Еңбегі ерен жан еді

1978 жылы, 23-наурызда СОКП Орталық комитетінің қаулысымен ауданда  «Көксай қой совхозы» құрылды. Осы жылдың 17- сәуірінде Қақпақ ауылындағы сиыр фермасында жиналыс болып, алғашқы қызметкерлер таныстырылады. Совхоз директоры Құрманбек Насыров барлық мәселелер жөнінде мәлімет беріп, алдағы жұмыс жоспарларыменбөліседі. Осы күні, яғни 17- сәуір «Көксай қой совхозының» құрылған күні болып белгіленді. Сол совхоздың жаңа құрамына Қайнар, Қақпақ сияқты көршілес ауылдардан басқа да қызметкерлер мен бірге қойшылар қауымы да қоныс аударып, совхоздың құрылуына себепші болады. Солардың арасында Қақпақ ауылынан шыққан шопан Сембай Сағындықов та бар еді.

Сағындықов Сембай — жастайынан еңбекке жаны құмар  жан болатын. Сол еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында өз қатарының алды болып, үздік шопан атанды. Тапсырысты межеленген мөлшерден асыра орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Төл алу мен жүн қырқуда совхоз шопандарының алды болып, әр жүз саулықтан 141 қозы ілестіріп, әр қойдан 3,5 килограмнан жүн қырқып табыстың тайқазанын тасқындатса керек.

«Алғашқы шопан таяғын ұстаған 1964 жылдың күзі есімнен кетер емес. Басшылар ұйғарған соң қос сәйгүлікті таңдап міндім. Алғашы күндері жамырай  жайылған отардан айырылып қаламын деп ала шапқын болып иіре беріппін. Қырым сынып, көңілімді күдік басты. Осындай күйсіз халде жүргенімде әкем Сағындық келіп, тоқтылардың күйін көріп мені алқымға алды… Содан әкеммен және ауылдағы аға шопандармен кеңесе отырып, бес жыл қатарынан тоқты бағып, етке өткізіп отырдым. Бәрі де жоғарғы қоңдылықта болды. Алғашқы ащы сабақ намысыма қамшы сілетті. Тәжірибе жинақтай келе топ алдында беделге ие бола бастадым. Жаз айларында қойды ертеңгі және кешкі салқындарда саңлата жайып, ал күйек кезінде өрістің шұрайлы жерін пайдаландым.Бес жыл қатарынан әр жүз саулқтан 117, 120,125,135,141 — ден қозы алуымда сол тәжірибенің жемісі…» — деп алғаш мал бағудың қыр-сырымен, қызығымен бөліскен екен Сембай атамыз сол кездегі «Советтік шекара» газетіне «Тау қыраны» тақырыбында басылған жерлес інісі Наурызбай Жанысбаевтың мақаласында.

Малшы еңбегі солай, бірде қысыласың, бірде рахатын көресің. Қой соңында ширек ғасыр жүрген Сембай Сағындықовтың сол жыдардағы жетістіктерін жерлестері мен өскен ортасы жыр қылып айтып жүретін болған. Замандастарының жоғары бағалауы мен артқан зор сенімдерінің  нәтиежесінде коммунист ауылдық Советтің депутаттығына екінші рет сайланады.

КПСС XXVII сьезі құрметіндегі еңбек вахтасында тұрған шопан атамыз бесжылдықта 2918 қозының орнына 3397 қозы ергізген. Сондай -ақ, 69 центнердің орнына 73 центнер жүн өндіріп, табыс биігінен көрінген. Сол кездегі омырауына ілінген Еңбек Қызыл ту ордені, В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне шығарылған «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен қатар СССР Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен марапатталуы ерен еңбегінің жемісі деп білеміз. Бүгінгі таңда, Көкбел ауылында Сембай Сағындықов атына берілген көше бар.

Замандастарының арасында ерекше құрметке ие болған Сембай атамыз,  ұл-қызына қамқор әке, адал жар бола білген ер еді. 1960 жылы аяулы жары Шәйімхан Майсуповамен шаңырақ көтеріп, екеуі малдың артында жүрсе де 11перзентті дүниеге әкеліп, тәрбие берген ардақты ата-ана болды. Отбасындағы бақыты мен еңбектегі табысына жарының да қосқан үлесі аз болмады. Халық үшін қызмет қылып, адал арымен елге танылған Сембай Сағындықов 1991 жылы небәрі 45 жасында жанына батқан дерттен көз жұмып, жұмақ мекеніне аттанды. Бүгінде атамыздың көзін көрген көнекөз замандастары «Хантәңірі шыңының баурайында туып, оның тұнық ауасын жұтып өскен Сембай ерен еңбегі үшін қияға талмай қанат қаққан аспантаулардың айбынды қыраны, елінің баптаулы ұланы еді» деп толғана еске алады.

Басына қара бұлт үйірілсе де қаймықпаған қайсар анамыз жары көре алмай кеткен жақсылықты бүгінде перзенттерінен көріп отыр. Жалғыздық жанына батса да жасымай, қатарынан кем қылмай өсіріп, тәрбиелеп келген ұл-қыздары осы күні беделді қызметтер атқарып, әке жолын қуған. Шәйімxан апамыз он бір перзентті дүниеге әкеліп, өнегелі тәрбие бергені  үшін «Батыр ана» алтын алқасымен марапатталған алтын құрсақты ана. Бүгінгі таңда 79 жасқа толып отырған  Шәйімxан анамыз  ұл-қыздарынан 36 немере, 13 шөбере  сүйіп отырған бақытты əже. Атаның беделін биіктетіп, абыройын асқақтата әңгімелеп отыратын ақ жаулықты апамыздың айқандарынан «еңбекқор ата» бейнесі әр ұрпағының жүрегінен орын алып, бүгінде үлкен әулеттің үлгісі болып отыр. Осы күнде артында қалған ұрпақтары ардақты атамызды сағына еске алып, Жаратқаннан жанының жәннәтта болуын сұрап, әрдайым дұға етеді.

Айнаш Әлдибекова,

немересі, Көкбел ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password