Дәрігер — өмір тірегі
Қолың шипа, дертке дауа сөздерің,
Жылу берер күлімдеген көздерің.
Денсаулығың мықты болсын, дәрігер,
Көп болсыншы ауру жеңген кездерің.
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Бүгінгі таңда Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүміндіктер жасалуда. Медицина қызметкерлерінің мерекесі біздің елімізде – өзін медицина мамандығымен байланыстырып, адам өмірі мен денсаулығын сақтауға үлес қосып жүрген азаматтардың күні. Бүгін ақ халатты абзал жандардың, қыл үстіндегі адам тағдырын арашалаушы, адам өмірінен асқан қымбаттылық жоқ екенін бағалай алатын мамандардың төл мерекесі. Медицина қызметкерлерінің күні – бұрыннан тойланып келеді, оны атап өту Кеңес Одағы тұсында 1980 жылғы 1 қазаннан бастап енгізіліп дәстүрге айналды. Кеңес Одағы құлағаннан соң кейбір елдер бұл мерекені атап өтпейтін болды, кейбірі күнін басқа уақытқа ауыстырды. Тек, Ресей, Қазақстан, Беларус және Украинада бұл мерекені әр жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтіп келеді.
Бұл мереке биыл 15 маусымға келіп тұр. Кәсіби мереке қарсаңында аудандық орталық аурухана ұжымын құттықтап, бас дәрігері Алмас Бекенұлымен әңгімелестік. Ол кісімен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынбақпыз.
- Алмас Бекенұлы, бүгінгі төл мерекелеріңізбен «Хантәңірі» редакциясы ұжымының атынан құттықтаймыз.
- Рахмет!
- Өзіңіз осы ауруханаға басшылық еткелі 4 жыл болды осы жылдар ішіндегі аурухананың әлеуметтік ахуалы қандай болды?
- Ауданымыздағы бұл емдеу мекемесі сонау ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бері аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау саласында қалтқысыз медициналық қызмет көрсетіп келеді. Мен басшылық еткен 4 жыл уақыт ішінде бұл қызметін тоқтатқан емес. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әртүрлі бағдарламалар мен реформалардың нәтижесінде қызметкерлеріміздің еңбекақылары жоғарылап жатыр. «Дипломмен ауылға» Жол картасы бағдарламасы аясында ауданымызға келіп жатқан жас маман дәрігерлер түгелдей дерлік бір реттік көтерме жәрдемақы мен үй сатып алуға берілетін жеңілдетілген несиемен қамтылуда. Медицина қызметкерлері жыл сайын коммуналдық төлемге арналған қосымша ақымен де қамтамасыз етілуде. Маусым айынан бастап қызметкерлеріміздің еңбекақылары тағы да 30 пайызға жоғарылайды деп күтілуде.
- Жеке аудан болғанымызға бір жыл толды, осы бір жылдағы қандай өзгерістер мен ерешеліктерді айта аласыз?
- Жеке аудан болғанымызға бір жыл ғана уақыт болғанына қарамастан ауданымыздың денсаулық саласы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының ауданымызға келген іс-сапары барысында берілген тапсырмалар түгелдей жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Жолан Ыбрайахынұлының ықпалымен күніне 250 тұрғын қабылдауға арналған емхана құрылысына жобалық сметалық құжаттары жасалынуда. Онда заманауи медициналық аппараттар мен құрал жабдықтар орналастырылады. Биылғы жылдың аяғында жаңа ғимарат құрылысы басталады деп күтілуде. Науқастар стационарлық ем қабылдап жүрген қазіргі қоданыстағы ғимараттарымызға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті жобалық сметалық құжаттары да әзірленуде. 2018 – жылы ауруханамызға 120 млн теңгеге медициналық аппараттар бөлінсе, биыл да осындай қаржыға аппараттар алуға келісім шартқа отырдық. Заманауи жедел жәрдем автокөліктері алынады. Жамбыл және Қақпақ ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулатория ғимараттары салынып басталды. Талас және Қаратоған ауылдарына фельдшерлік акушерлік пункт ғимараттарын салуға, Көмірші және Жаңа Текес ауылдарына медициналық пункт ғимараттарын салуға жобалық сметалық құжаттар жасауға қажетті қаражат бөлінді.
- Биыл жастар жылына орай жаңа ауданға жас мамандар көптеп тартылуда, сіздердің мекемелеріңіздің тарапынан жас мамандарға қандай қолдаулар көрсетілуде?
- 2018 – жылы ауданымызға 8 жас маман дәрігер келіп, жұмысқа қабылданса, биылғы жылы бүгінгі күнге дейін 4 дәрігер жұмысқа алынды. Жыл аяғына дейін тағы мамандар келуі тиіс, жоғары оқу орнын бітіруші түлектермен келісім шарттар жасалынды. Жас мамандарға аурухана тарапынан жұмыс орнында заманауи аппараттар мен жұмыс істеуді үйретудеміз. Білімін жетілдіру мақсатында әртүрлі оқу курстары мен семинарларға жіберілуде. Еңбек ақыларына қосымша үстемелеуші ақы мен ынталандыру мақсатында қосымша ақы төленуде.
- Аудандық денсаулық сақтау саласынан халық алдағы уақытта қандай жағымды жаңалықтарды күтеді?
- 2018 жылы «Жартас» қорының көмегімен емханада оңалту кабинеті ашылып, бүгінгі күні «Церебралды салдану» диагнозымен есепте тұратын балалармен жұмыс істелуде. Аудан әкімінің ықпалымен логопед, дефектолог, психолог мамандар ауруханаға келіп жоғарыдағы балалармен жұмыс істеуде. Денсаулығына байланысты мүгедектігі бар науқастарымызды үйден қарау мақсатында дәрігерлерден құрылған топ жұмыс істеуде. Шілде айынан бастап Панфилов ауданынан келетін «Жылжымалы медициналық кешен» аудандағы елді мекендерді аралап, профилактикалық қараулар өткізеді. Жоспарға сәйкес елді мекендерге «Ашық есік» күндері өткізілуде. Алматы аймақтық онкологиялық диспансерден және Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығынан мамандар арнайы шақыртумен келіп, аудандық ауруханада қабылдаулар жүргізді. Мұндай игі істер ары қарай да өз жалғасын табатын болады.
- Денсаулық сақтау саласына өзіндік үлесін қосып жүрген қай орта буынды ақ халатты абзал жандарды атай аласыз?
- Медицина саласында еңбек етіп жүрген қай маманды алсақ та тұрғындардың дансаулығын сақтауда, аурулардың алдын алуда өз үлестерін қосып жүргенін айта аламыз, сондықтан аудандағы емдеу саласында тер төгіп жүрген барлық қызметкерлердің еңбектері зор екендігін айта аламын.
- Әңгімеңізге рақмет! Халықтың алғысына бөлене беріңіздер!
Сұхбаттасқан: Айнаш Әлдибек
0 Пікір