ӘДІЛДІГІ ӘЛІ ЕСІМІЗДЕ

     Аудандық сот ғимаратының алдында қара қылды қақ жарған әділдігімен және аса қарапайымдылығымен елдің есінде қалған Қарашев Қанағат Тұрланұлына арнайы қойылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы болды. Азаматтық қоғам құруды мақсат еткен ел үшін соттың әділ төрелік етуінің маңызы зор. Сот төрелігі барысында заңды үкім, әділ шешім ең басты көрсеткіш екені анық. Міне, осы әділдік жолында 40 жылға жуық қызмет еткен Қанағат Тұрланұлының еңбегі әлі ұмытылған жоқ, ұмытылмайды да.

       Қарашев Қанағат Тұрланұлы 1945 жылы 3 наурызда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылында дүниеге келген. 1965- 1968 жылдары Совет армиясында Германия қаласында әскерде болған. 1971 жылдан 1977 жылға дейін Алматы қаласындағы Каз-Ту С.М.Киров атындағы институттың заңгер мамандығы бойынша білім алып, оқуын аяқтап диплом алды. 1968-1977 жылдары Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында полиция бөлімінде инспектор болып еңбек жолын бастады. 1978-1979 жылдары Ұйғыр аудандық Жалпы бөлімі меңгерушісі болды. 1979-1981 жылдары Ұйғыр аудандық прокуратурасының тергеушісі болып еңбек етті. 1981- 1983 жылдары Ұйғыр аудандық халық сотының сот орындаушысы қызметін атқарды. 1983-1985 жылдары Ұйғыр аудандық компартиясында нұсқаушы, 1985-1986 жылдары Алматы облысы Ұйғыр аудандық сотында судья қызметін атқарған. 1986 жылдан 2006 жылға дейін Алматы облысы Райымбек аудандық сотының судьясы, төрағасы қызметінде болды. 2006 жылдан зейнет жасына шыққанға дейін Талғар аудандық сотында судья қызметін атқарды. Қанағат Тұрланұлының өмірдегі еңбек өтілі осындай.

       Мемориалдық тақтаның ашылуына ҚР Жоғарғы сотының зейнеткер судьясы Әділ Құрықбаев, Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Досымбет Қалдарбек, Алматы облыстық сотының судьясы Ербол Құтпанбаев, Райымбек аудандық сотының төрағасы Айжан Мырзалы, аудандық соттың судьясы Тұрсынбай Сексенбаев, аудандық прокурор Мырзабеков Әлібек Қажымұқанұлы, аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы, аудандық полиция бөлімінің басшысы Мұрат Нұрдаулетов, және марқұмның жұбайы Әлия Қарашева, бала-шаға, жақындары қатысты.

       Шараның басын Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Досымбет Қалдарбек ашып, бастады. Бірінші сөз кезегін ҚР Жоғарғы сотының зейнеттегі судьясы Әділ Құрықбаев алды. Қанағат Тұрланұлымен қалай танысқанын, оның қандай әділ болғанын, атына заты сай қанағатшыл болғанын, артына өлмейтін із қалдырғанын, марқұмның жақсы қасиеттерін жиналған көпшілікке баяндап берді. Сонымен қатар, бұл игі іс яғни, сот қызметкерлеріне арналған мемориалдық тақта Алматы облысында алғаш рет ашылып отырғанын, бұған дейін ешқандай жерде болмағанын тілге тиек етті. Алматы облысындағы сот қызметкерлерінің ішінде алғашқы мемориалдық тақта Райымбек ауданында Қанағат Тұрланұлына арналғанын баса айтты. Осы орайда Алматы облыстық сот қызметкерлеріне және Райымбек аудандық сотының төрағасы Айжан Амандыққызына алғысын білдірді. Келесі сөз тізгінін алған аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы өткен күнді еске алып, азаматымыздың еңбегін бағалап, жақсы істің бастамашысы болған кісілерге алғысын білдіріп, марқұмның жақындарына жақсы тілегін арнады. Қанағат Тұрланұлының жары Әлия Қарашева өз сөзінде «Нарынқол өте қасиетті жер, бұл жерде Райымбек батырдың табан ізі бар, әлемге әйгілі мұзтауы бар, таза ауа, таза суы бар жер. Осындай жерде Қанағат екеуіміз 20 жыл тұрдық. Осынша уақыт ішінде Қанағат халықпен бірге жақсы жұмыс атқарды. Сол уақыт ішінде қаншама өміріміздің ұмытылмас жақсы сәттері болды. Қанағаттың адал еңбегін естеріңізге алып, осы шараны ұйымдастырған барша Қанағаттың әріптестеріне алғысым шексіз», деді. Сөз кезегі Райымбек аудандық сотының судьясы Тұрсынбай Сексенбаевқа берілді. Құрметке бөленіп отырған әріптесінің жақсы қасиеттерімен қоса өткен күннен естеліктер айтты.

       Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын дегендей Қанағат Тұрланұлының қаншалықты жақсы адам болғанын, әділдікті сүйгенін көзін көрген әріптестері жарыса айтып жатты. Мемориалдық тақтаны ҚР Жоғарғы сотының зейнеттегі судьясы Әділ Құрықбаев пен аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы ашты. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» -деп қазақтың ұлы ақыны Абай айтқандай артында жақсы ісі мен жақсы аты қалған Қанағат Тұрланұлы мәңгі халқының есінде қалары сөзсіз.

Д. ҚАСЕНҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password