Еңбектері еленді
Экономикамыздың алтын өзегіне айналған энергетика саласына деген тәуелділік күн санап артып келеді. Барлық саладан үдере көрініс тапқан әрі күнделікті тіршілік тынысына айналған энергетиканың қауіп пен қатерге толы қызметі қашанда ұқыптылықты талап етеді. Әрқашан жылу мен жарықты қадағалап, қалтқысыз қамтамасыз етіп келетін мінсіз маман иелерін төл мерекелерімен аудан әкімі арнайы құттықтады.
– Энергетик – бұл шын мәнінде мақтануға тұрарлықтай кәсіп. Сіздердің көпшіліктеріңіз үшін бұл жай ғана жұмыс емес, бұл сіздердің тағдырларыңыз, өмірлеріңіз. Аудан халқын электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету, оның сапасын арттыру жолында үнемі ізденіп шаруашылық жүргізу қажыр-қайратты талап етеді. Сондықтан қиын да, қызықты еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов. Сондай-ақ, аудан әкімі заманауи энергетикалық ресурстар туралы сөз қозғады. Оның ішінде электр энергиясын үнемдеу әрі сапалы пайдаланудың тетіктерінің бірі – су электр станциясын іске қосуды алға тартты. Осыған орай, ауданымыздағы біраз жоба жоспарлармен бөлісті. Облыстан келген арнайы мамандар зерттеу жүргізгенін әрі Кіші Қақпақ, Байынқол өзендерінен су электр станциясын салу тиімділігін тілге тиек етті. Кездесу соңында 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесіне орай өз міндеттерін адал әрі кәсіби түрде атқарып, ауданның рухани және әлеуметтік дамуына қосқан үлестері үшін аудандық электр тарату мекемесінің басшылары мен мамандары аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
С.Мурасилов,
«Хантәңірі».
0 Пікір