ЕЛІМ-ЖЕРІМ ДЕГЕН АЗАМАТ ЕДІ

       Аспантаулар өлкесінің тұрғындары Нүсіп Сүйіндіковтей азаматты, ел ағасын ұмытқан жоқ. Қасиетті Қақпақ ауылында өсіп-өнді. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Шәкірттеріне тарих пәнінен дәрісін берді. Неше жүздеген шәкірттерін түлетті. Жалпы, Нүсіп ағаның Қақпақ ауылындағы орта мектептің өркендеуіне қосқан үлесі қомақты. Аталған білім ордасының толқын-толқын түлектері, ұстаздар ұжымы ардақты ағамыздың еңбегін, жайдары жүзін жадыларынан шығармасы анық. Зейнеткерлікке шықаннан кейін Қақпақ ауылындағы тура мінезді, айтқанынан қайтпайтын, ауылы үшін отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде де көптің көңіліне жылы ұялап қалды. Өткен жылдың жаз маусымында асыл ағамыздан айырылып қалдық. Көптен бері мазалап жүретін сырқаты алмай тынбады. Сөйтіп, елім-жерім деп жүретін, ұлттық мақсат-мүддемізді бір сәт те ойынан шығармайтын ұлағатты ұстаз, ақ жарқын азамат мәңгілік бесігіне бөленді.

       Нүсіп ағамызбен бір ауылда, бір көшеде, өте жақын көрші тұрдық. Тумаса да туған ағамдай сондайлық қамқор болды. Жетістігіме қуанды. Әр аттаған қадамыма сәттілік тіледі. Орнымен ақылын айтты. Соның бәрі күні кешегідей көз алдымда қалып қалды. Өзімізден бір-екі жейдені бұрын тоздырған ағамыз бауырмал еді, көпшіл болатын. Қарапайым мінезімен көпке жақты. Бастамашыл, ұйымдастыру қабілеті де мол болатын. Ешкімді алаламайтын, бөлелемейтін. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор, ақылшы бола білді. Кім болса да танысқан сәттен-ақ бауырына кіріп, әп-сәтте жақын адамдарының біріндей болып кететін. Бұл танымы мен талғамы бөлек, түсінігі мол ағамыздың ақ жарқын, жайдары, бауырмал мінезінің жақсы көрінісі еді. Тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан айналасындағыларға да, шәкірттеріне де айтары көп, ұсынары жетерлік болды. Әсіресе, мемлекеттік тіліміз, дініміз бен діліміз, салт-дәстүрімізге сондайлық адал, сондайлық жақын еді. Ұлттық мүдде тұрғысында көп-көп әңгіме айтатын. Тілімізді қорғау, жерімізді қорғау жайлы ұрандата әңгімесін айтатын. Өсіп-өнген ауылының кем-кетігі, толғандырар тұстары, болашақ-келешегі де ағамызды аз ойландырған жоқ, көп толғандырды. Бар өмірін сол Қақпақтай ауылының жақсы болуына, көштен қалмауына арнады десек, артық айтпаймыз. Нүсіп ағамыз ауылдың басты-басты жиындарынан қалмайтын. Өзгелер сияқты бұғып, «иә» деп бас шұлғып отыра бермей бірден сөз алып, ойындағысын ірікпей, бүкпей айтып, ұсыныс-тілегін жеткізіп жүре беретін. Ағамыз шындықты сүйді. Әділдікті қалады. Сол мінезімен ауылдың, ауданның басшыларына жақпай да жүрді. Бірақ, халықтың айтарын айтатын, жұрттың сөзін жеткізетін ағаның жүзі жарық, мерейі үстем болып жүретін. Сол үшін де көптің қалауымен ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы болып адал да абыройлы жұмыс жүргізді. Әлі есімізде, Нарынқол мен Кеген ауданы бір аудан болып тұрған кезінде Кеген мен Нарынқол ауылында өткен, онда облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі қатысқан жиналыста сөз берілмесе де суырылып шығып, қолын көтеріп, мінбеге шығып, ауылының жай-күйін айтып, жеткізгені, аудандағы кейбір көңілге қаяу түсіретін мәселерді қозғап кеткені көз алдымызда қалып қалды. Ағамыз көршілес Қайнар ауылындағы төрт мүшесі түгел сай дүниені өз ауылымен салыстырып, Қақпақ ауылындағы мәдениет үйін, мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуді сөз етті. Ауылдағы ауыз су мәселесін қозғады. Шүкір, ағамыздың жанын ауыртып жүрген Жәмеңке орта мектебі күрделі жөндеуден өткізіліп, ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар үлкен қуанышқа кенелді. Ағамызды толғандырып келген ауыз су мәселесі де шешімін тапты. Қақпақ ауылындағы әр шаңырақ таза ауыз суға қолдарын жеткізді. Ағамыздың жүрегіне салмағын түсірген ауылдағы мәдениет үйі биыл күрделі жөндеуден өткізілуі тиіс. Әділдікті қалайтын, шындықты сүйетін, адалдықты жақсы көретін асыл ағамыз биік мінберлерден халық көңілінен шықпай жүрген, дұрыс жұмыс істей алмай жүрген ауыл, аудан әкімдерін де сын тезіне алатын. Халықтың, көптің жағындағы ағамызды ешкім мұқалта алған жоқ. Мұғалімдік жұмысынан алып тастай алмады. Егер ағамыз басқа салада жүрсе жұмыссыз қалуы да кәдік еді. Ауылым деп, ел мен жер деп шапқылаған кездері аз болған жоқ. Ауылдың түрлі толғақты мәселелерімен аудан әкімінің қабылдауында болып, айтарын айтып, ұсынысын жеткізіп қайтатын. Келіп-кетіп, ауысып жататын ауыл әкімдеріне де арнайы кіріп, ауылдың жайын айтып, мынаны былай істесек, мынаны былай шешсек, мына мәселеге назар аудару қажет деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүруші еді. Ауылының кем-кетігіне жанын ауыртып жүретін, сол үшін отқа да түсуге дайын тұратын ағамызды осы мінезі үшін қалың көпшілік жақсы көрді. «Жұбайы екеуі де мұғалім. Жағдайлары жақсы. Не жетпейді? Неге басын ауыртады? Тыныш жүрсе болмай ма?»,-деген сөздер де сыртынан айтылып қалатын. Бірақ, ағамыз елдің сөзін елемейтін. Кеген мен Райымбек аудандарын қайта қалпына келтіру туралы да орынды мәселелер көтеріп жүрді. Ақордаға, Елбасыға, Парламент Мәжілісінің депутаттарына дейін хат жолдауға Қақпақ ауылы тұрғындары атынан қолдаушылығын көрсете білді. Ағамыз аңсаған сәт те орын алды. Екі ауданның қайта қалпына келгеніне биыл үшінші жылдан асты.

       Жәмеңке орта мектебінің өз тұсындағы білімді, білікті, тағылымы мол мұғалімі, ардагер ұстаз Нүсіп Сүйіндіков өзінің бар мәнді де мағыналы ғұмырында Айман Шорманова атты мұғаліммен отау құрып, Марғұлан, Роллан, Мәлике атты ұлдары мен қызын қанаттандырды. Бәрі бір-бір шаңырақтың иесі болды. Нүсіп аға мен Айман жеңгеміз ұрпағынан немере сүйді. Білім саласының майталмандары, жоғары дәрежелі мұғалім атанып, абыройлы, ақ жүздерімен зейнет демалысына шықты. Қос ұстаздың Жәмеңке орта мектебіндегі тәлім мен тәрбие ісіне қосқан еңбектері елеулі. Ал, жиғаны көп, тергені жетерлік, ұлтын сүйген, елі-жерін ту етіп өмірден өткен Нүсіп ағамыздың ауылына сіңірген еңбегі ұмытылмақ емес. Артында ақ жеңгеміз қалды, отын жағып, ғұмырын ұзартып жүрген өзі мен көзіндей ұлдары бар, алтындай немерелері өсіп келеді. Сол көңілге демеу, сол жанымызға медеу.Ағамыздың жасамаған жасын, көрмеген қызығын алтын жеңгеміз көрсін! Ұрпағына бұйыртсын!

Қанат БІРЖАНСАЛ,

Қақпақ ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password