ДӘРИЯ ШАЛҚАР, ТАУ МҮСІН

     Қарттарымыз – қазынамыз. Осынау ескіден жеткен есті сөз заман өзгеріп, уақыт арнасын өз ыңғайына қарай бағыттаған бүгінгі таңда да маңызынан айырыла қойған жоқ. Рас, дәл қазір 90 жылдық торқалы тойы ауданымызда дүркіреп жатқан ақиық ақын Мұқағали ағамыз айтпақшы, қариялардың азайып бара жатқаны да жасырын емес. Солай десек те, солардың өкшесін басып, қариялардың қатарын түзей бастаған заманы бір ардақты азаматтарымыздың бар екені көңілге медеу. Лайым, дендері сау болып, жақтары түскенше жамандық көрмесін! Биылғы жыл ел есінде өзіндік ерекшелігімен қалатыны анық. Олай дейтініміз, еліміз өзінің Тәуелсіздігіне 30 жыл толған қуанышты сәтті зор мереймен атап өтетін болады. Бұл мереке Тәңіртау етегін, ата-баба мекені етіп келе жатқан Батыр бабамыз – Райымбектің атындағы аудан тұрғындарына да ортақ. Осынау Тәуелсіздік атты ұлағатты ұғымның баянды болуына кешегі жігіт, бүгінгі ел ағасы, қадірлі қария атанып отырған менің замандастарымның, бар қажыр-қайратын ұрпақ болашағының жарқын болуына жұмсаған ақ пейіл ағаларымның қосқан үлесі зор екенін мақтанышпен айта аламын. Қариялар қашанда елдің берекесі, арқа сүйер ақылшысы болудан жаңылмақ емес. Ел басына небір алапат келгенде де қариялар көпті сабырға шақырғанын, қиналғанға демеу, адасқанға үйірін қайта табуға жөн-жоба көрсеткенін әрбір ұрпақ білуге талпынса , олардың жүріп өткен сүрлеулі соқпақтарын өздеріне үлгі-өнеге ретінде қабылдаса, нұр үстіне нұр болғаны. Бүгінгі тілек те, ниет те осы. Мереке құтты болсын, дария шалқар, тау мүсін ардақты ақсақалдар! Заманның тыныштығы, ұрпақтың амандығы жолында қариялық міндеттеріңізді мінсіз атқарып, ортамызда ғибратты ғұмыр кеше беріңіздер!

Бекболат БІРБАЕВ,

аудандық ақсақалдар

алқасының төрағасы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password