«Еңбек өнімділігінің артуы – аудан әлеуетінің артуы»

         Халықты жұмыспен қамту бағытында бүгінгі таңда мемлекет тарапынан түрлі әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асуда. Атап айтсақ, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын қаржылай қолдау болса, әлеуметтік ортаға бейімдеу арқылы еңбек нарығын дамыту да көзделген. Бағдарламаның ауданымызда жүзеге асу жолдары туралы арнайы аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Т.Малтақбаевпен сұхбат құрған едік.

        — Талғат Төреханұлы, аудан мәртебесі берілген Райымбек ауданы халқын еңбекке және кәсіпкерлікке тартуды көздейтін бағдарлама нәтижесі қандай?

       — Бүгінде аудан халқын жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, еңбек нарығын арттыру мәселелері күн тәртібінде тұр. Бұлар аудан мәртебесін жаңадан алған Райымбек ауданы үшін бірінші кезектегі мәселелер. Осы себепті, әр аудан тұрғыны кәсіп еткісі, жұмыс істегісі келсе аталған бағдарламаға жүгіну арқылы алдымен арнайы білім алып, кейіннен жеңілдетілген несие алу арқылы әлеуметтік жағдайын түзетуіне әбден болады. Түсіндіре кетсем, аталған бағдарлама өзіңіз қалаған мамандық бойынша 3 ай тегін оқуға мүмкіндік береді. Оқуға келген жұмыссыз азаматтарға шәкіртақы, жолақы, жатын орнының өтеуі жұмыспен қамту орталығы арқылы төленеді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 2020 жылы 50 адамды жіберу жоспарланып, 100% орындалды. 39 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл бағытта 11 млн. 598 мың теңге қаржы бөлініп, толығымен игерілді. 2021 жылы 20 жұмыссыз азаматты қысқа мерзімді оқуға жіберу жоспарланып отыр.

        — Ал, аудан азаматтары арасында кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсеңіз?

        — Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды беру – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысымен бекітілген, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Бизнес жобаларды іске асыруға арналған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен немесе жұмыссыз адамдар, кәсіпкерлер және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем төлеген адамдар мемлекеттік гранттар алуға үміткерлер болып табылады. 2020 жылы гранттар беру жоспары 86 болса, 101 грант берілді. Жалпы бөлінген қаржы 56 115 600 теңге түгелдей игерілді. Микрокредит 9 адамға, 34 млн. 300 мың теңге берілді. 2021 жылы 50 грант, 15 микрокредит беру жоспарлануда.

       — Қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы да еңбекке тарту, қаржылай қолдау қарастырылғын ба?

        — Қоғамдық жұмыстар халықты жұмыспен қамту орталықтарымен ұйымдастырылады. Қоғамдық жұмыстар жұмыскерді алдын ала кәсіптік даярлауды талап етпейді және әлеуметтік жағынан пайдалы бағытқа ие. Қоғамдық жұмыстарға қатысу ұзақтығы қазіргі кезде 8 ай. Тартылған азаматтардың еңбекақысы халықты жұмыспен қамту орталығымен ай сайын төленеді. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:

1) жұмыссыздардың;

2) тоқтап тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар. 2020 жылы 342 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, міндет 100% орындалды. 230 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Барлығы 145 млн. 819 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді. 2021 жылға 380 жұмыссыз азаматты ақылы қоғамдық жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 130 жұмыссыз азамат ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру арқылы да азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Әлеуметтік жұмыстарды салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде жүргізіп отыратын және жалақы бойынша берешегі жоқ жұмыс берушілер ұйымдастырады. Әлеу-меттік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жолданған жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан азаматтардың жалақысына берілетін субсидиялардың ай сайынғы мөлшері салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және экологиялық үстемақылар бойынша төлемдерді есептемегенде, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, жалақының белгіленген мөлшерінің 35% құрайды. Бірақ тиісті қаржы жылына «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңында айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 2020 жылы 28 адамға жоспар беріліп, 52 адам жіберіліп, 182% орындалды. 33 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Барлығы 6 млн. 252 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді. 2021 жылға 28 жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыруға жоспар беріліп отыр. Қазіргі уақытта 26 адам әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді.

        — Жас мамандар тәжірибесі де өзекті мәселенің бірі. Олардың айлық ала отырып тәжірибеден өтуін қамтамасыз ететін бағдарлама негіздерін түсіндірсеңіз

        — Жастар тәжірибесі – кәсібі (мамандықтары) бойынша техникалық және кәсіптік, орта және жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім мекемелерінің жиырма тоғыздан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арналған.

        Жастар тәжірибесіне қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш беріп, төмендегідей құжаттарды ұсыну керек:

жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;

еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса);

техникалық және кәсіптік, орта және жоғары оқу орнын бітіргені туралы білімін растайтын құжат көшірмесі. Жастар тәжірибесіне 2020 жылы 34 адамға жоспар беріліп, 42 адам жіберіліп, міндет 123% орындалды. Барлығы 13 млн. 795 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді. 33 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Ағымдағы жылға 33 адамға жоспар беріліп отыр. Қазіргі кезге 6 адам жастар тәжірибесіне жіберілді.

        — Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау және еңбекке тарту арқылы әлеуметтік ортаға бейімдеу де бағдарлама шеңберінде реттелген болар.

        — Әрине, халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз тобы мемлекеттің ерекше назарында. Атаулы әлеуметтік көмек 2020 жылы 288 отбасына берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 32 жоба белгіленіп, 401 азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты жұмысқа орналасты. 2020 жылы 7 мүмкіндігі шектеулі азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 3 мүмкіндігі шектеулі азамат әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді. 21 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналасты. 2 мүмкіндігі шектеулі азамат мемлекеттік гранттарға ие болды. Квотамен 5 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналасты.

       Сондай-ақ, пробация қызметінің есебінде тұрған 17 азамат жұмыссыз ретінде тіркелсе,1 азамат мемлекеттік грант алды, 1 азамат әлеуметтік жұмыс орнына, 15 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. 4 азамат квота есебінде тұрақты жұмыспен қамтылды. 2021 жылы пробация қызметінің есебінде тұрған 5 азамат тіркеліп, 3 жұмыссыз азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Электронды еңбек биржасы порталы арқылы 204 адам жұмысқа орналасты. 2021 жылға 729 адамды тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

        — Сұхбатыңызға рахмет. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан

Әділет САРЫБАЙ,

 «Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password