің тиетін болды деп күлді. Шұбар деп отырғаны Қайранбай аға, ол кісінің бетінде шешектен қалған  шұбары бар екі қолы екі күректей, жүз келеден асатын аса қарулы алып адам еді. Мұқағали екеуі қалжыңы қатты жарасатын құрдас еді. Содан соң біздің үйге беттеді. Қымызды түсіріп жатқан Көрпешке уыз баталарын беріп Қымызға қанып жайларына кетті. Сол көрініс күні бүгінге  дейін есімнен шықпай жиі еске аламын. Олар ешкімді жатсынбайтын еді. «Жақсының жаттығы жоқ» деген осындайдан қалған ғой. Сол ағаларымның мейірімімен тұлғасын жиі еске алып сағынатын болдым. Шіркін, жалған өмір-ай!

Нұрлан ӘКІМБАЕВ ,

зейнеткер ұстаз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password