ӘДІЛ АХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЦИФРЛЫҚ КІТАПХАНА

       Аптаның бейсенбісі күні С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы мен аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғалымдарының докторы, профессор, Ресей және Қазақстан жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметовтың атындағы электрондық цифрлық кітапхана ашылды. Оған Алматы облысының қалалық, аудандық кітапхана директорлары, кітапханашылар, мәдениет қызметкерлері, блогерлер, аудандық бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

        Қонақтар салтанатты шарада белгілі қаламгерлердің кітаптарынан көрме тамашалады. Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, сыншы Сағат Әшімбаев, жазушы-драматург Баққожа Мұқай сынды бірқатар ақын жазушылар мен Әділ Ахметовтың төл туындылары таныстырылды. Халықтық мұраға айналған шығармаларының ішінде «Табу и эвфемизмы в казахском языке», «Түркі тілдеріндегі табу мен эфемизмдер» (салыстырмалы лингвистикалық зерделеу), «Түркі тілдеріндегі табу мен эфемизмдер», «Казахский язык для русскоязычных и иностранных студентов, «Англо-казахский словарь» сияқты еңбектерін ерекше атауға болады.

       Әділ Құрманжанұлының сексен жас құрметіне ашылған электрондық цифрлық кітапханаға ғалым, кәсіпкер Қайрат Зауытбекұлы демеушілік жасады. Кәсіпкер бұндай жүйедегі мүмкіндік елімізде елбасы кітапханасында ғана кездесетінін айтты. Дүние жүзінің 160 кітапханасынан цифрлық жүйе арқылы кітаптарға онлайн тапсырыс беріп қана қоймай оны қалаған тілде оқуға болады.

        – Аталған сервер арқылы цифрлық жүйеде арнайы бағдарлама аясында оқырман қалаған тілде қалаған кітабын оқуға қол жеткізеді. Яғни, қазақ жазушыларының шығармаларын кез келген шетелдік ана тілінде оқып оқырман атана алады,– дейді кәсіпкер өз сөзінде.

        Элоктрондық цифрлық кітапхананың лентасын жерлесіміз Әділ Ахметов, аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева, ғалым, кәсіпкер Қайрат Зауытбекұлы салтанатты түрде қиды.

        Қонақтар, бір сәтте бес оқырманға қызмет көрсете алатын электрондық кітапхананың жаңа жұмысымен танысып, кітапханашыларға табыс тіледі. Өз кезегінде білім ғибадатханасының шырақшылары игілікті іске мұрындық болған зиялы қауымға қазақы салтпен құрмет көрсетіп, алғыстарын білдірді.

С.НҰРБАҚЫТҰЛЫ,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password