Бір суреттің тарихы
1972 жылдың 1 қыркүйегінде Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының жанынан ашылған, Қазақстанның Халық әртістері Райымбек Сейтіметов, Сәбит Оразбаев, Рахметбай Телеубаевтар оқытатын, драма актёрларын даярлайтын театр студиясына оқуға қабылдандым. 2 қыркүйек күні таңертең сүйінші сұрап Мұқағали ағаға телефон шалдым. Қуана құттықтаған Мұқағали аға Жазушылар одағына келе бер, мен де қазір солай шыққалы жатырмын деді. Жазушылар одағының қарсы алдындағы саябақта кездестік. Байқаймын, аға өте көңілді, қуанышты көрінді. «Ал, бала, қуанышың құтты болсын! Бүгін өте бір сәтті күн болып тұр. Менің «Аққулар ұйықтағанда» деген кітабым жоспарға ілініпті сол кітаптың бірінші бетіне суретім керек екен. Одаққа суретке түсуге шақырды. Мен суретке түсіп шыққанша күте тұр», -деп жазушылар одағына кіріп кетті. Мен бақта күтіп қала бердім. Жарты сағаттан аса бере жанында ақын Әбдірахман Асылбеков және бір жас жігіт бар Мұқағали аға мен күтіп отырған жерге келді.
Сол маңда фотоаппаратын арқалап бір орыс жүр екен. Мен, аға, бүгін суретке түсетін күн екен. Мен анау фотографты шақырып келе қояйын деп едім, аға да келісе кетті.
Төртеуіміз сол маңдағы скамейкаға отырып суретке түстік. Сол сурет осы. Сол жақтан бірінші ақын Әбдірахман Асылбеков, екінші Мұқағали аға, үшінші мен Бақытжан Атагелдиев, төртінші адамды танымаймын. Мен фотографпен есептесіп квитанциясын алдым. Бұл күн 1972 жылдың екінші қыркүйегі еді.
Үш күннен соң барып бес дана суретті алдым. Сол сурет балалығым ба, шалалығым ба не Әбдірахманға, не Мұқағали ағаға берілмей менде қала берді.
1986 жылы Нарынқол халық театрына режиссер болып тағайындалып, Қайнар ауылына көшіп келгенмін. 1987 жылы үйге Жұмаш Өтеев бауырым келді. «Қарасазда Мұқағали ағаға музей ашу ісімен айналысып жатыр едім, сен біраз уақыт араластың ғой, бірге түскен суреттерің болса алайын деп келдім» -деді. Сол күні Жұмаш бауырыма екі сурет бердім. Сөйтіп, бұл сурет Мұқағали ағаның музейінен орын тепті. Төрт телефильмге пайдаланылды. Тоқсаныншы жылдардың аяғына таман осы суретті көбейтіп әрі үлкейтіп берерсің деп белгілі журналист, бұл күнде «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлының қолына тапсырдым.
Дүйсен бұл суретті «Парасат», «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ұлан», «Мұқағали» журналына шығарды. Мұқағали журналының бас редакторы Батық бауырым шығарған Мұқағали жайлы үш томдық кітапқа кірді. Біреулер төртінші адамды Батық Мәжитұлына ұқсатып жүрген көрінеді. Ол Батық емес. Міне бұл суреттің тарихы осы.
Бақытжан Атагелдиев,
Қазақ радиосы, «Шалқар» радиоларының ардагер дикторы,
Нарынқол Халық театрының ардагер актёры, режиссеры.
0 Пікір