ӘДІЛДІК ТУЫН БИІК ҰСТАҒАН ЖАН ЕДІ
Біздің арамызда адамгершілікті, тектілікті, ар-намысты өзінің бойында ту етіп ұстайтын тұлғалар күн секілді адамдарға жан жылуын бөліп, айналасын жарқыратып жүреді. Өз дәуірінің қалаулы қызметшісі, зерделі заңгер, бүкіл саналы ғұмырын заң саласына арнаған білікті судья Алиасқар Исмаилов ағамыздың өнегелі өмір жолы туралы сөз қозғағанды жөн көрдік.
Исмаилов Алиасқар 1916 жылы 3 мамырда Алматы облысы Шелек ауданы Малыбай ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1944 жылдан Бүкілодақтық болшевиктер партиясының мүшесі.
Алиасқар Исмаилов 1932- 1934 жылдары Талғар ауылшаруашылық техникумында, 1937-1941 жылдары Алматы заң университетінде, 1948 — 1950 жылдары партия мектебінде оқыған.
Алиасқар Исмаилов 1941 жылы Муромск әскери училищесінде дайын- дық курсынан өтеді. 1942 жылда Оңтүстік батыс майданы, 1943- 44 жылдары Белорус майданында 61 армия 89 атқыштар корпусы артиллерия басқармасы батареясы штабында байланыс командирі ретінде соғысқа қатысқан.
1944 жылы желтоқсан айында ауыр жараланып 1945 жылғы шілде айына дейін № 1882 госпитальде емделген. 1945 жыл қыркүйек айында Москва әскери округі байланыс бөлімі офицеррезерві құрамында ҚА байланыс Бас басқармасы бойынша № 01106 бұйрықпен доғарысқа шығарылған.
А. Исмаилов 1944 жылы 9 қыркүйекте “Қызыл Жұлдыз” орденімен, 1945 жылы 5 қыркүйекте “Германияны жеңгені үшін” медалімен марапатталған.
1946 жылы 20 қаңтардан ҚазССР юстиция Халық комиссариаты кадр бөлімінде аға консультанты қызметінде болады. 5 тамыз 1947 жылы Алматы облысы юстиция басқармасына қызметке жіберілген. 25 жылдан астам Алматы облысы Нарынқол және Кеген аудандарында сотта табанды жұмыс жасап, таңдаған мамандығына адал болып, отандық сот жүйесі беделі үшін аянбай еңбек ету Алекеңнің өмірлік мұраты болды.
Кеңес заманында сотты халық сайлайтын еді. Алиасқар 1947-67 жылдары бес рет сот қызметіне сайланған. Халық депутаттары Нарынқол және Кеген аудандық Кеңестері депутаты болып сайланған. Осы уақыт аралығында ол азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғады. Өзінің судьялық еңбек жолында қылмыстық, азаматтық істерді қарап, әділдік пен заңсыздықтың ара-жігін ашып, әрбір істі сабырлықпен зерделей білді.
Сот әділдігін жүзеге асырудағы жетістіктері үшін Алиасқар Исмаилов Қазақ ССР Юстиция министрлігінің, Алматы облысы юстиция басқармасының Құрмет, Мақтау грамоталарымен, “Қажырлы еңбегі үшін” Лениннің 100 жылдығы мерейтойлық медалімен марапатталған.
«Елге бай құт емес, би құт» деген қазақ халқы. Тәжірибесінде даулардың көп бөлігі бітімгершілікпен аяқталып отырды. Бұл – оның ата-бабадан келе жатқан «дау мұраты – бітім» деген қағиданы басшылыққа алып, тараптарды татуластырып, әділ ісімен елдің ризашылығына бөленгенінің айғағы.
Тәжірибелі заңгер 1967 жыл басынан 1973 жылдың 29 қарашасы, өмірінің соңына дейін Алматы облысы адвокаттар коллегиясы мүшесі, Қаскелең аудандық құқықтық консультация бөлімі басшысы болды. Заң саласының майталманы өтірік атаулыны жек көрген еді. Шындық іздегенді қашанда қолдауға дайын тұрды. Бұл ретте ол әріптестері арасында еңбекқор, қиын істерді қараудағы бірбеткейлігі және объективтілігімен көзге түседі. Әріптестері оның мінезінің қарапайымдылығын, елгезектігін, халық қамын ойлап, ешкімді бөле-жармайтынын, көпшілдігін тебіреніспен еске алып отырады.
Әділ заңды тірек «Би – түзу, билік – әділ» деген қағиданы берік ұстанған жан болған. Талапшылдық пен турашылдықты, сабырлылық пен парасаттылықты бір бойына топтастыра білген аталмыш салада айтулы маманға айналады.
Нарынқолда №2 аудандық соты 1931 жылы құрылған. Аудан соты тарихында Алиасқар Исмаилов 20 жыл көлемінде қызмет жасаған. Осы ретте ол қасиетті сот билігінің дамуына зор үлес қосты деуге болады. Өмірін өнегемен өрген тәжірибелі заңгердің саналы ғұмыры өскелең ұрпаққа қашанда үлгі болып қала бермек.
Ұлы Отан соғысы ардагері ретінде оның есімін есте сақтау үшін Нарынқол ауылынан жаңа бой көтерген көшелердің біріне Алиасқар Исмаиловтың есімі берілсе деген ұсыныс бар.
Нұрлан Ердәулетұлы,
Журналистер Одағының мүшесі.
0 Пікір