ЕЛІНЕ ЕЛЕУЛІ ЖАНДАР ЕДІ

       Уақыт шіркінде тоқтау бар ма?! Жаңа ғасырдың жиырмасыншы жылдары да бастау алды. Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылының тұрғындары Дыбыс ата Діністанұлы мен жұбайы Райымбайқызы Шәркүлді ұмыта қойған жоқ. Еліне сыйлы қарапайым жандар еді. Дыбыс атаның дүниеден озғанына тұп-тура 40 жыл болыпты. Бұл бір азаматтың ғұмыры. Ал, Шәркүл анамыздың қайтыс болғанына биыл он жылдан асыпты. Дыбыс ата өз тұсында Қақпақ ауылындағы «Коммунизм» кеңшарында малшыларға хат-хабар тасымалдаушы болып еңбек етті. Бұл шын мәнінде сол кездің жақсылығы. Қазір малшыларға хат-хабар таситын қызмет түрі жоқ. Сол қысы-жазы қыстауында отыратын малшылар газетке жазылудан да сырт қалып жатады. Оларды ойлап жүрген ешкім жоқ. Жараулы атына мініп алып бүкіл малшыларды, шопандарды, жылқышыларды аралап шығу деген оңай шаруа емес.Бер жағы Үлкен Қақпақ, Тұйық, одан кейін Көксай, Көкбел, Елібай, Қарасай секілді өңірлерді аптасына бір рет аралаған кезде Дыбыс атамыз бір жарым күн қонып, келесі кұндері кештете ауылға келетін болуы керек. Өз ісіне шынайы берілген адам еді. Жұмысын тындырымды атқаратын. Көп сөзі жоқ жан болды. Ешкімге артық ештеңе айтпайтын. Өз шаруасымен күндерін өткізіп жүруші еді. Сол тиянақты ісі үшін кеңшар тарапынан талай мәрте мақтау қағаздарына ие болып жүрді. Оның сыртында малшылар қауымының алғысын арқалады. Қыр жайлаған ағайынға ақпарат арқалаған газет-журналдарды, оның сыртында аттарына жазылған хат-хабарды дер кезінде жеткізіп отыратын. Бұл бір адамға үлкен салмағы бар, жауапкершілігі де мол жұмыс болатын. Дыбыс атаның қардың астында, жауынның астында қалған кездері, боранға тап болған сәттері де аз болмады. Ол кісі күннің ашықтығын қарап отырмайтын. Бір аптаның газет-журналдарын атының арт жағына бөктеріп алып, суыт жолға шығып кетіп бара жататын. Атамыз небары 59 жасында 1981 жылы 25 қыркүйекте Кегенде қайтыс болды. Онда да шаруашылықтың кезекті тапсырмасын орындау үшін іс сапарға шыққан кезде үлкен жүрек тоқтап қалды. Шәркүл анамыз сексен жасынан асқан шағында 2010 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Асыл анамыз «Алтын алқалы» ана болды. Дүниеге 2 қыз, 5 ұлын әкелді. Шаруашылықтың науқанды жұмыстарында, қырманда еңбек етті. Дыбыс атамыз бен Шәркүл анамыздың ұлдары мен қыздары еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар болып қалыптасты. Әр салада әр түрлі мамандық бойынша жұмыс істеді. Бәр жоғары білімді маман болды. Өзіміз білетін Советбектей досымыз ұзақ жылдар кеден саласында жемісті жұмыс істеді. Қазір Талғар аудандық аумақтық инспекциясын басқарады. Болатхандай ініміз өз тұсында Қақпақ арендалық бірлестігін басқарды. Қазір Алматы қаласының маңында тұрады. Басын құрап, жүргізіп келе жатқан шаруасы бар. Болатжан ағамыз да үлкен қызмет атқарады. Қос бәйтерек Тұрсын, Бекен, Болатжан, Советбек, Болатхан, Қанатай, Қанатбек атты қыздары мен ұлдарынан жиырмаға тарта немерелі, 13 шөберелі болды. Дыбыс атамыз көрмеген жақсылықтарды Шәркүл анамыз көріп кетті. Қос бәйтеректі жерлестері ұмытқан жоқ. Немере-шөберелерімен ғұмырлары жалғасып, ұзара түсуде. Бұл да өмірдің жақсылығы. Кезінде қарашаңырақтарында болып, қолдарынан дәм татқан асыл жандар біздің де ойымызда тұр.

Қанат САТЫБАЛДЫ,

Қақпақ ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password