«Электронды форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу бойынша биылғы оқу жылындағы өзгешеліктер»

     «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс, оларды оқыту нәтижесі сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру қажет» Н.Ә.Назарбаев.

       Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамасымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында ЭЫДҰ елдерінің стандарттары негізінде адам капиталының сапасын көтеруге бағытталған білім беру саласындағы 5 қадам жоспарланған болса, оның үшеуі жалпы білім беру жүйесіне қатысты. Білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды мектепке дейінгі білімнен бастау қажет дегені барлық қоғамға маңызды мәселе болды.

       Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуде. Орта мектептердің өзінде балаларды мейілінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу тапсырылуда.

       Қазақстан Республикасында жүріп жатқан жаһандану, яғни тек ТМД елдері ғана емес батыс Еуропа, мұхиттың арғы жағындағы дамыған елдермен әлеуметтік, экономикалық және саяси байланыстар шетел тілін білуге, өз бетінше үйренуге деген құлшынысты арттырып, оның рөлін күшейтіп отыр. Әлемдік білім алу кеңістігінде интеграциялық процестердің тереңдеп, кең қанат жайған жағдайында шетел тілін оқыту біліктілігі жоғары, маманданған білімі жағынан бәсекеге түсе алатын мамандар дайындау мәселесінің айнымас бөлігі болып табылады. Бүгінде жас мамандарға қойылатын талаптар күшеюде. Олай болса, түлектерге де қойылатын талаптар күшейеді деген сөз. Шет тілдерін меңгерумен қатар, компьютерді толық меңгеру де талап ету заман талабы. Қағаздан электрондық форматқа көшу уақытты талап етеді. Жаңа ереже бойынша, мектеп оқушылары ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады.

       ҰБТ-ны бір рет тапсыру тегін болады. Қазір екінші рет тапсыруды да ақысыз ету мәселесі қарастырылып жатыр. Екінші ҰБТ ақшалай негізде болған күннің өзінде оның сомасы 2 242 теңгеден аспайды. Тестілеу «бір тестіленуші — бір компьютер -бір камера» принципі бойынша компьютермен жабдықталған «U-FUTURE» ЖШС да өткізілетіндігінде 4 пункт: республикалық маңызы бар қалаларда, 14 пункт: облыстық орталықтарында, 4 пункт: моноқалаларда, 29 пункт: аудан орталықтарында жас түлектерді өтініш берген уақытында яғни, 25 сәуір -30 маусым аралығында 2 мүмкіндікпен бір күнде екі лекпен өтіледі. Өтініш берілген күннен кейін уақытысын өзгерту болмайды, тек таңдау пәндерін ғана өзгертуге болады. ҰБТ-ның электронды жүйеге ауысуының тиімді жағы біріншіден, мектеп оқушылары тест күнін күтіп, күйзеліске ұшырамайды. Екіншіден, тестті екінші рет тапсыру мүмкіндігі жүйкеге түсетін салмақты азайтады. Тест парақшасындағы жауаптарды кездейсоқ бояу болмайды. Компьютердегі тестіде оқушы өз жауаптарын өзгерте алады және бір пәннен келесісіне өту мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, тест нәтижесін кешке дейін күту қажеттілігі жоқ. Бұдан бөлек, оқушылар тест нәтижесін алған соң бірден апелляцияға өтініш бере алады.

       Осы жылы ҰБТ тапсыратындар үшін тестілеу уақыты да әртүрлі: жаратылыстану-математика бағыты бойынша емтихан тапсыратындарға 240 минут (4 сағат) бөлінсе, гуманитарлық бағыттағы мамандық таңдағандардың тест уақыты 225 минут (3 сағат 45 минут) болады.

       Компьютерлік тест тапсыру кезінде оқушыларға екі рет үзіліс беріледі. ҰБТ басталған соң бір сағаттан кейін көзді тынықтыру үшін екі минут, екі сағаттан кейін 15 минут берілмек. Осы уақытта түлектер, демала алады.

        ҰБТ тапсыруға арналған өңірлік орталықтармен байланыс жабық VPN-арнасы арқылы жүргізіледі. Бұл арнаға сырттан қосылу мүмкін емес. «ҰБТ-ны тек нақты компьютерден ғана тапсыруға болады. Логин және құпиясөз арқылы басқа адам тапсыра алмайды. Компьютерлерде USB және флэш-карталарға арналған саңылау болмайды. Айта кету керек, тест тапсырушылар Face-ID арқылы сәйкестендіруден өтеді. Сондай-ақ, тыйым салынған заттарды (смартфон, шпаргалка) анықтау бойынша қазақстандық прокторинг жүйесі қолданылады. Тыйым салынған заттар анықталған жағдайда оқушы аудиториядан шығарылады және оның осы жылы тестті қайта тапсыру мүмкіндігі болмайды. Тыйым салынған заттарға тоқтала кетсек: Ақпараттарды тасымалдау функциясымен жабдықталған кез келген ұялы байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефон, планшеттер). Радио-электрондық байланыстың барлық түрлері, оның ішінде wi-fi (вай-фай), BLUETOOTH (Блютуз), DECT (Дект), 3G (3Джи), 4G (4Джи), 5G (5Джи) Ноутбуктер, плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер). Смарт сағаттар, сымды және сымсыз құлапқаптар. Шпаргалкалар, оқулықтар және әдістемелік құралдар.

       ҰБТ тапсырудың 1-ші мүмкіндігіңізде тәртіп бұзған болсаңыз, екінші мүмкіндік берілмейді;

        ҰБТ тапсырудың 2-ші мүмкіндігіңізде тәртіп бұзған болсаңыз, Сіз 1-ші мүмкіндігіңіздің нәтижесімен грант тағайындау конкурсына қатысу құқығынан айырыласыз! Түлектерге осы қағиданы қатты ұстануға кеңес беремін.

       Құрметті жас түлек!

        Мақсатқа апаратын жол – арман. Арманымызды мақсатқа айналдырып соның жолында табандылық таныту — жеңіс. Ұстаздың жеңісі шәкіртті талантты тұлғаға айналдыру. Олай болса ҰБТ-дан жоғары балл жинап, өз орындарыңды өмірден таба біліңдер демекпін.

 Саят УМБЕТАЛИЕВ,

аудандық «Білім бөлімі» ММ-нің басшысы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password