ЕРКІН ДИАЛОГТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

        Қызды — өріс, ұлды — қоныс деп білген қазақтың ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударуы тегін емес. Халқымыз қоғамдағы ер-азамат атына лайықты ұлды тәрбиелеу үшін арнайы тәрбие бағытын қалыптастырса, ел анасы болуға қабілетті қыз баланы тәрбиелеудің өзіндік қағидаттары мен бағыты бар.

        Қыз бала жаратылысынан нәзіктік пен сұлулықтың символы іспеттес. Осынау ерекшелігіне орай, қоғамдағы орны мен өмір салты да басты назарда. Қыз тәрбиесімен айналысу шаңырақ шеңберіндегі отбасы мүшелерінен бөлек, тұтас бір қауым мойнындағы жауапкершілік. Өкінішке орай, нәзік жандыларға көрсетілер құрметпен қатар, төнер қауіп те, сұқтана қарайтын көздер де көп. Қыз баланың балғын балалық шағынан бастап, жасөспірімдік кезеңіне дейінгі және бойжеткендік кезеңі, тіпті  тұрмыстағы ана болып күн кешуіндегі әйел тағдыры, оның  қауіпсіздігі мен қалыпты өмір сүруінің кепілдігі барша қоғам назарында. Қыз балаға жасөспірімдік шағында тәрбие беретін ошақтардың бірегейі-мектеп. Осыған орай, ауданымыздағы Ораз Жандосов атындағы орта мектебінде “Кәмелетке толмағандар арасында жасалған жыныстық тиіспеушіліктің және ерте жүктіліктің алдын алу” мақсатында жоғары сыныптың оқушы қыздарымен кездесу өтті. Кездесуде бірқатар жауапты тұлғалар қыздарға кеңес беріп, түрлі  танымдық ақпараттармен бөлісті. Алғашқы сөз тізгіні аудандық аналар алқасының төрайымы Балжан Омароваға берілді. Сөзіне ақын Ақұштап Бақтыгерееваның “Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу бір бөлек” деген сөзін тұздық еткен ардагер ұстаз қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы тиістігін нақтылады. Қыз бала бойындағы ұлттық құндылықтар жайын  сөз еткен төрайым сөзін АПБ Тергеу бөлімшесінің полиция капитаны Альбина Сраждинқызы жалғады. Мектеп оқушылары полиция капитанына кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылар жайлы маңызды сауалдар қойып, мардымды жауап алды. АПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Әсел Сәдуақасова жасөспірімдер арасында орын алатын суицид пен оның алдын алу жолдарына тереңінен тоқталып,  құқықтық тәрбие маңызын ерекше атап өтті.  Кездесуге қатысушы полиция қызметкерлерінің қыздарға берген кеңесі олардың Заң аясындағы құқықтық сауаттылықтарын жетілдіруге үлкен септігін тигізгеніне көз жеткіздік.  Ерте жүктілік мәселесінде дәрігердің кеңесі басты қажеттілік. Осыған орай, Нарынқол ауылдық ауруханасының гинеколог дәрігері Тойлыгүл Байларова ерте жүктіліктің қауіптілігін салмақтады. Дәрігердің айтуынша, жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді, жүрек қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарға үлкен жүктеме түседі. Мұның қиындығы- жасөспірімнің гармондық қайта құрылуы жүктіліктің қайта құрылуға жүктелгені және қыз баласының жас организмінің осындай жүктемелерге әзір еместігі. Әрбір қыз бала денсаулығына алаңдаушылық білдіретін ақ халатты абзал жан ерте жүктіліктің негізгі себебін-жыныстық тәрбиенің олқылықтарымен түйіндеді. Ата-аналар комитетінің мүшесі ретінде Майнұр Сейдахметова көп талқыланатын қыз тәрбиесінің маңызды тұстарын тілге тиек етті. Қызды тәрбиелеу оны барша қоршаған ортадан оқшаулау еместігін түсіндіріп, қыз баланы тәрбиелеудің жан-жақтылығына дәлелдер келтірді. Кездесудің қорытынды сөзі мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бағдагүл Қаратайқызына берілді. Кездесудегі салиқалы әңгімеге көңілі толған ұстаз сөз соңын Мұқаңның:

«Қыздарды көрсем бір түрлі,

Өзімнен- өзім мұңданам.

Тиям да бейқам күлкімді

Өзімнен-өзім сыр бағам» өлеңімен астарлы қорытты.

   Жауапты тұлғалар мен ұстаздардың айтқанын байыппен тыңдап, сараптай  отырған қыздардың сауалдары да толысып қалған екен. Ауызша сұрақ қоюмен қатар,  қыздар жазбаша сауал қоюда да ерекше белсенділік танытты. Кездесудің маңыздылығы  құрылған еркін диалог арқасында айқындала түсті. Дегенмен, ұяңдығы басым ауыл қыздарының ауызша сұраққа қарағанда жазбаша сауалда белсенділік танытқандары еркін диалог шеңберін сәл шектегендей. Десе де, жиналысқа қатысушы қыз балалардың өрілген бұрымдарына тағылған ақ бантиктері  мен арнайы мектеп формалары көзді ерекше баурап, жаныңды жылытады. Осынау ақ бантик пен ақ жейде астарында жатқан тазалық-  кіршіксіз тәрбиеден хабар береді.

Ақерке БИЖАН.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password