«Елбасы медалін» иеленді
Жуырда аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов «Елбасы медалі» жобасының жеңімпаздары, қола медаль иегерлері Шалкөде орта мектебінің 11-сынып оқушысы Әукен Айсұлуды және Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Тоқтарғазы Ақбөпені арнайы қабылдап, құттықтады.
«Елбасы медалі» жобасы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасы аясында қолға алынды. Жобаға қатысушы жастарға жасына, тұрғылықты жеріне қарамастан, білім, шығармашылық, спорттық, мәдени және өзге де қабілеттері мен қасиеттерін жетілдіру мақсатында бағдарланған. Сондай-ақ, «Елбасы медалі» – білім алушылар үшін барлық кедергілер мен шекараларды жоятын Қазақстандағы алғашқы жоба. Яғни, жобаның қатысушысы өзін жан-жақты дамыта отырып, өз келешегін өзі құруына зор мүмкіндіктер алады.
Жастарға жан-жақты білім беру тәжірибесі шет елдерде кеңінен дамыған. Жүзеге асқан жобалар қатарында өткен ғасырдың 50-ші жылдарында құрылған «Эдинбург Герцогы сыйлығы» бағдарламасын атап өтуге болады. Қатысушылар түрлі салаларда – спорт, мәдениет, ерікті болу, ғылыми зерттеулермен айналысу секілді кезеңдерден өтіп, алтын, күміс, қола медальдарға таласады. Жеңімпаздар тек Ұлыбритания ғана емес, сонымен қатар әлемнің өзге елдерінің жоғарғы оқу орындарына түсу және жұмысқа орналасу кезінде көптеген жеңілдіктерге ие болады.
Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жастарды қолдау бағытында «Ел үміті» жалпыұлттық саясатын ұсынды. Бұл бастама аясында «Қабілет», «Елбасы медалі» сынды бірнеше бірегей жоба қолға алынды. «Елбасы медалі» жобасына қатысу Үкімет қаулысымен бектіліп, Тұңғыш Президент қорының қолдауымен жүзеге асуда.
Аталған жобаға қатысып, бақ сынаған жерлестеріміз қола медальдарды қолға түсірумен қатар, көптеген жеңілдіктерге ие болмақ. Өз келешектерін дұрыс құру жолында игі бастаманың арқасында мәртебелі болмақ. Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов жүлделі орын алған оқушылардың кеудесіне қола медальдарды өз қолымен қондырды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан талапты жастарға сәттіліктер тілеп, әрмен қарай өз білімдері мен біліктіліктерін ұштап, биіктерден көріне берулеріне тілектестік білдірді.
Ә.САРЫБАЙ.
0 Пікір