Ер есімі ел есінде
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Осыған орай, аудандық кітапхананың мұрындық болуымен «Бір көше, бір тарих» жобасы ұйымдастырылды. Салалалап айтар болсақ, «Туған жер» бағдарламасы аясында азаматтың ел игілігі үшін жасаған жақсылықтары жерлестері, ұрпақтары алдында ұлықталды.
Нарынқол ауылындағы Ахметбай Бекмұханбетов атындағы көшенің бойына азаматтың шам шырақ шапағатын көрген, ағалық ақылына ерген туған туыстары, дос-жарандары жиналды.
Азаматтың атындағы көше бойына көп көрім көрме ұйымдастырылды. Көрменің көркін қыздырған Ахметбай Бекмұханбетов жайлы жазылған Беркін Әкебаевтың «Мен білетін Нарынқол» кітабы, ақын Еркін Ібітановтың «Ахматбайға» атты арнаған өлеңі мен «Нарынқол бар Хантәңірі баурайында» энциклопедиялық топталмалары көз тарта, көңіл аулады.
Ахметбай Бекмұханбетов 1934 жылы ( сол кездегі Нарынқол ауданы) қазіргі Райымбек ауданы Жамбыл ауылында қатардағы колхозшы отбасында дүниеге келген. Қаратоғандағы жеті жылдық мектебінде 8-10 сыныбын интернатта оқиды. Бар жоғы бір жасында шешесі қайтыс болып, 1942 жылы әкесі соғысқа аттанады. Өзді өзі болғанша ертеден қара кешке дейін еңбекпен есейген ер балалармен азапты күндерді бірге көрді. Сырттың, іштің демей қолға тиген жұмысты қомсынбай қабыл алды. Шыңдалды, шынықты.
Тарихи тұлғаның ел біліп білмес азаматтық келбетінен басқа, кісілігі мен кішілігін, адалдығы мен адамдығын айқындайтын аға ұрпақ өкілдері аз сөйлемеді.
– Нарынқолдың қасиетті топырағына кім келіп кім кетпеді дейсің. 13 жыл ауданның өсіп өркендеуіне қызмет еткен Рахымжан Мақашевтай абыройлы азамат талай жасты тәрбиелеп еді. Оның ішінде Ахметбай Бекмұханбетов та бар. Тиіп тұрған Текестен арнайы қалап алып, аудандық камсомол комитетіне жұмысқа шақырады. Іскерлігі мен еңбекқорлығын сол кездің өзінде-ақ танытқан Ахметбай қандай жұмыста болмасын жауапкершілігімен көзге түсті. Ұрпақ білу керек. Дүрілдеген Нарынқолдың ортасынан көпшілікке арналған монша салдырып берген осы Ахметбай болатын. Одан да басқа үлкенді-кішілі бой көтерген мекемелердің барлығында Ахметбайдың қолтаңбасы қалды,–дейді ауданның Құрметті азаматы Таутай Естеусізов.
Ахметбай Бекмұханбетов 1951 жылы орта мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы ұстаздар даярлайтын педагогикалық институтына түсіп, оны 1953 жылы математика мамандығы бойынша бітіреді. 1956-57 жылдары Эстонияның Прино қаласында әскери борышын өтеп келген соң, 1959 жылы 25 жасында аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет етеді.
Өз кезегінде зайыбы Күләш Шарипова аға туралы ағынан жарылып, саралы сөз сөйледі. Мұндайда керемет жоба аясында ер есімін ұлықтап жатқан аудандық кітапхана ұжымына алғысын жаудырды. «Асыл пышақ қап түбінде жатпайтынына» жан жұбатты. «Ахметбайдың өмірден озғанына 35 жыл болды. «Бір көше, бір тарих» жобасына рахмет айтамын. Асыл мінезді азаматты сыйлаған, бағалаған жандардың барында аты асқақтай береді» – деді, К.Шарипова.
«Мен білетін Нарынқол» кітабының авторы Беркін Әкебаев Ахметбай Бекмұханбетовтың өмірдегі жарқын сәтерін тілге тиек етті. Оның 1962 жылы Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілгенін, 1965 жылы аудандық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру жұмысын істеп, кейін үгіт-насихат бөлімін басқарғанын, сондай-ақ 1965-1966 жылдары «Ұзынбұлақ» совхозының партия комитетінің секретары болғанын жіпке тізе хабарлады.
Ауыз толтырып айтар аудан үшін атқарған қыруар жұмыстардың жөнін, жобасын жоғары бағалаған, ағаға іні, ініге аға болған кіші пейіл қарапайымдығын айтып тауспас естеліктермен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қанат Ахметов, ардақты ана Бихан Кенебаева, аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов ерекшелей жеткізді.
Көрмеге жиналған көпшілік, шара соңында азамат туралы жазылған деректі кітаптармен танысты. Ахметбай Бекмұханбетовтың ошақ отын өшірмей отырған ұрпақтарына ризашылық танытты.
Сегіз баланы тәрбиелеп өсірген үлгілі жанұядан шашау шығармай бақытқа бөлеп келетін анамыз – Күләшқа, қара шаңырақ иесі ұлдары – Қайратқа, Қайсарға, Құралбекке, қыздары – Ғизатқа, Майраға, Алмаға, Сәулеге, Шолпанға ақсақалдар ақ баталарын берді.
Алдағы уақытта аталған жоба бойынша кітапхана ұжымы аудандағы Есенаманов, Өмірзақов сияқты бірнеше көшелердің тарихымен таныстырып, кемел келбетті тұлғаларымызды ұрпақ санасында жаңғыртуды жалғастыра беретін болады.
Серікжан Мурасилов,
Суреттерді түсірген Елдос Ахметжан.
Нарынқол ауылы.
0 Пікір