БІРЛІК – АҒАШ ШЕБЕРІ
Әр адам бойында өзіне тән ерекшелігі, таланты болады. Оны өзіңді танумен, өзіңді зерттеумен әрі қарай дамытып, аша аласың. Денсаулығына байланысты арнайы мектепте білім алсада өз бойындағы талантын тұншықтырмай, екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше бұйымдар жасап жүрген Жамбыл ауылының тұрғыны Сырлыбекұлы Бірлік бос уақытын ағаштан түрлі бұйымдар жасауға жұмсайды.
1999 жылғы Бірлік «Алматы облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Есік қаласының облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында» білім алады. Технология пәнінен беретін Нұрмұханов Жанайдар Қалтайұлы Бірліктің бойынан шеберлік қасиетін байқап, әрі қарай дамыту үшін көп көмек берген. 4 сыныптан бастап Бірлік ағайы екеуі ағаштан әртүрлі бұйымдар жасап, суреттер салып бастайды. 5-сыныпта Астана қаласына байқауға қатысып, жүлдемен оралады.
Баласының бойындағы талантын байқаған Сүгірбекова Нұргүл анамыз ұлына қажетті аппараттарды алып беріп, жұмысын әрі қарай жалғастыруы үшін барлық жағдайды жасайды. Жұбайынан ерте айырылған Нұргүл анамыз 7 баланы тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып әрқайыссының амандықтарын іштей тілеп жүрген ардақты жан. 7 баланың ішінде тек Бірліктің бойынан осындай талант байқалған. Анасы ұлының әр жасаған бұйымын ерекше бағалап, көзінің қарашығындай сақтап қояды екен. Тек жасап қана қоймай, Бірлік осы жұмысын кәсіп түріне айналдырсам деген ниеті бар. Кішігірім шеберхана ашып, жасаған бұйымдарын дүкендерге қойып және тапсырыс алып әрі қарай жалғастырғысы келеді.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлерін қазір қарастыруда. Оңынан болып жатса, Жамбыл ауылынан Шеберхана ашылып, тұсауын кесіп, сүйінші сұрайтын күн алыс емес.
Бірлікке мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз. Балаларына аналық мейіріммен қатар әке орнына әке болып жүрген Нұргүл анамызға ұзақ ғұмыр тілейміз.
Аяла МЭЛС,
Жамбыл ауылы.
0 Пікір