ЕЛ ТІЗГІНІН ҰСТАҒАН АДАМҒА НҮСІПБЕК ӘШІМБАЕВТЫҢ ЖИЫРМА ЕКІ ӨНЕГЕЛІ ІСІ

         Алматы облысының Райымбек ауданында  Сарыбастау деген елді мекен бар. Нарынқол өңірі түгін тартсаң майы шыққан бай өлке, табиғаты әсем таулы жер. Ат бауырынан шөп келетін, малға ыңғайлы аймақ. Осы Райымбек ауданында Нарынқолдың өзімен қосқанда жиырмаға тарта ауыл бар десек, соның ең географиялық орналасуы ыңғайсыз, шаруаға қолайсыз, табиғаты қалған ауылдармен салыстырғанда сұрықсыздауы осы Сарыбастау ауылы. Таудан жырақ орналасқандықтан отын алыстан тасымалданады, су тапшы. Тоқсаныншы жылдары Қытай, Моңғолиядан оралған қандастарымыздың ешқайсысы Сарыбастауға қоныстанбауы да соның анық айғағы.

         -Жер жағдайы шаруашылыққа қиын екен –депті, барлығы бірауыздан.

Ал енді осы шаруға қиын Сарыбастау кеңес үкіметі тұсында аудан, облыс тұрмақ Республикада ең үздік, ең үлгілі «Ленин» колхозы боп дүркірегенін бұл күндері біреу білер, біреу білмес. 100 мыңға тарта қой, қырманға сыймаған таудай астықтар, сансыз техникалар, шалғай өңірде қала типтес ауыл, миллионер колхоз. Шаруашылыққа қиын деп бағаланған бұл ауыл осыншама көрсеткішке қалай жетті дегенде ең бірінші ауызға түсетін сөз Нүсіпбек Әшімбаев!

Социалистік Еңбек Ері.

Бір кездері үштіктің шешімімен жазықсыз сотталғаны үшін берілмеген батыр атағын Қонаевтің өзі Брежневке айырықша өтініш жасап жүріп алғызып берген.

         Төрт кластық білімімен 1953 жылы  ауылды ат соқамен қабылдап алып, 1985 жылы сансыз заманауи техникалармен тапсырып берген еңбек батыры! Бұдан артық не деуге болады?! Жүз жыл жасап өмірден өткен, бір кездері Кеңестер одағын мойындатқан абыз қария менің мақтау мадағыма мұқтаж емес. Біздікі тек тамсану.  Елге қызмет етем деген өскелең ұрпаққа үлгі етіп көрсету және қал -қадірімізше атқарған  телегей -теңіз жұмыстарын бүгінгі көзқараспен сараптау, баға беру.

         Әшімбаевтың елге жасаған өлшеусіз еңбегін айту да, жазу да оңай емес! Айтып тауыса алмайсың, таңғалам деп бірді айтып бірге кетесің. Ең дұрысы хронологиялық тәртіппен санамалап беру шығар деп, ой -сананың жеткен жеріне шейін таразылап, өздеріңізге ұсынуды жөн көрдім. Мен айтпағанды, мен көрмегенді басқалар көріп олар да өздерінше хатқа түртер, Әшімбаев туралы сөздің басы да ақырғысы да бұл емес. Сонымен:

  1. АУЫЗ СУ.

1955 жылы колхоз төрағасы боп біржола сайланған соң ең бірінші ауыз су мәселесін жолға қояды. Облыстық су шаруашылығының есігін тоздырып жүріп, ауылдың жоғары жағындағы үш бұлақты арнайы мамандардың көмегімен резервуар етіп, тоспа су жасап, одан әр үйге құбыр тартып, ауыз су мәселесін біржола шешеді. Ауыз сумен қоса ағын судың да жөнін келтіреді. Ауылдың реңі өзгеріп, егіншілікке мән беріле бастайды. Бұл мал басының артуына ерекше ықпал етті. Елдің дәулеті артты.

  1. СУАРМАЛЫ ЕГІСТІКТІҢ МӘСЕЛЕСІ.

Сарыбастау жайылымға қолайлы болғанымен шөп мәселесі қиын. Осы қолайсыздықты шешу үшін Шәкірамбал каналын, Дараты каналын, Сарыбастаудың өзіне тоғыз көл салдыртады. Осы арқылы шөп пен егістіктің мәселесін біржола шешеді. (Кейін тоқсаныншы жылдардың тоқырауында осы жасанды тоспа көлдердің түбі лайға толып істен шығады. Каналдардың арнасы азаяды. Содан ғой, жаңағы шекара асып келген қандас ағайындардың шаруашылыққа қолайсыз жер екен деп теріс бұрылып жүргені)

  1. АУЫП КЕЛГЕН АҒАЙЫНҒА ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАС.

Нарынқол Қытаймен шекаралас жатқан шекаралы өлке. Өткен ғасырдың 20-30жж. большевиктік қанды қасапта ел үркіншілікпен қытай асып кеткен. Елуінші жылдары шекара ел ашылып атамекенге қайта орала бастайды. Сөздің шыны керек, осында қалған ағайын оларға бірден ыстық ықылас танытты десек өтірік болар еді. «Қытайлық», «жергілік» деген әңгіме сол тұста шыққан. Жергіліктер өз бауырларын «қытайлықсың» деп көзге шұқып, кеудеге итеріп, жұмысқа алмай, жағдайын жасамай біраз әбігерге түсіреді. Сол кезде Нүсекең басқалардай емес, ауып келген ағайынды құшақ жая қарсы алып, тез арада әрқайсын баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етеді. Осы арқылы Сарыбастауда 150 түтін 700 түтінге бірақ артады. Соғыстан кейін жұмыс қолы мен малшы таппай отырған уақытта жұмыс күші мәселесін осылай біржола шешеді.

  1. ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК –МӘДЕНИ ТҰРМЫСЫН КӨТЕРУ МӘСЕЛЕСІНДЕГІ ҚҰРЫЛЫСТАР.

—        1955 жылы малшылардың балаларына арналған интернат;

—        1959 жылы 350 оқушыға сәулетті, екі қабаттық мектеп;

—        1970 жылы бала санының көбеюіне байланысты Республикадағы ең үздік жобадағы мектеп;

—        1959 жылы орталық монша;

—        оның артынша Республиканың ешбір ауылында жоқ бассейні бар финн моншасы;

—        1959-60жж, 140 балаға арналған балабақша;

—        1979 екі қабатты әйдік аурухана;

—        1959 жылы үш жүз кісілік клуб;

—        1965 жылы заманауи мәдениет үйі;

—        1972 жылы «Таугүл» сауда орталығы

Осыншама әлеуметтік -мәдени құрылыс нысандарының қарқынды жұмысы қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап берді.

  1. КІРПІШ ЗАУЫТЫ.

Баспана мәселесі қай кезде де өзектілігін жоймайды ғой. «Әркімнің баспанасы болсын!» деген ұранды оймен ілгерілеген бірден –бір шаруашылық осы Сарыбастау ауылы болды. Құрылыстың негізгі сүйегі кірпіш ауданда жоқ. Бұл мәселені шешу үшін ауылдың өр жағынан кірпіш зауытын салады. Бұл кірпіш зауыты жылына 1,5  -2 млн. кірпіш шығарып, жалғыз Сарыбастауды емес, бүкіл ауданды кірпішпен қамтамасыз етеді.

  1. ӘК ТАС ӨНДІРІСІ.

Аудан аймағындағы әк тастарды күйдіріп, оны әкке айналдырып, жылына 150-200 тонна өнім шығарып, оны саудаға шығарып, халықтың сұранысын өтейді. Жалпы осы кірпіш зауыт пен әк тас шығару Әшімбаевтың кең ауқымда ойлана білуі мен экономиканы әр тараптандыруға ұмтылысын көрсетеді.

  1. ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ.

Республикадағы ең сәулетті балабақша, бір мезгілде 1500 оқушыға білім беретін мектеп, заманауи мәдениет үйлері туралы жоғарыда айтып өттім. Жастар игілігі үшін мұнымен тоқталып қалмай 1970 жылы мың кісілік көрерменге арналған Алматыдағы орталық стадионнан бір кем емес стадион салып айды аспаннан бірақ шығарады. Футболшылар доп қуалайтын алаңға арналған қымбат шөп тұқымын адейі алдырып, арнайы ектіреді. Осы стадионда аудан тұрмақ, облыс, кейде Республикалық масштабтағы дүбірлі додалар өтеді. Соларды көріп, шеберліктеріне тамсана қарап өскен Сарыбастау жастарынан кейін көптеген спортшылар шықты. Жастардың бос жүрісі тиылды.

  1. ЗАМАНА АҒЫСЫНАН ҚАЛМАУ ҺӘМ ЖАҢАШЫЛДЫҚ.

Нарынқол таулы аймақ болған соң бүкіл ауданда теледидар көрсетпейді, антенна тартпайды.  Өткен ғасырдың 70 жж. бұл мәселені біржола шешу үшін ауыл мен Алматының арасын аткөпір қып шапқылап жүріп Ақкер тауының басынан телемұнара орнатады. Сол кездегі Республикалық телекоммуникацияның басшысы Әбдіразақ Елубаев :

 -«Күллі Қазақстанды былай қойып, барша Кеңестер Одағын алғанда мынадай телемұнара тұрғызылған емес» деп, бағалайды бұл істі.

  1. БАСТАҒАН ІСТІ СОҢЫНА ДЕЙІН ЖЕТКІЗУ.

Нәтежиеге жетпейінше тоқтамау көп адамда кездесе бермейтін асыл қасиеттердің бірі.  Жаңағы телемұнара салынған соң аймақтағы теледидарлар бірден жарқырап көрсетіп кетпейді. «Мәскеу» мен «Фрунзе» тартқанымен өзіміздің «Алматы» тартпай әуре жасайды. Бұл мәселені шешу үшін Республикада таптырмайтын арнайы қондырғыны жерден шұқып болса  да табады. Енді «Алматы» көрстекенімен жалпы әуе толқыны ара –арасында біржола жоқ боп кетіп отырады. Бұл мәселені Кегеннің жанындағы Жолдықалат тауына арнайы темір қалқанша орнатып, біржола шешеді. Бұл жағынан айтқанда Нүсіпбек атамызға жалғыз Сарыбастау емес, тұтас аудан халқы қарыздар десек артық айтпаймыз

  1. ЕГІН ШАРУАШЫЛЫҒЫ.

Жыл сайын тұрақты түрде 7000 га. жердің әр гектардан 20-25 центнер астық алып отырған. Мемлекетке өткізген соң да астық қамбаға сыймай әр колхозшының ауласына төгіп беріп, молшылыққа қол жеткізеді.

  1. МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ.

Колхоздағы қойдың саны 100 мыңға жетеді. Оның отыз мыңы айналымда, 70 мыңы тұрақты. Және қой болғанда асыл тұқымды «Арқар –Меринос» қойы. Жыл сайын Мәскеудегі және басқа жерлердегі халықаралық көрмелерде бұл тұқымдар бас жүлдені иеленіп, медаль иеленіп қайтады. Бұл қойдың жүні сол кездері Ұлттық байлық боп есептелініп, Алматыдан арнайы қарулы жасақты күзетпен алынып кетіп отырған.

  1. ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ –АУҚАТЫНЫҢ АРТУЫ.

Нүсекең басқарған уақытта Сарыбастау ауылы адамдарында «жигули», «москвич», «запоржецты» айтпағанда сол заманғы машинаны төресі он алты «Волга» автокөлігі болған. Аудандағы ең сәулетті үйлер де осы ауылда болды.

         Хош, таудай еңбегін құрғақ сөзбен екі бетке сыйғызыптық, ендігісі басшыға тән, басшыға керек жеке қасиеттерімен жалғастырсақ.

  1. АДАЛДЫҚ.

Осыншама көл –көсір байлықтағы шаруашылықтың басшысы бола тұра ел қатарлы қоңыртөбел тіршілік кешті.  Колхоз басшылығынан кеткен уақытта өзіне тиеселі жеңіл көлігін де ала алмады. Колхоз есебінен сый қылып салып берген үйді ауылдағы екі маманға бергізген.

  1. ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ.

Бастықпын деп шіренбеген, лауазымына қарамай барлығымен бірдей тіл қатысқан.

  1. МӘМІЛЕГЕРШІЛІК.

Қырық үш жыл басшылық қызметте ауданды және облысты небір басшылар басқарды. Солардың барлығымен тіл табыса білуі –бұл үлкен қасиет. Әшімбаев біреумен ұстасыпты деген сөзді осы уақытқа шейін естімедік, естімейтін де шығармыз.

  1. КЕШІРІМДІЛІК.

Аудандық саяси бюроның мүшесі болғанда талай қызметкерге ара түседі екен. «Қателеспейтін адам болмайды ғой, және бір мүмкіншілік берейік» -деп.  Нүсекеңнін осы сенімімен жаны қалған талай қызметкерлер кейін биіктерден көріне білді.

  1. АДАМГЕРШІЛІК.

Қырық жыл басшы болған уақытында Сарыбастау ауылынан бір де бір адам істі болған жоқ. Бұл факт. Жауабы біреу –ақ. Басшы –үлгі. Басшы қандай болса –қалғандары сондай болады. Басшы адамгершіліктің ақ туын жықпаса қалғандары да дәл соны қайталайды. Бұл қай кезде де өзектілігін жоғалтпайтын аксиома!

  1. СЕЗІМТАЛДЫҚ.

Басқалар байқамағанды байқау, басқалар түйсінбегенді сезіне білу бұл творчество адамы мен басшы адамға ең керек қасиет. Нүсекеңде осы қасиет молынан болған. Бір –екі мысал айтайын, ауылға ерлі зайыпты екі орыс дәрігері келіп жұмыс істейді. Жолдама уақыты біткенде әлгілер Алматыға қайтып кетеді. Нүсекең бір телефонмен сөйлескенде әлгілердің Алматыға сыймай жүргенін дауысынан сезіп, ауылға қайтып кел деген ұсыныс тастайды. Ерлі –зайыпты дәрігерлер көп ойланбай Сарыбастауға қайта келіп, жұмысын қайта жалғастырып, тала адамның өміріне араша түседі.

         Телемұнара орны таңдалғанда осы саланың мамандарының барлығы Лабасы тауын таңдайды. Нүсекең Ақкерді қош көреді. Айтқанындай Лабасыдан ешбір толқын ұстамай, Ақкерден барлық толқын ұстайды. Мұндай мысалдар жетіп артылады.

  1. ЖАДЫНЫҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ.

Наполеон әрбір солдатын аты –жөнін және қай қатарда орналасқындығына шейін білген дейді.

Александр Македонский әрбір жауынгерінің жанұялық жағдайына шейін білген деседі.

Нүсіпбек Әшімбаев та Наполеон мен Македонскийдай болмаса да, ауылдағы әрбір адамның жеке басының қасиетін, ата –тегі тарихын, бала –шағасының аты –жөнін, қай сыныпта қалай оқып жүргенін өте жақсы білген. Мұндай басшының артынан қалай ермейсің, қалай сыйламайсың?!

  1. МАМАН ДАЙЫНДАУ.

Шаруаға қолайсыз жерде осыншама жетістікке қалай қол жеткізді деген сұрақтың жауабына және Әшімбаев феноменінің негізгі құпиясына да келіп жеттік  ағайын. Ол кадр дайындау мәселесі. Сарыбастауды айдай әлемге танытқан, тақыр жерге жұмақ орнатқызған,  Социалистік Еңбек  Ерінің берілу шартын белден басып Брежневтің қолынан жұлып алғызған да Әшімбаевтың кадрлары. Әшімбаевтың кадр дайындау лабораториясын  сатылап бес бағытқа  бөліп қарауға болады.

а) жоқ кадрды оқытып алу. Мектеп бітіруші жастардың бейіміне қарай институттарға колхоздың есебінен оқытып алуға Сарыбастау ерекше ден қойды. Ол кадрлар өз кезегінде сенімді ақтай білді.

ә) бар кадрға жағдайын жасап, айрылмау. Жақсы кадрды ұлтына, тіліне, дініне, тегіне қарамай жағдайын жасап, соларды ұйымдастыра білу

б) айналасына өзінен білімі жоғарыларды жинап, солардың білімі мен тәжірибесін ел игілігіне пайдалану.

Осы қасиет өте –мөте дәл қазір біздің қоғамға, біздің басшыларға жетіспей жатқаны жанға батады. Айналасына өзінен білімі төмен адамдарды жинап алып, өзі солардың арасында данышпан боп көрінуге ұмтылуы, білімі мен тәжірибесі мол адамды өзім соның көлеңкесінде қалам -ау деген қорқынышпен шетқақпайлап, жұмыстан кетуге мәжбүрлеуі –бұл бейшаралық һәм топастық. Нүсекең керісінше өзінің төрт -ақ кластық білімі бар екенін еш жерде жасырған жоқ және айналасына кіл оқыған  мамандарды жинады. Сол оқыған мамандармен бал жаласып жұмыс істеп еді деп айта алмаймыз, жұмыс барысы болған соң стол тоқпақтаған жиналыстарсыз, пікірталас пен айқай –ұйқайсыз бола ма? Ал сол жүйкеге салмақ салар пікірталастардан  кім ұтты? Халық ұтты! Нүсіпбек ұтты. Әшімбаевтың тұлғасы одан ары биіктемесе мысқалдай кеміген жоқ.

Кәзіргі басшыларға Нүсекеңнің осы қасиетін сабап тұрып сіңіру керек шығар.

в) кадрды дәл танып, икеміне қарай жұмыс бере білу.

Хан –Тәңірін хантәңірі еткен өзінің биіктігі емес, оны хантәңірі еткен астындағы тянь шань таулары.  Хан Тәңірі солардың үстіне шығып қана хантәңірі болды.

Осы бір қарапайым тәмсілді Хантәңірдің түбінде өскен Әшімбаев білмеді емес, білді әрине.

Ендеше Нүсекеңді еңбектің Хантәңірісі жасаған өзінің таңдап қойған, жағдайын жасап, қызғыштай қорыған мына мамандары: Әлиев Нұрәсіл, Молдасанов Мышан, Хасенов Әбдісүлеймен, Дуанқұлова Күлмесхан, Лаусанов Мырзалы,Дулатбаев Кәдір, Шәкенова Бақытжан, Айтбаева Тауархан, Зиядосова Дина, Суанбеков Максим, Суанбеков Бақытжан, Айтбеков Серік, Жаусанова Қалима, Қоқымбеков Жұмаділ, Жақсылықов Байбатша, Қожахметов Манап, Ұлдарбеков Босатқан, Қалтаев Тұрсынәлі, Талпақов Әпен, Бүйенбаев Әпет, Омаров Сыдық, Жұманов Советбек, Жазықбаев Омаржан, Шампаев Мұсатай, Ыдырысов Оразбек, Қасымов Қожамберді, Қасымов Қожахмет, Нұрғожаев Елеусіз, Терлікбаев Әбділда, Мәсімғазиев Бекқожа, Мәсімғазиев Совет, Сатымбаев Бейсембек, Есжанов Құдайберген, Омарбаев Балабек,  Жүнісбеков Эпизод, Нұрбаев Уәлихан, Әбиев Қалыбай, Өтемісов Ораз, Әлдибеков Әшірбек,  Бөстекбаев Әшірбай, Иманбеков Тілеужан, Айтақынов Чарльз,  Сыдықбаев Ұйқас,  Жаусанов Мәдениет, Теміралиев Көдек, Тұрысбаев Қайыпбай, Қасенғазиев Алтай, Әбиев Конавад, Исаев Әлімқожа, Мекебаев Отан, Елеубаев Әкебек, Киікбаев Бекбай, Солтанбеков Сарыбай сияқты  тағы басқалар. (аты аталмай қалған көптеген кісілер үшін басымды иіп кешірім өтінемін)

    Осы мамандардың арқасында Сарыбастаудың да, Әшімбаевтың да, өздерінің де бағы аспандады.

         г) Сарыбастау кадрлар ұстаханасы.

         Әшімбаев инвестицияны малға емес, егінге емес, шаруаға емес, адамға салды, барлық игілікті адам үшін жасады. Осының арқасында Сарыбастау байлығы асып –тасып гүлденгені өз алдында аудандағы басқа ауылдарға маман тарататын кадрлар ұстаханасы атанды. Нүсекеңнің тәжірибесін көріп, ысылған мына кісілер басқа ауылдарға басшы боп барып, сол ауылдардың гүлденуіне үлес қосты. Олар:

         Эпизод Жүнісбеков –Партсъезд ауылына басшылыққа;

         Уәлихан Нұрбаев –Кеген ауылына басшылыққа;

          Қапиз Солтанбеков –Сарыжаз ауылына басшылыққа;

         Әбиев Қалыбай –Текес ауылына басшылыққа;

         Ғазиз Көштібаев –Крупская ауылына басшылыққа;

         Омаржан Жазықбаев – Қақпақ ауылына басшылыққа;

         Төлеген Жұманов –Тегістік ауылына басшылыққа

         Босатқан Ұлдарбеков- Қарасаз ауылына басшылыққа;

         Мақсат Әшімбаев – Қарасаз ауылына басшылыққа:

         Мұрат Жауымбаев – Қақпақ ауылына басшылыққа;

         Дабырбек Бейсебаев –Абай ауылына басшылыққа.

         Осы тізімге қарап отырып –ақ Сарыбастау ауылының жетістікке қалай жеткенін біле беруге болатын шығар. Осындайда  қазақтың обалына қалған мұртты тиран Сталиннің «Кадрлар –бәрін шешеді» деген сөзі амалсыз еске түседі.

  1. КЕЗ КЕЛГЕН ДҮНИЕГЕ ҒЫЛЫМИ КӨЗҚАРАСПЕН КЕЛУІ.

Сіз Сарыбастау ауылына келіп пе едіңіз? Келмесеңіз келіңіз, келе алмасаңыз шамалап айтып берейін. Сарыбастаудың көшелерінің қиылыстарынан тұтас ауылды көруге болады. Қиылыста тұрып төрт тарапқа көз жіберсең, көз ұшынан ауылдың біткен жерін көресің. Кез келген қиылысынан.  Өйткені бізде қисық көше жоқ, ия болмаса алдыға ұмтылып көшенің бағытын өзгертіп жіберген бір –де бір аула жоқ. Барлығы оқтай, кең –кең түзу көшелер. Тұйықталып қалатын бір де бір көше жоқ.  Сенбесеңіз интернетті ашып жіберіп спутниктік суреттен қараңыз. Барлығы сәулет және қалақұрылысының талаптары бойынша бас жоспардың заңдылығын сақтай отырып орналасқан. Төрт кластық біліммен осыншама заңдылықты қайдан білген деп таңғаласың.

Өткен ғасырдың 80 жж. ортасында ауданның бір басшысы Сүмбе өзенін қолдан бөгеп, резервуар жасамақшы болады. Жиналыста барлығы бірауыздан қолдайды. Барлығы оқыған –тоқыған, жоғары оқу бітіріп келген мамандар.  Жалғыз Әшімбаев қана мына екі факторды алдыға тартып қарсы шығады.

Біріншісі –  Сүмбе трансшекаралық өзен, оны тоспа жасап тоқтатуға құқығы жоқ екенін;

Екіншісі – тоқтатқан күнде алдымен геологиялық барлау жасалмай, геологтардың рұқсатымен ғана жасалуы керек екенін алдыға тартады. Онсыз бөгет бұзылып кетеді, себебі ол жердің топырағы сусымалы құмдауыт дейді.

Өңшең жоғары білімділер 4 кластық білімі бар жасы келген адамды тыңдасын ба, мемлекеттің ақшасын оңды солды шашып, бөгет жұмысын бастап кетеді. Келесі жылы көктемде –ақ, Әшімбаевтың айтқаны айдай келіп, бөгетті су ағызып кетеді.

Бекер адам «Дала академигі» атала ма?

  1. МЕМЛЕКЕТШІЛДІГІ.

         Осы жазбамыздың 4 –ші бөліміндегі ел игілігіне арналған құрылыстар мен алып стадион, шаруашылықтағы сансыз техникалар, кадрларды институттарға ақылы оқыту, бір сөзбен айтқанда 43 жыл ел басқарған уақытында осыншама игілікті дүние жасаған кезде  МЕМЛЕКЕТТЕН БІР ТИЫН ДА АЛМАҒАН! Барлығы ұжымдық шаруашылықтың (КолХоз) есебінен жасалған. Мемлекетке тек беруді ғана білген. Міне сізге қайраткерлік!

         Тоқсаныншы жылдардың дүрбелеңінде өз құрған колхоз, өзі қолмен тұрғызған ғимараттар  көз алдында талан – тараж бен қирауға ұшырап жатқанда жан жүрегі шыдамай қалаға көшіп кетуге мәжбүр болады. Қалада үйі жоқ, амалсыз бір таныстарының үйінде уақытша тұруға тура келеді.  Сол кезде Социалистік Еңбек Ері екенін алдыға тартып, бұлдап ешбір әкімнің алдына бармайды.

         1994 жылы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев Шалкөдеге келеді. Нүсекеңді бірден танып, жағдайын сұрап, талап – тілегін тыңдамақ болады. Сол кезде Нүсекең пәтер сұрап пәтер де алуға болар еді, жер сұрап жер де алуға болар еді, бірақ адамшылық пен мемлектшілдікті, жігіттікті ту етіп өткен ақсақал Назарбаевтан екі ақ өтініш сұрайды. Онысы алдымен елге көшіп келіп жатқан оралмандар мәселесі, екіншісі Нарынқол ауданының атын Райымбек батырдың атына  ауыстырып беру мәселесі ғана. Өзінің жеке басына   бір ауыз сөз жоқ. Бұлай етпесе Әшімбаев бола ма! Оның орнында басқа адам болса өзіне үй, баласына қызмет сұрамас па еді.

         Мінеки, ел басқарам, елге тұтқа болам деген адамға Нүсіпбек  Әшімбаевтың тағылымды да өнегелі өмірінен біршама хабар бердік. Сөз соңын ел үшін еңбек еткен есіл ердің өз сөзімен тәмамдайық.

— «Осы жасқа жеткенше көріп, біліп ұққаным: елдің сөзін сөйлеп қамын жеген, адал сөйлеп, ағына жығылған азаматтың аты озады!»

Әрдайым, барлық кезде атымыз озып жүрсін, деп тілейік!

Жәнібек Әлікен,

«Ұлағатты ұрпақ» жобасының төрағасы.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password