ДЕРТКЕ ШИПА АБЗАЛ ЖАН!

        Адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретін аурудың бірі- қант диабеті. Ғасыр дертіне айналған бұл дерт түрі біздің ауданымыздың да біраз тұрғынын әлекке салды. Зат алмасудың бұзылуы сипатында болатын ауру түрін құрықтау да оңай дүние болмай шықты. Аурудан айтарлықтай зардап шегіп жүрдік. Дертке дауа айтар арнайы маман болмағандықтан, аурудың жай-жапсарын, күресу жолдарын, ұсынылған дәрі-дәрмектердің пайдалану жолдарын түсіне алмай дал болдық. Ауданда жүгінер маман болмаған соң ат терлетіп қашықтағы Кеген ауданына, Алматы қаласына барып маман кеңесін тыңдауға тура келді. Дегенмен, әр істің бір қайыры болатыны рас болса керек. Ақыры маңызды мәселе өз шешімін тауып, қиындықтың бәрі м.ғ.м бірінші санаттағы эндокринолог дәрігер Гауһар Абдикаримқызының аудандық ауруханаға аяқ басуымен өз мәресіне жетті. Гауһар Абдикаримқызы Богенбаева Райымбек ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген, ақ халатты абзал жан еңбек жолын Кардиология және ішкі аурулар бөлімінен бастап, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эндокринология кафедрасында жұмыс жасаған. Жалпы эндокринология мамандығы Алматы қаласының өзінде тапшы мамандық қатарынан болып шықты. Облыс көлемінде де шамалы ғана. Г.Абдикаримқызы бағасы қалтаға едәуір салмақ түсіретін дәрілерге қосымша сұраныс жасап, науқастардың басым бөлігін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге зор ықпал етті. Нәтижесінде аудандық ауруханамызда 5 төсектік эндокринологиялық койка ашылып, өз жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар бұрындары тек қалалық ауруханада тапсыру мүмкін болған анализдерді бүгінгі күні өз ауруханамызда тапсыруға мүмкіндік алдық.

        Гауһар Абдикаримқызы әр науқасты жанымен түсініп, мұқият бақылап, пайдалы кеңестерін уақытылы ұсынуды да ұмытпайды. Тәжірибесі мол, сабырлы мінезді, жаны жайсаң дәрігеріміз науқастарға жылы қабақ танытып, медициналық көмекпен қатар рухани азық та сыйлай біледі. Дәрілердің емделушілер қолына уақытылы жетуін қадағалап, оның пайдалану ретін түсіндіре біледі. “Жақсымен өткен бір күнің жарты ғасырға тең” демекші, дертіміздің шипасын таба білген Гауһар дәрігердің қабылдауынан соң айтарлықтай сергіп қаламыз.

        Медицинаның атасы саналатын Гиппократ дәрігерлер жайлы: “Дәрігер- арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек” деген екен. Біз алғыс айтуды құп көріп отырған Гауһар дәрігердің бойынан осы қасиеттерді байқайтынымыз анық. Сол себептен де оны ерекше құрмет тұтып, алдағы мерейлі мерекесімен құттықтаймыз! Міндетін дәл осылай абыроймен атқаратын абзал жандардың көп болуы- халық денсаулығы үшін үлкен қажеттілікпен қатар мамандық алдындағы адалдықтан хабар береді.

Бейнегүл МАЛЫБАЕВА.

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password