«ЕНДІ МЕН ӨЛЕҢ БОЛЫП ОРАЛАМЫН…»
Қаршадайынан өнерден де, өмірден де жетiмдiктiң тек ащы дәмін татып, Алашына бар болмысымен ашыла алмай кеткен арманы биiк, арлы ақынның бірі — Мұқатай Жылқайдарұлы тiрi болса, биыл 83 жасқа келер едi. Жай келмес еді, сырға толы, жырға мол керуенімен келешекке қарай жылжып бара жатар едi. Амал нешік…. Ақынға келгенде маңдайы тар, қабағы қату қатал тағдыр оны аямай соққылады. Тіл десе тілі, дiл десе дiлi бар орда бұзар ақын асау мiнезбен жиырмадан асқан шағында-ақ жолсызға қарай кiлт бұрылып, адасты да кетті…
Содан маңдайы тауға да соғылды, тасқа да тірелді. Жасымады. Азаматтық һәм ақындық намысының жеңімпаз туын тік ұстап желбіреткен күйi қазақ даласының төрт құбыласын соқа басы сүле-сопа түгел шарлап болып, ақын есiмiн Алашқа әйгiлеген аялы Алматысының төсінде келешекке жаңа қадаммен қайта бір серпіле адымдап келе жатқанда қара жолдың үстiнде зымиян заманның зымыран мәшинесi қақты да кетті. Бұл 1990 жылдың 12 қарашасы едi. Мұқатай мұңлық Алматы — Нарынқол күре жолының үстiне қайта тұрмастай қатты кұлады. Сәлден кейін алып ақын қазасына ашуланғандай жер ана сiлкiндi. Содан соң ақтарыла төңкеріліп, ойбауырымдап Ай құлағандай күңіренген, күркіреген аспан ағыл-тегіл жылады. Толассыз екі күн жылады. Ақынның жамбасы жерге тигенше, жүрегі Жер-ананың жылы топырағымен көмiлiп бiткенше тоқтаусыз егiлiп тұрып алды.
Бірлі-жарым ет — жақыны, рухани жанашыры болмаса, барша қазақ Ақын қазасы мен табиғат азасы астасқан бұл кұбылысқа аса мән бермеген еді… Содан бері де отыз жылдан асты…
Сағатбек Медеубекұлы,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
0 Пікір