БИЫЛ ҚҰРЫЛҒАН КООПЕРАТИВ жаңа трактор, техникалы болды

      Тәуелсіз Отанымызда ауылшаруашылығын кезең келбетіне сай дамыту – өзекті мәселелердің бірі. Мал шаруашылығын, егін шаруашылығын өркендетуге бағытталған, оны мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге арналған бағдарламалар бойынша жүзеге асырылып келе жатқан істер қыруар. Соған сәйкес өңірлерде түрлі мақсатта өндірістік кооперативтер құруға баса назар аударылып келеді.

   Үстіміздегі жылдан бастап Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылдық округінен «Үш Қақпақ» атты өндірістік кооператив құрылып, жұмыстарын бастап кетті. Картоп өсіру бағытында құрылған бұл кооперативтің жүгін аудан аумағындағы бірнеше ауылдық округте еңбек етіп жатқан шаруа қожалықтары  бірлесе көтеріп отырған жайы бар. Ең қуаныштысы, «Үш Қақпақ» өндірістік кооперативінің құрамындағы шаруа қожалықтары СПК «Жетісу» акционерлік қоғамы арқылы жаңа  тракторларға, ауылшаруашылығына қатысты агрегаттарға бір мезгілде ие болып, үлкен қуанышқа кенелді. Атап айтқанда, кооператив мүшелері жап-жаңа «МТЗ-82,1» маркалы  12 тракторға, 32 ауылшаруашылығына аса қажетті агрегаттарға қол жеткізді. Жалпы көлемі 167 миллион теңге тұратын техникалардың несиесі небары 1,5 пайызбен 10 жылға беріліп отыр.

-Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазіргі таңда әр ауылдағы  сонау Кеңес Одағы тұсындағы шаруашылықтардан келе жатқан трактор, техникалардың бәрі мүлде ескірді. Оның дені жарамсыз күйде, құрап-құрап жүргізгендерінің өзі науқанды жұмыстарға толыққанды пайдалануға келе бермейді. Сол үшін де шалғай ауылдардағы трактор, техникаларды жаңғырту – жан ауыртар, толғақты мәселелердің бірі еді. Міне, мемлекетіміздің қолдауы, қамқорлығының арқасында өте қолайлы мүмкіндікпен жаңа тракторға, агрегаттарға ие болып отырмыз. Бұл біздің қасиетті жермен, нанға негіз болар дәнмен, картоппен белсене айналысуымызға кең жол ашты,-дейді «Үш Қақпақ» өндірістік кооперативінің төрағасы Бақыт Қуан.

   Бәрекелді! Жылдың басынан бері қарай жаңадан кооператив құрып, жаңа трактор, техникалы болып жатқан диқан қауымға іске сәт дейміз. Біз кооперативті бірлесе құрып, жүгін көтерісіп жатқан «Жас Өркен», «Аманжол», «Айбек», «Бақыт»,  «Алғабас», «Думан», «Ұлан» шаруа қожалықтарының жетекшілері Ерсанат Оразаев, Нұрлан Құдиярбеков, Шайзадан Қожабеков, Ғайнам Сыдықақынов, Абайбек Балапанов, Нұрболат Сұраншиев секілді азаматтардың есімдерін орнымен айтамыз. Аталған өндірістік кооператив биылдың өзінде 60 гектардан астам картоп, 400 гектар арпа, 100 гектардан астам көп жылдық шөп дақылын өсіруді қолға алып, жұмыстарын сапалы жүргізді. Картоп өсіру бағытында құрылған кооператив болғандықтан алдағы уақытта берері көп сортты тұқым арқылы картоп алқабының көлемін арттыра түсетін болады.

                                                                         Қанат Біржансал,

                                                                             Қақпақ ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password