ЕСІМДЕ СОЛ БІР СӘТ

      Иә, мен 1986 жылы Талдықорған қаласындағы Индустриалды-педагогикалық техникумның үшінші курс студенті едім. Сол жылы 16-желтоқсанда Мәскеудің тағайындауымен Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің бас хатшысына қазақ еліне еш қатысы жоқ Г.В Колбин деген азаматты басшы етіп сайлағанын бүкіл қазақ еліне бірге көгілдір экраннан көріп, естідік. Әрине, мұндай саясат сол кездегі 70 жыл кеңес үкіметінің қол астында болған қазақ жастарының ашуызасын тудырды. Осындай теріс саясатқа қарсы еліміздің бірнеше қалаларында студенттер мен жұмысшы жастар бейбіт шеруге шықты.

     Шерудің мақсаты: «Әр Республиканы өз ұлтының адамы басқарсын, басшы жергілікті жерден болсын» деген еді. Алайда, бұл бейбіт шерудің аяғы тағы да сол теріс саясаттың арқасында үлкен көтеріліске ұласты.

      Көтеріліс Талдықорған қаласында болды. 17 желтоқсан күні кешкі сағат 7-8-дер шамасында бізде сол қаладағы студент жастармен бірге орталық алаңға бет алдық. Алайда бізді діттеген жерімізге жеткізбеді. Жастардың талаптарын тыңдамастан, өрт сөндіргіш көліктерден су шашып әскер күшімен жатақханамызға дейін қуып алып келді. Осыдан кейін әскерлер бірнеше күн оқу ғимараттарынан шығармай, қамауда ұстады. Әкімшіліктен келген бірнеше адамдар күнделікті өз лекцияларын оқумен болды.

      Сол кездегі бір әскери шендінің «мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылмаңыздар» деген сөзі әлі есімде. Шеру кезінде алдыңғы қатарда болған біздің оқу орнының бірнеше студентін оқудан шығарғанын көзім көрді. Қазақ жастарына маскүнем, нашақор, бұзық, ұлтшылдар деген айыптаулар тағылды. Әрине, бұл көтеріліс еліміздің егемендік алуына ірі қадамдардың бірі еді. Міне, биыл осы желтоқсан көтерілісіне 35 жыл. Құдайға шүкір, қазір егемендік алған тәуелсіз елміз. Бүгінде еліміздің тәуелсіздік алғанына 30-жыл толып отыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Бақберген ЗІКІРИЯЕВ,

Шоқан Уалиханов орта мектебінің мұғалімі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password