ДАНАЛЫҚ ДАҢҒЫЛЫНА АЙНАЛҒАН ЕСІМ

  Нарынқол ауылындағы жаңа көшелердің біріне жерлесіміз, ұлағатты ұстаз, әдебиеттанушы,тіл жанашыры Тілеужан САҚАЛОВТЫҢ есімі берілді.

     Өткен аптаның сенбісінде Нарынқол ауылының тұрғындары, алдынан дәріс алып, тәлімін көрген, бүгінде есімдері елімізге кеңінен танымал болған шәкірттері, ой-пікірлері бір арнада тоғысқан замандастары, қоғам қайраткерлері, бала-шағасы, туған-туыстары өздері көптен күткен игі істің жүйесін тапқан қуанышына куә болды.  Саналы ғұмырын туған халқының мүддесі мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты азаматты ыстық ықыласпен естеріне алысты. Өнегелі өмір жолын, туған елінің тілі мен діліне,дініне, әдебиетіне қосқан үлесін, салты мен дәстүрінің қайта түлеуіне сіңірген  еңбегін, артына қалдырған ғылыми мұраларын тілдеріне тиек етісті.

     Тілеужан Сақаловтың есімін еске алғанда әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбегін, әсіресе, төл әдебиетімізді насихаттаудағы ізденісін айтпай кету үлкен қателік болар еді.19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында өмір сүрген, халқын сүйіп,тағдырына жаны күйгені үшін екі бірдей алып мемлекетке жат көрініп,өгейлік көрген, қараулықтың құрбандығына шалынып, таланты табанға тапталған біртуар перзенттердің есімдерін жаңғыртып, әдеби мұраларын насихаттаудағы ересен еңбегін қайталанбайтын тың құбылыс ретінде бағалағанның артықтығы жоқ.  Таңжарық пен Қойдым, Шарғын мен Асылхан, Жамбыл мен Айкүміс айтыстарын зерттеп, «Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетінің тарихы» атты ғылыми еңбек жазу тыңға салған түрендей бағаланғанын жоққа шығару әсте де мүмкін емес.

    Тілеужан Сақалов 1930 жылы 15 маусымда бүгінгі Райымбек ауданының орталығы Нарынқолда дүниеге келген. Елдегі саяси ахуалдың ықпалымен 1931 жылы анасына ілесіп Қытай еліне қоныс аударған ол, жат елде жүрсе де туған елі мен жеріне, ана тіліне деген махаббатын жүрегіне берік сақтады. Соның нәтижесінде шетелдегі қазақ әдебиетінің көркемдік даму үдерісіне атсалысып, әдеби шығармашылықпен айналысты. Жазған өлеңдері, әңгімелері, ғылыми зерттеулері мен сыни мақалалары «Іле», «Шыңжаң», Шыңжаң оқу-ағарту» газеттерінде», «Алға» журналында жиі жарияланып тұрды. 1961 жылы ата жұртқа оралғанға дейінгі кезеңде Шыңжаң жазушылар одағына мүше болған Тілеужан қытай, өзбек, ұйғыр, қырғыз, орыс тідерін жетік меңгерген өте сауатты, қаламы қарымды әдебиет сыншысы болған. 1952-1953 жылдары Мұңғыл-Күре ауданында оқу бөлімінің меңгерушісі, 1953-1958 жылдары оқу министрлігінің органы «Шыңжаң оқу-ағартушы» журналында жауапты редактор қызметтерін атқарды. Қызметтері бұдан кейінгі 1958-61 жылдар аралығында «Шыңжаң оқу құралдары» баспасында, Құлжада, Құлжаның аудандарында, Үрімжіде оқу-ағарту және бөлім меңгерушісі, мұғалім, редактор, директорлық лауазымдарына жалғасты. Елге оралған 1961 жылғы шілде айынан 1990 жылға дейінгі аралықта Нарынқол аудандық оқу бөлімінде, аудандық кешкі жастар мектебінде, Нарынқол орта мектебінде, Б. Соқпақбаев атындағы орта мектепте оқу бөлімінің инспекторы, оқу ісінің меңгерушісі, директор, мұғалім болып қызметтер істеді. 1990 жылдан өмірінің соңына дейін Райымбек аудандық «Қазақ тілі» қоғамының және аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы болды. Еңбектері еленіп, «1973 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы», 1980 жылы «Қазақ ССР оқу министрлігі халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1990 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары да аяғын жаңа басқан мемлекеттің болашағынан қолдан келген көмегін аяған жоқ. Қадамы нық болуы үшін өзінің өмірлік тәжірибесі мен білім-білігін ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Ауданда құрылған ономастикалық комиссияның мүшесі ретінде жер-су аттарын осығанға дейінгі аталып келген жадағай, бірсарынды атаулардан өзгертіп, осы өңірге қатысы бар тарихи аттармен атау жөніндегі тың бастамалардың көшбасшысы бола білді. Қазір ауданымыздағы әр ауылдардың, көше аттарының осы өңірге қатысты атаулармен аталуы Тілеужан Сақаловтың тарихи зерттеулері мен ерен еңбектерінің нәтижесі екені анық.

   Бір өкініштісі, аяулы жан, ардақты азамат 1996 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Бірақ,туған елінің жарқын болашағы, жақсылық-қуанышы үшін атқарылған игілікті іс ұмытылмайды екен. Соның айқын нәтижесі бүгін көрініп отыр. Нақтылай айтқанда, Сақалов Тілеужан Смағұлұлының білім саласына, әдебиетке, туған жері мен елінің дамуы мен көгеріп-көктеуіне қосқан үлесі мен ерен еңбегі ескеріліп, Нарынқол ауылынан көше атын беру жөніндегі ұсыныс Алматы облыстық ономастикалық комиссияның 2021 жылғы 29 желтоқсандағы қорытындысы мақұлданды. Сөйтіп, аудан орталығындағы жаңа бой көтерген сәулетті спорт кешенінің қарсы алдындағы жаңа көшеге Тілеужан Сақаловтың есімі берілді.

     Ардақты азаматтың аты көшеге берілуіне арналған салтанатты жиын барысында ақтарылған ақ ниет пен ізгі тілекте шек болған жоқ. Алғаш сөз тізгінін ұстаған Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов осы бір игі істің жүзеге асырылуы оңды екенін айта келіп, бұл жұмыстың алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін көпшілікке жеткізді. Аудан орталығында салынатын жаңа үйлер, жаңа көшелер бұдан кейін де бой түзейтінін, осы өңірдің дамуына лайықты үлес қосқан ардагер азаматтардың есімдерін сол көшелерге беру болашақ жоспарда бар екенін көпшілікке жеткізіп, жаңа көшеге аты беріліп отырған Тілеужанның туған-туыстарына, алыс- жақыннан ақ тілегін арқалап келген жандарға құтты болсын айтты. Осы шараға сонау Елорда төрінен асыға жеткен жазушы-журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев өзіне дәріс берген ұлағатты ұстазының адами құндылыққа тән қасиеттерін сөзіне арқау етті. Және бүгінгі шараны атсыз-аяқсыз қалдырмай, болашақта ұрпаққа сабақ болатындай дәстүрге айналдыру жөнінде ұсынысын жеткізді. Райымбек ауданының ең алғашқы әкімі, аяулы азаматтың көзі тірісінде аудан өміріне қатысты көптеген өзекті мәселелерде пікірлес болған Ызғарбек Бектұрсынов, Тілеужандай білімді де білікті азаматтың артына қалдырған мұраларын жинақтап, жарыққа шығару жолында тер төгіп, асыл жарының аманатын орындауға мүдделілік танытқан Бөпен Жексенбайқызы, «Қызай ана» қоғамдық қорының директоры, тарихшы, ғалым Нәбижан Мұхамедиұлы, аудан көрші ауданға қосылмай тұрғанда аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған,қоғамдық жұмыстарда Тілеужан ағасымен бірлесе көп жұмыстардың атқарылуына куә болған, басы-қасында жүрген Тәңірберген Қасымберкебаев, Тілеужанның ғылыми еңбегіне арқау болған Шарғын ақынның баласы Тілеухан Алғазиев, ардагер журналист Әбілбек Айтақынов, ақын Айтақын Әбдіқал, аға мұраларын зерттеумен шұғылданып жүрген ардагер журналист Жексен Алпартегі, республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлы, салтанатты шараны жүргізген «Шалқар» радиосының директоры Бақыт Жағыпарұлы, туысы әрі құрдасы Оразбек Құлатаев, балалары Марат Құлатаев, Бақытбек Сақалов сөйлеп, ақжарма тілектерін айтты. Орнымен жүзеге асқан іске мұрындық болған аудан басшыларына, осы бір игілікті іс орнын тапқанша тыным таппаған азаматтарға алғыстарын айтты. Жерлес інісі Дәниал Әметов ағасының көзі тірісінде жазған өлеңін оқып берді. Келесі кезекте көшеге есімі берілгенін білдіретін тақтаның лентасы қиылып, шашу шашылды. Көшенің кіре беріс оң қанаты мен сол қанатындағы екі үйге «Тілеужан Сақалов атындағы көше» деген көрсеткіш тақтайшалар ілінді.

     Көшеге ат беруге арналған шара бұдан кейін аудандық мешіт жанындағы қатымханада жалғасты. Марқұмның атына құран бағышталды. Жиналған жұртшылық тілек-ниетке жайылған дастарханнан дәм татты.

   Иә, Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында кезінде осы ауданның мәдени, әдеби тұрғыда өсіп өркендеуіне сүбелі үлес қосқан тіл жанашыры, әдебиет танушы, ұлағатты ұстаз Тілеужан Сақаловқа жаңа көшенің аты берілді. Туған елі мен жеріне, Отанына адал қызмет етуді абыройлы борыш санаған ардақты азамат, даналық дәриясына айналған аяулы жанның әруағына осылайша құрмет көрсетілді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді»,- деген осы да!

                                                                                    Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                                        журналист,

                                                                                      Нарынқол  ауылы.

                                                                              

 

СЫПАЙЫ ЖАН

(Тілеужан Сақаловқа)

 

 Едіңіз-ау, бір кезде сымдай жігіт,

Өтірік қоятынсыз шындай күліп,

Қызық құмар боп өстік қызға ғашық,

Сіздің айтқан хиссаны тыңдай жүріп.

 

Шежіресіз тілінен бал тамызған,

Жеріңіз жоқ, тарихты жорта бұзған.

Өңкей қортық оқушы жүзіңізге,

Қараушы едік түсердей шалқамыздан.

 

Ән де айтатын, Сіздегі күміс көмей,

Жаны жайсаң жансыз-ау, жүріс кедей.

Биікке өрлеп тұрасыз өрімдей боп,

Теріскейде тұратын гүл иіскемей.

 

Беделді оқушы боп бекідік те,

Қол бермей жүруші едік екілікке.

Ұстазым, өзің айтшы өтірік пе?!

Мен Сізді көрген сайын ұқсатамын,

Көп көзге түсе бермес кекілікке.

 

Айырылып қаламын деп ұпайымнан.

Қорықпайсыз ешкімнің құқайынан.

Күміс теңге секілді сыңғырлаған,

Сызылып жүре берші, сыпайы жан.

                                           Дәниал  ӘМЕТОВ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password