ЕҢ АЛҒАШҚЫ САПАРЫМ

       Маған ес кіре бастаған күндерімнің бірінде, дастархан басында кешкі асымызды ішіп отырғанбыз. Қанапия атам мен Шари апам өзара әңгімелерін айтып отыр еді, бір мезетте Әйем маған күлімдеп қарап:(апамның есімін осылай айтатынбыз) «Бөлеке, бүгін ертерек жата ғой, ертең таудағы үйге барамыз!» — деді. Мен қуанып кеттім. Мамық төсегімде, көз алдыма биік-биік тауларды елестетіп жатып, ұйықтап кеттім. Таңертең тұрып асымызды ішіп болған соң, Әйем менің жылы киімдерімді кигізіп жол жүруге қамдана бастады. Бір уақытта даладан Атам үйге кірді де:

 «Шари, дайынсың ба? Шана есіктің алдында тұр» — деді. Далаға шығып едік, Атам есіктің алдында тұрған жирен ат жегілген шанаға, Әйем екеуімізді теріс қаратып отырғызды да, үлкен көк ішікпен қымтап жауып қойды. Өзі шананың алдына келіп отырды да, шанадағы атқа: «Шу жануар» — деп божысын сілкіп қалып еді, жирен ат та осыны күтіп тұрғандай шананы ақырын ғана орнынан қозғап алды да, алдыға қарай сүйрей жөнелді. Шананың темір табаны көшенің бойындағы қатқақ мұзға, тасқа тиіп шықырлап келеді. Көшенің басына шығып, аттың басын әппақ қарға бұрып еді, әлгі шықыр басыла қалды. Шана, соңынан екі ізін қалдырып алдыға қарай сырғып келеді. Айналамыз әппақ қар жамылған жап-жазық дала. Жолдың екі қапталында өскен ағаштар көрінбейді. Біраз жүргеннен соң байқадым, шанамыз өрге қарай жылжып келеді екен. Екі бетімді аяз қарып шымырлата бастады. Анда-санда қарғалардың қарқ-қарқ етіп, ұшып жүргенін байқадым. Тағы біраз жүріп едік, ауылымыз Текес кішірейіп, көз ұшымда қалды. Байқаймын, аттың жүрісі баяулап қалды. Осыны сезген Атам: «тррр»-деп аттың басын тежеді. «Осы арада атты біраз тынықтырып алайық»-деді де, Атам шанадан түсті.Әйем екеуіміз түспедік.Сәлден кейін орнына отырды да шанадағы атқа: «Шу, шу»- деп еді, шана орнынан қозғалып, өрге қарай сырғи жөнелді. Одан әрі сырғи жылжып, таудың екі ортасы Қысаңға кірдік.Оң қол жағымнан сарқырап аққан өзеннің дауысы естілді. Екі қапталымыздағы екі биік тау, біздің төбемізден  қарап тұрған секілді. Әйем мені: «Мұздап қалмасын»-деді ма қымтап жауып ,тексеріп жатыр. Бұрын мұндай биік тауларды дәл қасынан көрмегем, маған қорқынышты көрінді. Қасынан өтіп бара жатқанда, әлгі таудың басына қарасам тастары домалап, бізді басып қалатындай көрінді. «Таудың басында қарағайлар қалай өсіп тұр екен»- деп таңырқай қарадым. Екі таудың арасынан өттік те әрі қарай жүріп отырып, Қаратоған ауылының шетіне кірдік. Ауылдың сыртынан айналып өтетін жол жоқ сияқты, орталық көшесімен жүріп келеміз. Жан-жақтан иттер үріп, шанаға қарай жүгіруде. Атам ұзын қамшысымен ұрып, әлгілердің бетін қайырып келеді. Иттерден қорқып, Әйемнің құшағына бойымды жасырып алдым. Бірер уақыттан кейін иттердің абалаған дауыстары басылып еді, Әйемнің құшағынан басымды шығарып жан-жағыма қарасам, сарқырап, Байынқол өзені ағып жатыр екен. Сол өзеннің бойымен жоғары өрлеп келеміз. Атам, Әйем екеуі әңгімелерін айтып келе жатыр. Бір мезетте Атамның: «тррр»-деген дауысынан кейін шананы сүйреп келе жатқан жирен ат, жәйлап барып тоқтады. Атам:« Осы арада біраз бой жазып, тынығып алалық. Ат та терлеп кетті»-деді. Шанадан өзі түсті де, біздің үстіміздегі көк ішікті алып, жерге түсуімізге көмектесті. Біздің ауылдағыдай емес, бұл жақтың қысы қатты екен. Сықырлаған аяз, етек жеңіңнен кіріп өн-бойыңды мұздатып жібереді. Жирен атымыздың буы сыртына шығып, төс кеудесіне мұз жабысып, екі мұрнынан буы шығып әрең демалып тұрды. Әйем термосқа ыстық шай құйып, май жағылған нан, пісірілген ет алған екен, осыларды шананың үстінде отырып жеп-іштік. Бір мезетте Атам:« Шари, мыналарды жинап қоржыныңа салғын. Кеш батып кетпей таудағы Дәулеттің үйіне жетіп алайық»-деді де, жирен аттың тартпасын тартуға кетті. Әйем жайылған дастарханын жиды да қоржынына салып, өз орнымызға жайғасып отырдық. Атам әдеттегідей бізді қымтап жауып қойып, шанаға отырғаны сол екен, жирен ат шананы алға қарай сүйрей жөнелді. Қарағайлары қалың өскен биік тауларға жақындап келеміз. Өзеннің арғы жағасына бөрене ағаштан қиып жасалған көпірден өттік. Өрге қарай шананы ышқына сүйреп атымыз әрең келе жатыр еді, Атам шанадан түсті де, атты жетектеп алға қарай жүрді. Қалың қарағайлардың арасына кірдік. Әппақ қарда, әрі-бері жүрген аңдар мен құстардың іздері толып жатыр екен. Бір қарағайдан екінші қарағайға ақтиін жүгіріп бара жатты. Осыларға қарап қызықтап отыр едім, алдымыздан, иттің үрген дауысы естіліп еді, Әйем маған қарап : «Шырағым менің, үйге де жетіп қалдық, мыздаған жоқсың ба?» -деді. «Мыздаған жоқпын Әйе, біз қайда келдік»-дедім. «Біз, Дәулет ағаңның қыстауы, Талдысай деген жерге келдік» -деді. Тағы біраз жүріп едік сары ит пен қара ит арсалаңдап жүгіріп келді де, құйрықтарын бұлғаңдатып еркелей бастады. Атам: «Кә күшік, кә күшік» -деп еді, екеуі одан әрі еркелеп жатты. Шанамыз сырғанап келді де тоқтады. Біз, Әйем екеуіміз теріс қарап отырғандықтан, алдыңғы жақта ненің барын білмедік. Атам келді де көк ішікті алып, бізді шанадан түсіріп алды. Шанадан түскен соң алдыңғы жаққа қарасам, үлкен қой қора, одан беріректе шатырлы ақ үй тұр екен. Сол үйден Арманхан шешем шықты да , күлімдеп, бізге қарай бет алды. Атам мен Әйеме сәлемін жасап амандасты да , менің қасыма келіп, құшағына алып маңдайымнан сүйді.Сағынып та қалыпты.Әлгі екі ит еркелеп жанымызға жүгіріп келіп еді, мені шошып қалады деді ма, кіші шешем: «Кет әрі» -деп зекіп қалып еді, теріс айланып кетіп қалды. Амандықты сұрасып білгеннен кейін, Арманхан шешем: «Үйге кіріңіздер, жаурап қаласыздар» -деді. Атам, шанадан жирен атты шешіп жатты.  Әйем, Арманхан шешем үшеуіміз үйге қарай бет алдық. Үйге кіріп едік, сыртқы бөлмеде аттардың ертоқымы, сырт киімдер, пешке жағатын отын, азық-түлік сақталады екен. Одан әрі жүріп ас ішетін бөлмеге кірдік. Оң қол жақтағы бұрышта пеш жанып тұр екен, үйдің іші қоңыр салқын. Кірген есікке қарсы керегедегі шағын терезеден күннің жарығы түсіп тұрды. Ал, сол қол жақтағы керегедегі сөреде ыдыс-аяқтар жинаулы тұрды. Киімдерімізді шештік те, керегедегі қағулы тұрған шегелерге іліп қойып, пештің қасына келіп жылынып отырдық. Әйем мен Арманхан шешем ойдағы-қырдағылардың амандықтарын сұрастырып жатыр. Арғы, төргі бөлмеде көрпе жастықтарды әдемілеп жинап қойыпты. «Мынау демалатын бөлме-ғой, сонда үй үш бөлмеден тұрады екен» — деп ойымды  жинақтадым. Бірер уақыттан кейін сыртқы есік ашылды да, Атам үйге кірді. Сыртқы бөлмеде үстіне киген қара тонын шешіп ілгекке ілді де, біз жылынып отырған бөлмеге еніп: «Ой, күннің суығын-ай, біраз жылынып алайын да, өрістегі қойлардың алдынан шығайын, қайтатын уақыты да болып қалыпты» -деді де, Атам менің жаныма келіп, пешке жылынуға малдас құрып отыра кетті. Бір мезетте Атам :«Арманхан, мал-жандарың ит-құстан аман-есен ба?, жем-шөптерің бар ма?, мал жейтін тұздарың бар ма?, қойлардың қорасы жылы ма?» -деген сұрақтарын бір-бірлеп қоя бастады. Ал кіші шешем болса осы сұрақтарға шетінен жауабын айтып жатты. Біраз отырып бойын жылытып алды да: «Қой, мен далаға шығайын» -деді де, Атам орнынан тұрып есікке қарай бет алды. Әйем мен Арманхан шешем кешкі асты жасаудың қамына кірісті. Ал, мен жол жүріп шаршағандікі ма, бойым жылынап еді, ұйқым келіп қалғи бастадым. Мұны сезген Арманхан шешем төрдің бір шетіне көрпе салып, жастық қойып, мені жатқызды да, үстіме көрпе жауып қойды. Басым жастыққа тиіп еді, ұйықтап кетіппін. Біраз уақыттан кейін үйдегілердің әңгіме-дүкен құрып қаттырақ сөйлеген дауыстарынан оянып кеттім. Үйдің ішінде аспалы шам жанып тұр екен. Басымды жастықтан көтеріп едім, Дәулет ағам байқап қалды да, қасыма келіп құшақтап амандасты. Мұрныма піскен еттің иісі келді. Домалақ жозы дастарханды жайып, табаққа салынған етті жаңадан алдыларына алған екен. «Келе-ғой, маған» -деп, Әйем алдына алып отырып, еттен үзіп-үзіп беріп отырды. Қатық қосылған сорпадан да арасында ұрттатып қояды. Атам жанқалтасынан бәкісін алды да, сол қолына сиырдың қара кесек етін алып, оң қолындағы бәкісімен майдалап турай бастады. Дәулет ағамның турап отырған еті торғайдың басындай болып алдындағы тәрелкіге түсіп жатты. Кіші шешем туралған еттің астына салатын кеспені қазандағы сорпадан сүзіп алып, жәйпақ табаққа салды да алдымызға қойып еді, Атам мен Дәулет ағам тураған еттерін табаққа салды. Оның үстінен тұздық құйылды. Осылай дастархан басында Атам, Әйем, Дәулет ағам, кіші шешем Арманхан және мен кешкі асымызды өзара әңгімелесіп ішіп-жеп отырдық. Бір уақытта сырттағы иттердің үрген дауыстары естіліп еді, Атам: «Дәулет, киіміңді кигін де сыртқа шығып байқап келсеңші, мына иттердің абалап үргеніне қарағанда, тыныштық па өзі?»- деді. Дәулет ағам тонын иығына іле салды да сыртқа шығып еді, иттердің дауысы өршелене түсті. Арғы жағынан біреудің сөйлеген дауысы естіліп еді, ағам иттерге: «Жат әрі» -деп еді иттердің дауысы басылып , екеуі өзара сөйлесе кетті де, үйге қарай бет алды. Содан ауызғы бөлмеге екеуі жүре сөйлесе кірді де, біз отырған бөлмеге бірінші болып Дәулет ағам кірді, соңынан ілесе, үстінде әппақ киімі бар, қолына мылтығын ұстаған біреу кіріп келе жатты. Мұны көрген Әйем: «Ойбай-ау, мынауың кім?» -деп мені құшақтап, көзімді алақанымен жаба қойды. «Бұл менің досым Миша ғой, осында шекара күзетеді. Анда-санда жаурағанда келіп, ыстық шайын ішіп кететін әдеті бар еді» -деп күлімсіреп, үйдегілерге таныстырды. «Ондай болса дастарханға отырып тамақ жегін, ыстық сорпа ішіп жылынып алғын» -деген Атамның сөзіне, ана солдат орысшалап жауап берді. Мылтығын керегеге сүйеп қойды да дастарханға отырды. Сығырайған аспалы май шамның жарығымен түр әлпетін онша да көре алмай отыр едік, кіші шешем шамның білтесін көтеріп еді жарығы ұлғайып, анығырақ көрінді. Көзі көкпеңбек орыс жігіті екен. Әйем мені құшақтап ұстаған қолын босатып, алдына алып отырды. Сөйтсек шекара күзететін солдаттар, қатты аязды күндері бойларын жылыту үшін біздің үйге келіп, шай ішіп тұрады екен. Әлгі солдат орысшалап сөйлейді, үйдегілер орысша жақсы білмейді,әйтеуір ымдасып отырып асын берді де, Дәулет ағам өз жолына шығарып салды. Асымызды ішіп болдық та ас қайырылып, дастархан жиналды. Әйем мен Арманхан шешем түпкі бөлмедегі жинаулы тұрған көрпелерді төсеп, жататын орын дайындады. Мен, Әйемнің қойнында күндізгі көргендерімді көз алдымнан елестетіп жатып, ұйықтап кеттім.Таңертең оянсам, үйде Әйем екеуіміз ғана қалыптық. Кешегі күнгідей емес, үйдің іші жып-жылы. Пештің оты шатырлап жанып жатыр. Басқалары малдардың жем-шөбін беріп далада жүр екен. Әйем менің киімдерімді кигізді де, төсек орынды жинап жатыр еді, даладан Арманхан шешем кірді. Сырт киімдерін шешіп, қолын сабынмен жуды да сүлгіге сүртті. Содан домалақ жозыны ортаға қойып, дастархан жайды да, үстіне көмбеге пісірілген нан, қолмен шайқалған сары майын, кептірілген құрт, тәттілерін шетінен қоя бастады. Сырттағы жұмыстарын бітіріп Атам мен Дәулет ағам да үйге кірді. Беті-қолымызды жуып дастархан басына жайғасып отырдық та, Атамның батасынан кейін таңертеңгілік асымызды жеп-ішіп отырдық. Түндегі болған оқиға туралы айтып , біраз күліп те алдық. Бір мезетте Атам: «Дәулет, мен отын түсіруге тауға шығайын, ауылдағы үйдің отыны қыстан шығуға жетпейді. Қарағай сүйрейтін атыңды құрал-сайманымен, бір- екі күнге мен ала тұрайын» -деді шайын ішіп отырып. «Мен түсіріп берейін, сіз малға қараңыз» -деп еді ағам, Атам ; «Жоқ, күндегі бағып жүрген малың-ғой, сен әуре болма, тауға мен өзім шығайын» -деді. Ағам, одан әрі қарсы сөз айтпады. Асымызды ішіп болып едік , Атам ас қайырды. Жылы киімдерін киді де, үлкендер өз жұмыстарын істеуге сыртқа шығып кетті. «Мен де далаға шығайын» — деп едім: «Әлі күн суық, түске жуық екеуіміз шығамыз» -деді Әйем. Үйде ойнап отырғам, бір уақытта сырттан салдырлаған дауыс естілді. «Бұл не болды екен, мен көріп келейін» -деп, Әйем сыртқа шығып кетті де көп ұзамай қайтып келді. «Әйе, ол не екен?» -деген менің сұрағыма: «Атаң таудың басында кепкен қарағайды жығып, төменге ағызып жатыр екен, жаңағы салдыр соныкі» -деді. Күн жылынып түс мезгілі болып қалғанда, жылы киімдерімді кигізді де далаға алып шықты. Қарсы алдымдағы биік тауға қарап тұрған едім, таудың басынан бір қарағай салдырлап ағып отырып таудың етегіне түсті. «Ааа, Атам осы таудың басында жүр екен-ғой» — деп ойымды түйіндедім. Ағып түскен қарағайлар біршама болып қалыпты. Ертесінде, Атам сол қарағайларды балталап, машинаға басуға дайындап қойды. Осылай қойлы ауылдағы тіршілігімізді істеп жүріп, екі күннің қалай өтіп кеткенін де байқамай қалдық. Үшінші күні кешқұрым, ауылдағы көршіміз Нұрсадық аға, «ЗИС» машинасымен келді. Үлкендер алдын-ала жоспарлап қойған болулары керек. Атам «отындыққа» деп дайындап қойған қарағайларды әкелерім машинаға басып, жақсылап байлап қойды да, тамақтарын ішуге үйге кірді.Осы машинамен Әйем екеуіміз ауылға қайтатын болдық. Асымызды іштік те, жылы киімдерімізді киіп, қош айтысып, машинаның кабинасына  отырдық та, жолға шықтық. Машина таудың басынан ылдилап, жолмен төменге қарай түсіп келеді. «Жол тайғақ, ақырын жүрелік» -деп Нұрсадық аға, машинаның жарығы түсіп келе жатқан жолға мұқият қарап отырып, Талдысай қыстауынан түстік те, әлгі бөренеден қиып жасалған көпірден өтіп, үлкен жолға қосылдық. Машинаның жылдамдығын бірде азайтып, бірде көбейтіп, көлігіміз екі жағына теңселіп келе жатыр. Қаратоған ауылына жете бергенімізде , жолдың қақ ортасында қолына мылтығын ұстаған атты адам тұр екен. Нұрсадық аға машинаның тежеуішін басып еді, машина теңселіп келіп атты адамның алдына тоқтады. Әлгі адам қолындағы қос ауызды мылтығын бізге кезеп: «Машинадан түсіңдер» — деп бұйыра сөйледі. Мен қорыққанымнан шыңғырып жылап жібердім. Нұрсадық аға: «Мынау бәлисот қой, өзі удай мас екен, мен түсіп сөйлесейін» -деп машинадан түсіп жаңағының қасына барды. Машинаның жарығында екеуі біраз сөйлесіп тұрды да, бәлисот қолындағы мылтығын кезеп, атымен біз отырған жаққа келіп машинаның есігін жұлқылай бастап еді, Әйем машинаның есігін ашып: «Ей көргенсіз неме, баламды шошытасың, тарт әрі мылтығыңды, құдайдан қорықсаңшы» -деп айқайлап ұрысты. Мен шырылдап жылап отырмын: «Анау, мылтығымен атып тастайтын болды» -деп. Нұрсадық аға бәлисотты әрірек апарып сөйлесті де, Әйеме қайтып келіп: «Шеше, анау бір бөтелке арақ берсеңдер, жіберемін дейді, не істейміз» -деді. «Өй зәріңді ішкір ит немеге, түннің ішінде мен оны қайдан тауып беремін, түсіріп тастағын»- деді Әйем ашуланып. Нұрсадық аға қарағайларды байлаған арқанды шешті де, машинаның қорабын көтеріп еді, қарағайлар сырғып жерге түсті. Қорабын орнына түсірді де, алға қарай жүріп кетті. Әйем менің таңдайымды көтеріп ырымын жасап қойды. Нұрсадық аға да ашуланып келеді. Осылай жүріп отырып ауылымыз Текеске де жеттік. Машинаны біздің үйдің алдына тоқтатып еді, арғы жағынан Бекен ағам жүгіріп келді. Біздің жолымызды тосып жүрген екен. Болған оқиға жайлы Нұрсадық аға мен Әйем айтып беріп еді, ағам ашуланып: «Нұрсадық аға, мені сол оқиға болған жерге жеткізіңізші, көрсетейін мен оның көсегесін»-деді. «Қой шырағым, ашуыңды баса ғой, жындымен бірге жынды боласың ба?» -деп, Әйем ақылын айтып тоқтатып қойды. Содан үйге кірдік те жылынып алып, Керімжан тәтемнің дайындап қойған тамағын іштік те, салулы тұрған төсекке жатып, ұйықтап кеттік.Таңертең тұрсам Бекен ағам көрінбеді, Әйемнен сұрап едім: «Нұрсадық ағаң екеуі, кешегі отынға кетті» -деді. Кешкісін, сол отындық қарағайлар, ауламыздың бір шетінде үйіліп жатты…!!!

                                                                                 Болатхан НҮСІПБЕКОВ,

                               БҰҰ Халықаралық «Адам құқығын қорғау» комитетінің

                                Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің Бас сәулетшісі

                                                                            Мергенбай батырдың немересі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password