БЫЛҒАРЫ АЯҚ КИІМІН НАРЫНҚОЛДАН ТАБАСЫҢ
«Ел іші – өнер кеніші»,- деп бекер айтылмаған. Ауыл-ауылды аралай кетсең, жылы жүзді ағайынмен әңгімелессең, он саусағы өнеріне толы жандар туралы естисің. Іздей жүріп табасың. Айналысатын игілікті шаруасын көріп жан-тәніңмен қуанасың. Жақсы дүниесін жазып, күллі әлемге паш етіп, мерейін көтергің келіп кетеді.
Сондай жандардың бірі – Нарынқол ауылында тұратын Орынгүл Баратжан атты қарындасымыз. Қытайдан ата мекенінен оралғанына жылдар жылжып барады. Орынгүл барлық жастағы ерлер мен әйелдердің, балалардың жаздық, күздік, қыстық аяқ киімін жасаудың шынайы шебері. Қытайда алған кәсіби білімі бар екен. Ата жұртымызға оралғалы осы бір үйреніп қалған кәсібін қолына алып, беріле айналысып келе жатқан жайы бар. Тек қана былғарыдан дайындайтын аяқ киімдері сұранысқа ие. Заманауи сапалы дүниелер көздің жауын алып жатады. Шын мәнінде, Орынгүлге қыстық, жаздық аяқ киімдерге сұраныс беріп жасатып алушылар көп. Қаладан, көршілес ауыл, аудандардан тапсырыс беріп жатқандарды көзіміз көрді. Жыл сайын қомақты ақша шығарып сатып алғанша, бес-он жыл киетін аяқ киімге не жетсін! Сондықтан да қарапайым үйінің жанында шағын ғана аяқ киім шығаратын фабрикасы бар Орынгүл үлкен құрметке ие. Өйткені, адамға ең қажетті аяқ киім жасайтын ісмер жанға деген жұрттың ықыласы ерекше.
Райымбек ауданына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев келіп, аудандық мәдениет үйінде халықпен жүздесіп жатқан кезде залда тұрған микрофонға жақындап, Орынгүл де облыс әкіміне жүрекжарды лебізін жеткізді.
— Құрметті Марат Елеусізұлы! Мен ауылда тұратын аяқ киім шебері, кәсіпкер анамын. Осында кәсіпкерлік білім де алдым. Арнайы сертификатым бар. Осыдан бірсыпыра жыл бұрын аяқ киім цехын ашу үшін облыс әкімінің грантын ұтып алғам. Менің – бар арманым Нарынқол ауылында аяқ киім шығаратын шағын фабрика ашу. Жұмысымды кезең келбетіне сай өрістету. Оған қоса сапалы аяқ киімдерін сататын дүкен ашу еді. Кәсібіме баулып жүрген шәкірттерім де жетерлік. Осыған көмек, қолдау көрсетсеңіздер жақсы болар еді,- деді. Осы кезде өңір басшысына Орынгүлдің қолынан шыққан ерлердің туфлилері көрсетіліп жатты. «Нарынқолда сіздей аяқ киім шебері тұратынын дәл қазір естіп, куә болып отырмын. Мүмкіндік болып жатса, аяқ киім жасайтын шеберханаңызды көре кетейін. Сіздің жұмысыңызға қолдау көрсетемін»,-деп облыс әкімі Орынгүлді қуантып кетті. Жай кеткен жоқ. Ауданның басшыларына қолда барда алтынның қадірін білу керек екенін ескерте кеткендей болды. Рас, Орынгүлдің аяқ киім жасауға қажетті тігін машинасы, түрлі қалыптары, желімдейтін дүниелері, аяқ киімдердің барлық деңгейдегі табандары бар. Өзі айтқандай ісін алып кетер шәкірттері де баршылық. Қолбайлау болып жүрген дүние сол, қаражат мәселесі, қолайлы мерзімге, төмен мөлшерде, 2-3 жыл демалысы бар қомақты несиеге қол жеткізсе, бәрі орындалады.
Біз білетін, біз орнымен насихаттап жүрген Орынгүлдей аяқ киім шебері нағыз істің адамы. Табанды еңбекқор. Игілікті ісі үшін тынбай әрекет жасағанды жаны сүйеді. Маңдайынан моншақтата тер төгіп, жасаған ісін көрген сайын шабыттана түседі. Рас, мұндай еңбекқор жан үйінің жанындағы шағын шеберхана айналасында ғана еңбектенгенді қалай бермейді. Шағын фабрика ашуға, аяқ киім дүкенін ашуға мүмкіндігі жетпей жүр. Алматы қаласынан ең шалғай 300 шақырым жерде мемлекеттік шекараның шетіне қоныстанған Нарынқол ауылында осындай фабрика болса артық етпейді. Райымбек, Кеген, ұйғыр аудандарының елі-жұрты алысқа ат терлетпей керекті аяқ киімдерін сол жерден барып алар еді. Былай айтқанда, біздерде мынандай бар, мынандай бар деп келіп «Біз аяқ киімді алыстан іздемейміз. Нарынқолдай ауылымызда теріден ғана жасалатын сапалы аяқ киім шығаратын фабрика бар»,-деп айтқанға, көрсеткенге, игілікке айналдырғанға не жетсін!
Біз білетін Орынгүлдей ісмер жан аяқ киім жасауға қажеттінің бәрін республиканың түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелден шаршамай жүріп, іздеп тауып келеді. Түрлі-түрлі аяқ киімдердің табаны, былғарысы, желімі, өзге де дүниесі болсын ең сапалысы керек. Содан ғана 5-10 жылға киіс беретін аяқ киім жасалады. Өз ісін жанындай сүйетін, сол іс-әрекетінен шынайы ләззат алатын Орынгүлдің қалағаны осы. Сұраныс иелерін қуанышқа кенелткенді ғана ойлайды. Қолынан шыққан аяқ киімдердің игілікке жарап жүргенін көрсе, әр күнге, өмірге деген құлшынысы арта түседі. Өмірге деген іңкәрлігі маздай түседі. Сондықтан, жоғарыда сөз еткеніміздей, ауылда тұратын аяқ киім жасаудың шынайы шеберіне назар аударып, кәсібін дамытуға қолдау көрсетіп, қолынан шыққан бұйымдарының қалың көптің кәдесіне жарауына негіз қалағанымыз абзал. Бұл Райымбек ауданы әкімдігінің, Нарынқол ауылдық әкімдігінің, аудандық жұмыспен қамту орталығының, Алматы облыстық кәсіпкерлік палатасына қарасты Кеген, Райымбек аудандарына қарайтын кәсіпкерлік бөлімінің назарында болатынына сенімдіміз.
Қанат САТЫПАЛДЫ,
Нарынқол ауылы.
0 Пікір