ЕЛ ЖҮРЕГІНЕ ҰЯЛАҒАН АЛТЫН ҰЛ

     Биыл Барыс жылы дүниеге келген ЕЛ ЖҮРЕГІНЕ ҰЯЛАҒАН АЛТЫН ҰЛ ұрпақтың мерейлі 60 жылдығы. Барыс жылы туған ұлдардың ішіндегі жарық жұлдыздарының бірі әрі бірегейі – Алтынбек Сәрсенбаев. Ол – қазақтың біртуар перзенті, бірегей мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, саясаттану ғылымының докторы. Кең маңдайы күнге шағылыса жарқырып, көзілдірігі жарасып, болмыс-бітімі ерекше көрінетін Алтынбек отыздан асқанда ҚР Баспа және ақпарат министрі, кейін Қоғамдық келісім және ақпарат министрі қызметін атқарды. ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы – ҚР Президентінің Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Респуликасының Төтенше және өкілетті елшісі болды. 2003 жылдан бастап қоғамдық-саяси қызметпен айналысты. «Ақ жол» партиясының тең төрағасы болды. Сондайлық білімді, түсінік-танымы кең, парасат-пайымы бөлек, елім-жерім, ұлтым деп туған азамат ел Тәуелсіздігінің болашағын ойлады. Мемлекеттің келешегі үшін толғанды. Өз тұсындағы биліктің олқы тұстарын да қаймықпай айтып отырды. «Егер бүкіл тәуелсіздіктің тағдыры бір адамның қолында болса және сол адам саясатты өз қалауы бойынша немесе айналасындағылардың айтқанымен жүргізетін болса, біздің тәуелсіздігіміздің ту-талақайы шығуы мүмкін. Бұл – билік үшін талас емес, тәуелсіздік үшін күрес»,-деген сөзі көп нәрсені аңғартады. Әсіресе, саясатта жақсы ісімен көзге түсіп, дара пікірі, қонымды сөзімен оқшаулана көрінген Алтынбек билікке жаға қойған жоқ. Алар асуының биіктігін, мүмкіндігінің сондайлық кеңдігін, халқының оған деген ықылас-пейілінің ерен екенін білген кейбіреу Алтынбектің көзін құртуды ойлады. Небары 44 жасына толар шағында билік тарапынан жасалған қиянатпен қанаты қайырылды, үлкен жүрегі мәңгілікке тоқтады. Рас, Алтекең тәуелсіз елі-жеріне арналған ізгі мақсаты, асыл армандарына жете алмай, қапыда, дұшпандарының қолынан шейіт кеткелі 16 жыл өтсе де халқының жүрегінде бірге жасасып келеді. Алтынбек жер бесігіне бөленгенімен халқы ұмытқан жоқ, оған деген сарытап сағыныштарын суытқан жоқ. Алтынбек сол қалпы, кең маңдайы, көзілдірігі, ерекше болмысымен жұртының жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Ұлтым, Қазағым деп туған текті, қайсар ұлын, алтындай перзентін өз тұсында-ақ көзі ашық, көңілі ояу халқы алысқа шабар тұлпарды тұяғынан танығандай, ел басқару ісіне, саясатқа араласа бастағаннан-ақ тәуелсіз мемлекеттің бағы үшін туған, болашақ ел Президенті болар асыл ұлын көргендей жақсы көріп кеткен. Арада қаншама жылдар жылжып өтсе де халқы Алтындай ұлын, Алтынбегін ұмытқан жоқ. Алтынбектей ұлын әлі күнге жоқтап, іздеп келеді. Алтынбектей ұл туса, мемлекет басына келсе деп армандап келеді.Аяулы перзентін жүрегінен, жанынан, ойынан шығара алмай келеді. Алтынбек шын мәнінде саясат сахнасына шыққан күнінен бастап-ақ ел жүрегіне ыстық ұялап қалған еді.

       Соның жарқын да жайдары көрінісіндей, Тәңіртау баурайындағы Сарыжаз ауылындағы алтындай ұл білім алған мектепте Алтынбектің алпыс жылдығына арналған әсерлі басқосу болып өтті. Бұл шын мәнінде осыдан біраз күн бұрын Алматы облыстық мәслихатының сессиясы Сарыжаз ауылындағы Сарыжаз орта мектебіне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевтың есімін беру туралы шешім шығарғаннан кейінгі әрі Алтынбектің туылған күніне бір күн қалғандағы ізгі дүние болды. Бұл шын мәнінде Алтынбектей алтын ұлдың жүрегі мәңгі тоқтаса да күнінің арайлана шығып, жұлдызының жарқырай көрінген шағының біріндей ел жүрегіне ұялады. Таулы өлкенің айтулы азаматтарының бірі Бақыт Жағыпарұлы жүргізіп отырған кеште Райымбек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Жусанбаев сөздің басын бастап, Алтынбектей ұмытылмас ел перзентінің рухын аспандатып, аз ғұмырында елі мен жеріне қызмет жасап, қалап кеткен үлкен еңбегін, айтып, жазып қалдырған құндылығына толы дүниелерін өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ұлағаттауға арналған ізгі шаралардың одан әрі бастауын алып, жалғаса беретінін алға тартты.

       Сонау 1974 жылы Қазақтың қыздар педагогикалық институтын бітіре салып, Сарыжаз ауылындағы орта мектепте Алтынбек оқыған 5 «б» сыныбының жетекшісі болған Майгүл Міниясованың сөзін көпшілік ықылас қоя тыңдады.

       — Алтынбекке келер болсам, сондайлық тәрбиелі, сабырлы, үлгерімі жақсы бала болды. Өзге оқушыларға қарағанда бойшаң, мінезі салмақты еді. Жеңі қысқалау ақ жейдесі ойымды қалыпты. Сол қолын үнемі қалтасында ұстайтын. Сыныпта белсенділік көрсетіп отырды. Тапсырған жұмысты ар-ұятына салып мезігілінде орындап отыратын,-деді ұлағатты ардагер ұстаз өткен күндерін есіне алып. Мектептің ардагер ұстаздарының бірі Қанымбала Оразбекқызы да Алтынбек туралы сөз қозғады. Кішкентай кезінен-ақ қатарластарынан оқшау көрінген тәртіпті, тиянақты, білімге ерекше ықыласты алтындай ұл болғанын тебірене айтты.

       — Алтынбекпен жақсы қарым-қатынаста болдым. Ел келешегі туралы сырласқан, пікір алысқан кездеріміз аз болған жоқ. Демократия үшін көп жұмыс жасады. Халықтық мемлекет құруды армандап кетті. Асыл ұл, дара перзент маңдайымызға сыймай кетті. Мемлекет, Президент туралы ой-пікірін ашық айтатын. Сол кезде ҰҚК-нің адамдары тапсырмамен Алтынбекті оққа байлап, шейіт кетті. Әлі күнге дейін өкінішпен, сағынышпен есімізге аламыз. Дәл қазіргі уақытта Алтынбектей інісінің мақсат-мүддесін Рысбектей ағасы қолдап жүр. Ісін, ойын жалғастырып жүр. Болашақта Тәуелсіз мемлекетіміздің Алтынбек аңсаған жақсы, ауқатты мемлекеттердің біріне айналатыны сөзсіз,-деді халықтың қалаулы азаматтарының бірі Болат Әбілов.

       Республикалық әдеби-мәдени, танымдық «Мұқағали» журналының бас редакторы, көсемсөз шебері, қарымды қаламгер, ақын Батық Мәжитұлы қалың қазағын бейуақ қапаландырып қыршын кеткен алтын ұл туралы сөз бастап, ой қозғап, Алтынбектануға негіз қалай бастады. «Мұқағали» журналының кезекті санын Алтынбектің әруағына арнады. «Мұқағалимен мұңдасқан» деп Алтынбек туралы толғауын жазды. Бауырлас, бір атаның балалары болған, бір топырақта өмірге келіп, небәрі 45 жасында дүниеден өткен Мұқағали мен 44 жасында қыршын кеткен Алтынбек екеуінің тіршілік толқынындағы түсінік-танымдарынан, өмір жолдарынан ұқсастық іздеп, өз пайымын жасады.

        — Алтынбектей бауырымыздың алпыс жылдығын бірге оқыған сыныптас құрдастары, білім алған мектебі бастап берді. Бәрекелді! Алтынбек – айтуға, жазуға, ұлағаттауға тұратын дара перзент. Көзінің тірісінде қазағының, ұлтының тілеуін тіледі. Елінің ертеңін, ұрпағының келешегін көкседі. Сол үшін білімін, білігін, парасат-пайымын, даналығына толы ақыл-ойын жұмсай еңбек етті. Өзгелерден оқшау ойлы дара туған осындай перзенттердің ғұмырының қысқа болатыны ежелден белгілі. Алтынбектің тағдыры да солай болды. Болашақта Алтынбек білім алған, аты беріліп жатқан Сарыжаз орта мектебінен мемлекет қайраткеріне арналып музей ашылып қалар. Сол кезде Алтынбек оқыған мектепті, музейін көрейік деп алтындай ұлын ұмыта алмай жүрген мыңдаған адам келері даусыз. Сол күндерге жетейік. Алтынбек халқымен бірге мәңгі жасай береді,-деді Батық ағамыз тебірене тіл қатып.

        — Сыныптасымыз Алтынбек маңдайы кең, салмақты жігіт болды. Қазақ, орыс әдебиеттерін өте жақсы оқыды. Біз үзілісте далада ойнап жүргенде ол мектепте партасында отыратын. Қолынан газет түспейтін. Спортты, волейбол ойнауды жақсы көретін. Үлгі аларлық дүниелері көп еді. 20 жылдық кездесуімізге келгенде қатты қуандық. Сондайлық қарапайым болды. Ортамыздан осындай мемлекет қайраткерінің, тарихымызда мәңгі қалар ұлт перзентінің шыққанына ерекше қуанамыз. Алтынбектің қолы жетпей кеткен армандарына бүгінгі жастар жетсе екен, бітіре алмай кеткен ісін жалғастырса екен,-деді сыныптас құрдасы Гүлзада Нұрмұханбетова.

       Алтынбектің алпыс жылдығына арналған кеште жұртшылық сүйікті жары Салтанат Атушеваны көрді. Отын өшірмей, ұрпағын өсіріп отырған өмірлік серігі осындай басқосуды өткізген құрдастарына жүрекжарды алғысын айтты. Бір жанұяның, бір әулеттің ғана ұлы болмай қалың елінің ұлы болып қалған сүйікті жарының рухы қолдасын деген жақсы сөзін арнады.

        Әсерлі де әдемі шақтың жақсы жаңалығы, тамаша дүниесі Алтынбектің балалық, жастық шағы өрнектелген ауылда, білім алған мектебінде есімін иеленген ауылдың қарадомалақтары аз болмай шықты. Осы күні соларды көріп, жанымыз тебіренді, көңіліміз мейірленді, жүрегіміз жарылардай қуандық. Алтынбек Қуандық атты бала киелі қоңыр домбырасымен «Көне Тараз» күйін толғады. Алтынбек Кенжебай ұлт перзентіне арнаған арнауын жырын айтты. Алтынбек Сәрсенбай атты бір бала мектепке ұлт перзентінің портретін сыйға тартты. Бір сәтте Алтынбек есімді балалар сахнаға толып кетті-ау. Алтынбек атты жөргектегі балапанын кеудесіне қыса ұстаған ақ келіндерді көргенде зал толы жұрт ду қол шапалақтап жіберді. Жанымыз тебіреніп өзгеше күйге бөленіп кеттік. Қандай тамаша көрініс! Бір ғана ауылда Алтынбектің есімін иеленген балалар жетіп-артылады екен. Бүкіл Қазақстан бойынша қаншама десеңізші?! Сол қарадомалақтардың арасынан Алтынбекке тартқан ұлдар көптеп шықса екен деп тіледік. Сондай ізгі ойдың құшағында отырдық, Сезімге берілдік. Алтынбектің сыныптас құрдастары сахна толы кішкентай Алтынбектерге лайықты құрметтерін көрсетті. Естелік болар сыйлықтарын тапсырды. Реті келгенде айта кету керек, Алтекеңнің алпыс жылдығына негіз қалаған зерделі, парасатты құрдастары өздеріне дәріс берген көзі тірі ұстаздарын ғана емес, Сарыжаз орта мектебінің барлық ардагер ұстаздарын сахна төріне шығарып, шоқ гүлдерін ұсынып, лайықты сый-құметтерін көрсетті. Білім ордасының бүгінгі озат оқушыларына да мұндай жақсылықтан құралақан қалған жоқ. Өз кезегінде Алтынбекке тартқан озат оқушылар ұлт перзентіне арналған өлең-жырларын асқақтатты. Риза болдық. Бұл ұрпақ сабақтастығы ретінде өзгелерге де ұлағат болар ізгі дүние, игілікті іс. Мектепте өткен басқосу ұлттың ұлына, мемлекет қайраткеріне арналғандықтан кеш патриоттық әндермен ажарланды. Е. Кемелжанұлы «Мен қазақпын» атты әнді орындаса, талантты жас композитор әрі әнші Думан Әбдірахманов «Ұран шақыру» атты тамаша әнімен ел жүрегін елжіретті.

       — Алтынбектің есімін иеленген кішкентай балаларды көріп жүрегім толқыды. Дүниеге әкеліп, Алтынбектің есімін берген ата-аналарына рахмет! Республика аумағында мен бармаған жер қалған жоқ шығар. Қайда барсам да, қай өңірді араласам да Алтынбекті іздеген, сұраған, жоқтаған адамдарды көптеп кездестірдім. Әттең-ай!-дейді. Маңдайымызға, мынау дүниеге сыймай кеткені-ай! — дейді. Өзек өртеген өкініштерін айтады. Рас, Алтынбек ұлты үшін, қазағы үшін туған ұл еді. Халқының, ұлтының, елінің баласы болды. Сол адал перзенті болып дүниеден өтті. Алтынбек бекерден бекер қаза тапқан жоқ. Мемлекет тағдыры, ұлт болашағы, ұрпақ келешегі үшін қапыда мерт болды. Адалдықтың үлгісі, ұлттың ұлы болған, әділдікті қалаған, шындықты сүйген мөп-мөлдір қалпында ғайып болды. Біз, бүкіл халқымыз Алтынбектің аяқтай алмай кеткен ісін жалғастыруымыз керек. Ойлап, армандап кеткен дүниелерін одан әрі дамытуымыз қажет. Бұл бүгінгі күннің талабы, халықтың мүддесі. Алтынбектей асыл інімнің, жан бауырымның алпыс жылдығына орай жылдың басынан бері қарай ізгілікті істерге негіз қалап жүрген жанашыр жандарға, жақсы дүниелердің көзін ашып, бастау-бұлақтарына негіз қалап жатқан азаматтарға, алпыс жылдығының басын бастап берген сыныптас құрдастарына, достарына, Сарыжаз ауылының елі-жұртына жүрекжарды алғысымды айтамын. Сарыжаз орта мектебіне Алтынбектің есімін беру туралы шешім қабылдаған Алматы облыстық мәслихатының депутаттарына айтар алғысым шетсіз де шексіз,-деді ардагер журналист, қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаев.

       Иә, Алтынбектей алтын ұлдың 60 жылдығына арналған әсерлі, әдемі басқосу жыршы, термеші, ақын Серік Сүйіндіктің Алтынбекке арнаған әуезді әні, тамаша толғауымен қорытындыланды. Осы күні Алтынбекке арналған спорт жарыстары жалауын көтерді. Дара перзентке арналып жасалған кітап көрмелері көз тартты. Мешіт жанындағы қатымханада әруағына құран бағышталып, үлкен ас берілді. Осының бәрі куә болған жандардың жүректерін толқытты. Осының бәрі Алтынбектей алтын ұлдың халқының жүрегіне мәңгілік ұялап қалғанының жарқын да жайдары көрінісінің бірі ғана болды. Алтынбек сөз жоқ Ұлтының Ұлы, халқының дара перзенті! Мәңгілік тұлға!

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

Қанат БІРЖАНСАЛ,

Сарыжаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password