Елім деп соққан жүрегі

      Орны қалар ойсырап,

Бір күні көрге кіргенде…

Жәнібек Кәрменов

Елім деп соққан, жерім деп соққан жүрегі,

Ақ батамен асқақтатқан ұлы елі.

Желбіреткен жібек туын білімнің,

Қарасаздың өр рухты ұлы еді.

Хантәңірдің халқы қалай ұмытсын,

Жас болсада болған елдің тірегі.

Әрқашанда елі мақтан тұтатын,

Азаматтың бірегейі, бірі еді, — деп Қарасаздық бір інісі Даубай ақын айтқандай, ол бақилық болғалы тоғыз жыл уақыт өтседе, Нұрбатырдай айтулы азаматтың орны ойсырап тұрғандай. Аққан судай сырғыған уақытта тоқтау болмаса да, өзі үшін емес, елі үшін еңбек еткен азаматтың есімі ел есінде берік сақталған.

       Орынбаев Нұрбатыр Жұмашұлы кім еді? Қарасаз ауылының тумасы Нұрбатыр Жұмашұлы 1954 жылы 10 сәуірде дүниеге келген. 1971жылы Қарасаз ауылындағы Энгельс атындағы орта мектебін үздік бітірген соң, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (ҚазҰПУ) математика факультетіне оқуға түсіп, 1976 жылы оқу орнын үздік дипломмен тамамдаған. Өзіне бас штабта қалуға ұсыныс түскенде, «Менің орным алғы шеп, майдан даласы, мен сап командирімін» деп жауап қатқан Бауыржан атасы сияқты Нұрбатыр да Аспирантураға қалуына ұсыныс түскенде, «Менің орным шәкірттерге білім беретін мектеп!» деп алдына айқын мақсат қойып, жұбайы Қалымова Сания екеуі өзі оқыған Энгельс орта мектебінде математика пәнінің мұғалімдері болып ұстаздық жолын бастаған еді. Өзінің алғырлығы мен білім дәрежесінің жоғары екенін көрсеткен жас маманның шәкірттері 1977-79 жылдары аудандық, облыстық өре бәйгелерінде топ жара бастады. 1979 жылы Нұрбатыр директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарлатылды. Асып- тасуды, уақытпен санасуды білмейтін Нұрбатыр бұл қызметте де 1983 жылға дейін абырой биігінен көріне білді. «Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер» дегендей аудан басшыларының назарына ерте іліккен талапшыл жас жігіт Нұрбатыр Жұмашұлы 1983 жылы осы Энгельс атындағы орта мектебіне директорлық орынтаққа отырды. Бірден оқу тәрбие-ісін қолға алып, белгілі ғалымдар К.Бабанский, Ю. Конаржевский, Шаталов, Аманошвилидің еңбектерін пайдалана отырып, оқыту дидактикасын оңтайландыру (Оптималдандыру) жүйесімен жұмыс істеп, аз жылдың ішінде нәтижелі, нақты, сапалы білім алуға қол жеткізе білді. Айналасы он жылдың ішінде мол тәжірбие жинақтаған қолынан іс келетін Нұрбатыр Жұмашұлын аудан басшылары 1986 жылы аудандық оқу бөліміне басшы етіп тағайындады. Осы ретте шағын бір естелік еске түседі. Ол кезде мектептерде есепші болмайтын. Қарасаздағы Энгельс атындағы орта мектебінің директоры Нұрбатыр Орынбаевты аудандық, партия комитетінің бірінші хатшысы Рауан Әріпов қабылдауына шақырды. Қабылдау уақыты сағат 10.00-де. Ұзын құлақтан естуімізше Нұрекеңнің кандидатурасы да аудандық оқу бөлімінің басшылығына ұсынылған екен. Жаңбыр жауып тұр, жер лайсаң. Мектептің ГАЗ-51 автомашинасымен Нұрекең бірінші хатшының қабылдауына, мен мұғалімдердің жалақысын алуға банкке баруға бірге жолға шықтық. Жүргізушіміз Қызайбек Жайнақов. «Байпақовтың кезеңіне» жеткенде машинамыз батпақтап жоғары қарай жүре алмай тұрып қалды. Қызайбек аға машинаны итеріңдер, — дейді. Хатшының қабылдауына барасың ғой сен рульге отыр, біз итерейік деп келісіп, Қызайбек аға екеуміз машинаны итеріп, демеп, доңғалағының астына тас қойып, алдындағы батпақты күрекпен аршып, кезеңнен зорға астық. Менің аяқ киімім мен шалбарым тізеге дейін батпақ. «Жаңа Текес» ауылына жеткенде сағат 9.30 болды. Сендер жолдан қалмай хатшының қабылдауына үлгеріңдер, мен киім ауыстырып, автобуспен арттарыңнан барамын деп машинадан түсіп қалдым. Жездем Әділбектің туфлиі мен шалбарын киіп, жуынып-шайынып ауданға барсам Нұрбатырды аудандық оқу бөліміне бастық етіп тағайындапты. Құшақтасып құттықтап жатырмыз…

       Нұрбатыр Жұмашұлы 1987 – 2008 жылдар аралығында аудандық оқу бөлімінің басшысы қызметінде болды. Бұл қызметте жүріп Райымбек ауданында бірінші болып Халықтық педагогиканы қолға алды. Қарасаздан Жұмаш Өтеев атындағы Халықтық педагогика мектебі Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің арнайы бұйрығымен ашылып, жұмыс жасай бастады. Аудан көлеміндегі барлық мектептердің материалдық техникалық жағдайын, ұстаздар еңбегін бағалау сияқты істерде де көп жетістіктерге қол жеткізді. Мұқағали оқуларын жүзеге асырды. Республикалық деңгейде өткізілуіне күш салды. Ұзақ жылдар бойы үлкен жауапкершілікті жұмысты абыроймен адал атқарып, көпшілік көңілінен шыға білді. Халықтың «Кішіпейіл болғанмен кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғанмен ұлылыққа жетпейсің» деген нақыл сөзі Нұрбатырдай кішіпейіл, парасатты жандарға қарата айтылса керек.

Өмір деген өтпелі, осы орайда Нұрекеңнің ақын досы Шеризат:

Ерекше еді түр, өңің,

Ел жайын ойлап жүр едің.

Айырылып қалып өзіңнен,

Ауырып жатыр жүрегім

Балаға, жасқа, қартыңа,

Керек-ең елге халқыңа.

Аттана бердің ар жаққа,

Көзіңді салмай артыңа.

Ортаймастан жалының,

Бауырым неге арыдың.

Жылағандарды жұбатып,

Жүруші – ең жасап қайырым.

Өтірік сөзді жек көрдің,

Шындықпен ғана шектелдің.

Қарапайым едің жүрсең де Қасында бекзат бектердің, — деп өзінің адал досына деген сағынышын төрт шумақ өлеңіне орап жеткізіпті.

        Нұрбатыр Орынбаев 2008-жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Алматыдағы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың оқу бөлімін басқарды. Қызмет атқара жүріп, үлкендердің алғысын арқалады, өзінен кішілердің құрметіне бөленді. Қоғамға сіңірген еңбегі үшін ҚР оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР Білім беру ісінің үздігі белгісімен, Қазақ Ғылым академиясының жаңашыл педагог төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин медалімен, 1986 жылы Қазақстан Республикасы білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1991жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, зор қошеметке бөленген Нұрбатыр Жұмашұлы Алматы облысы мен Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Отбасының алтын қазығы, ұл қыздарының асқар таудай әкесі, немерелерінің ақылман атасы болған Нұрекеңнің асыл жары Сәния құрмметті зейнеткер ұстаз.Ұлы Жүсіп Сыртқы Істер министрлігінде жауапты қызметте. Қыздары Сайран, Ақмарал, Боталар өз мамандықтарының білгірі болып халыққа қызмет етуде. Дәтке қуат көретініміз, бірді- екілі шара жыл сайын аудан мұғалімдері арасында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Біріншісі: Волейболдан «Нұрбатыр Жұмашұлын еске алу турнирі» Ұйымдастырушы: «Қамқор- 2» кәсіподақ ұйымы, жетекшісі Ұлықпан Әбек. Екіншісі: Мұғалімдердің білім деңгейін шыңдайтын «Мұғалімдер арасындағы математикалық өре бәйгесі (олимпиада)» жетекшісі Әділжан Нөкеев. Қазір мұғалім мәртебесі жайлы көп айтылуда. Десекте, қазіргі жағдайымыз «Бос сөз, жоқ сөз» дегендей болып тұр. Келешек ұрпаққа білімімен де, ісімен де үлгі бола білген, елге, жерге деген перзенттік парызын абыроймен адал атқарған Нұрбатыр Орынбаевтай азаматқа жоқ сылтаулар айтып, бір мектептің не бір көшенің атын бермеу елдігімізге сын емес пе! Кешегі көзін көрген бірге қызмет атқарған азаматтар әлі де аттан түсе қойған жоқ. Неге мұндай халықтық іске олар және депутаттар ат салыспайды? Нарынқолда бұл өңірге табаны да тимеген, еңбегі де сіңбеген адамдар атына берілген көшелерде жоқ емес. Тіршілігінде жүрегі елім деп соққан, елі үшін, жас ұрпақтың келешегі үшін аянбай тер төккен, артында өшпес ізі мен өнегелі ісі қалған аяулы азаматтың еліне сіңірген еңбегін ескере отырып, бүгінгі қайта түлеген Нарынқолдың жаңа бір көшесіне Нұрбатырдай азаматтың есімін неге бермеске! Оған не кедергі?..

       Нұрекеңді соңғы сапарға шығарып салғанда, жаназаға жиналған қарақорым халықтың алдында Нарынқолдан келген зейнеткер дәрігер Сапар ағаның ағыл тегіл жылап тұрып, «Нарынқол халқының екі рет шын жылағанын көзім көрді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда, Сталин қайтыс болғанда және ел үшін аянбай еңбек еткен Нұрбатыр қайтыс болғанда» деген сөзі құлағымда қалып қойыпты…

       Жазбамның соңын ақын досым Мұхтарханның Нұрекеңе арнаған өлеңімен аяқтауды жөн көрдім…

Күндер баяу өтіп жатыр жәй ғана

Ештеңе де болмағандай айнала

Рухыңды нұрландыр деп тәу еттім

Аспандағы жұлдызға да, Айға да!

Біз тіріміз! Ес те түгел, ақыл мол!

Сенсіз, бауырым шаңын атып жатыр жол!

Саған иман! Бізге берсін береке.

Хош бауырым! Пейіште бол! Бақұл бол!

Елеусіз Ахметкерімұлы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password