Ертеңі жарқын «Нұр Отан»
Күндердің сұлтаны болған жұма күні аудандық мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналған «Ертеңі жарқын Нұр Отан» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Жиынға партия ардагерлері, БПҰ-мүшелері және төрағалары, «Жас Отан» ЖҚ-белсенділері, мекеме басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Айтулы жиында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Жолан Ыбрайахынұлы күні кеше ғана Астана қаласында болып өткен кезекті XVIII съез жаңалықтары жайында ортақ ой бөлісіп, мерекелік жиынның мағынасын арттырып, барша партияластарды «Нұр Отан» партиясының құрылу күнімен құттықтады. Қазақстанның жетістігі мен табыстарындағы партияның рөлі мен орнына, жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Салтанатты жиын барысында аудан әкімі атаулы мерекеге орай партия ардагерлерімен, белсенділерін «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Төлендіұлының арнайы алғыс хатымен және партия қатарына жаңадан қабылданған азаматтарға салтанатты түрде партия билеттерін табыстап, естелік сыйлықтармен марапаттады. Шарада «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Рауанқызы партияластарды партияның 20 жылдық мерекесімен құттықтап, Елбасы партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың партия алдында қойған міндеттерін бірге жүзеге асыруға арналған бағдарламамен таныстырып, баяндама жасады.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен партияның 20 жылдығына орай Қайнар ауылдық округі Қайнар орта мектебінде «КОВОРКИНГ» білім орталығы ашылды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ж.Омаров және мәслихат хатшысы Е.Құдабаев орталықтың лентасын қиып, ашылу рәсімін жасады. «Коворкинг» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «бірлесе жұмыс жасау» деген мағынаны білдіреді. Замануи орталыққа келген адам өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік алады. Орталықта жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалған. Оқушылар бос уақыттарында үстелдік ойындар ойнап, соңғы жаңалықтарды талқылап, пікір алмаса алады. Сонымен қатар, кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен Қайнар ауылында жаттығу залы, күрес залдары ашылып, қуанышқа қуаныш қосылды. Ауыл жастары бос уақыттарын спортпен шұғылданып, білім алуға жұмсауға жағдай жасалынып жатса – басшылықтың еңбегі екені сөзсіз. Еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрып, бірыңғай онлайн кітапхана жүйесін қалыптастыру мақсатындағы бұл жобаның іске асырылуы партияның 20 жылдығына орай әрі қарай да өз жалғасын табады.
Елбасы ұсынған “Цифрлық Қазақстан” – цифрлық технологияны меңгеру ғана емес, жаңа заманға бейімделу. Елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін қолға алынған бағдарлама қоғамнан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Ол үшін азаматтардың ІТ-сауаттылығын арттырып, жаңа технологияларды күнделікті өмірде кеңінен қолдану міндеті тұрғаны бәрімізге белгілі. Осы орайда, Президент жүктеген тапсырманы орындауға зор жауапкершілікпен кіріскен “Нұр Отан” партиясы білім беру саласын цифрландыру, мектептерде электронды күнделік жүйесін енгізу және бағдарламалау мен робототехника негіздерін тереңірек оқыту үшін еліміздің түкпір-түкпірінде ІТ сыныптар мен ІТ орталықтар ашу ісін қолға алды
. Бүгін, міне, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы қарсаңында аудан орталығындағы Б.Соқпақбаев атындағы орта мектепте IT сыныбы да ашылды. Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы еліміздің әр өңірінде қолдау тауып, жүзеге асырылып келеді.
Суреттерді түсірген Елдос Ахметжан, «Хантәңірі» газеті.
0 Пікір