Чернобыль. Кеше. Бүгін. Ертең
Кеудеде кек те, ашу да қайнайды. Көзбен көрмесек те тарихтан білетін адамзаттың алапат жарылысы саналған Чернобыль қасіретін кім-кімде болса күрсініспен ғана қабылдары һақ. Тарихтың тарғыл беттерінде 33 жылдан бергі көңілге көлеңке түсіретін осынау сұрықсыз оқиғаның ойсыраған орнын ештеңе де толтыра алмас. Тек ескі естеліктерді еске алып, болашақтың бағдаршамы саналған жалынды жастардың жадында жаңғыртуды азаматтық ақ адал парызы санайды ардагер ағалар.
«Чернобыль. Кеше. Бүгін. Ертең» атты Сарыжаз ауылында оқушылармен өткен тәрбие сағаты Ұлы Отан соғысы, ауған соғысы, Чернобыль апатының ардагерлерін 1 минуттық үнсіздікпен еске алып басталды.
Чернобыль апатының жаңғырығы жүректерге әлі естіледі. Он мыңдаған боздақтың түбіне жеткен сұрықсыз күндер мен сұраулы айлардан тұратын қайғылы қаралы күннің ыстығы мен суығы әлі басылған жоқ. Жанымызды жауратып, жүрегімізді сыздатары да сол.
1986 жылы 21 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр станциясының төртінші блогы жарылды. Апаттың зардабын жою жолында 100 мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борыштарын атқарды. Қазақстан Республикасы Қарулы күштері әскери-тарихи музейінде Чернобыль апатына арналған көрме ашылған. Чернобыль ардагері, бірнеше кітаптың авторы Марат Жүнісбеков осынау тарихи көрмеге көп еңбегі сіңді.
Келелі кездесудің мәні мен маңызын арттырған тың мағлұматтармен хабардар еткен 10-шы сынып оқушылары кезекті алапат апаттың тарихи деректі бейне материалын ұсынды.
Өлім қатері жоғары аймаққа айналған станцияда жоғары атмосфераға жоғары радиактивті бұлт көтеріліп, ауаны тез арада ластаған еді. Алайда, арпалыс уақыттар шеңберінде 40 сағаттың ішінде қала тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілмеген еді. Сол кезде көптеген тұрғындар родиактивтіліктің жоғары деңгейіне шалдығып, араға айлар мен жылдар салып, қатерлі ісік пен генетикалық ауытқушылыққа ұшырады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агентіктің есебі бойынша апаттан 4000 адамның өмірі қурап қалған.
Барлығы 276 әскери бөлім қатысқан алапат жарылысты залалсыздандыруға Қазақстаннан отыз екі мың әскери күш жұмылдырылған. Оның ішінде ауданымыздан 31 адам алапат жарылыс болған жерде әскери борыштарын өтеген. Сол отыз бір адамнан анықталған 28-і бүгін де бейбіт күннің берекесін көруде.
– Осынау жерге келіп әскери борышымды өтегенше, ауған даласында қолыма қару алып соғысқаным артық еді деген ой келді. Төрт ұрпаққа созылатын алапат жарылыстың кесапат кесірінен бүгінде зардап шегіп жатқан жандар аз емес. 11 ай дегенде әскери борышымызды ластанған Чернобыль даласында өткеріп, ондағы залалсыздандыру жұмыстары тегіс тоқтаған соң бірақ қайттық. Жаныма батып, жүрегім ауырғаннан туған «Чернобыль азасы» атты өлеңім осындай күйзеліс күндерде дүниеге келді, – дейді аудандық Чернобыль ардагерлер Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Берік Сыдықов.
Бір күндері үш күнге баланған Чернобыль ардагерлерінің ондағы өмірі қаншалықты ауыр болғанын, жалпы ауадан тартып, жейтін жеміске, ішетін суға дейін мүлдем жарамсыз екенін айтпаса да аңғарған боларсыздар.
Бүгінгі кездесу кешінде сол Чернобыльде болған азаматтар мен арнайы алыстан келген ардагерлер қадірлі қонақ ретінде төрге шықты. Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, Чернобыль ардагерлер мен мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмаділ Рахимов, Іле ауданының қоғам қайраткері, «Ұлы дала» батыры Нұрхайым Мухиддинов ардагерлер атынан елеп жатқан ауыл тұрғындарына жүрек жарды тілектерін жеткізді.
Кездесу кештің ортасында Чернобыль ардагерлерінің бір қауымына мақтау қағаздары мен Чернобыль апатының 33 жылдығына арналған төс белгілері табысталды. Олардың ішінде: Отанға деген қызметі үшін, Отан алдындағы борышын абыройлы ақтағаны үшін М.Насенов, Б.Қылышбаев, М.Ыбыжанов, Е.Дәулетбаев, Ж.Сербутаев, Ө.Батырбеков, С.Омаров, Б.Садықов, Е.Мадиев, Е.Жұманов сынды ардагер ағаларымыз бар.
Сонымен қатар, мектеп қабырғасына «Ердің ерлігі – ұрпаққа үлгі!» атты Чернобыль апатына қатысқан ардагерлер мен Ауған соғысының ардагерлеріне арнап жасалған естелік тақтасы ілінді.
Мұндай игілікті істер жалғасы Қарасаз бен Көмірші ауылдарында да шаттық тауып, ондағы Чернобыль апатына қатысқан ардагерлер үйлерінің қабырғасына құрмет тақталары тағылды.
Сегіз жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында (бұрынғы Астана қаласы) Чернобыльдегі апатты залалсыздандыруға қатысқан ардагерлерге арналған ескерткіш ашылған. Осынау жақсы бастаманы 21 жылдан кейін еншісін алған аудан орталығы Нарынқолға Чернобыль апатына қатысқан ардагерлерге арналған ескерткіш орнатсақ деген ұрпақтар алдындағы ұлағатты міндеттері барын да жасырмады.
Жуырда сәуір айында Талдықорған қаласында облыс әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов арнайы қабылдап, Чернобыль апатына қатысқан ардагерлердің жай-күйін, ниет-тілектерін тыңдаған болатын. Соңғы анықталған дерек бойынша алапат апатқа қатысқан еліміз бойынша 5000 ардагер бары анықталған. Ендігі жерде, сол жандарға көзі тірісінде үкімет тарапынан қам-қаракет, жақсылық жасауды қолға алу керектігін ерекше ескерген еді.
Кездесу кеш соңында мектеп оқушылары ардагерлерге арнап, Ұлы Жеңістің 74 жылдығына, Чернобыль апатының жабылғанына 33 толуына орай көңілді концерттік номерлерін ұсынды.
Серікжан Мурасилов,
Суретті түсірген Елдос Ахметжан.
Сарыжаз ауылы.
0 Пікір